Тұтынушыны шатастырып, алдаудың амалы

Әлем халқын әбігерге салған пандемия кезінде халықтың әл-ауқаты біршама төмендегені рас. Себебі, карантиндік шараларға байланысты көптеген адамдардың, әсіресе, саудагерлердің жұмысы тұралап қалды. «Денсаулық – басты байлық» дегенді көп адам жіті ұғынғандай. Ақшаны да үнемдеуді үйрендік. Бірақ, бәрі де жоспарлағаныңдай бола қоя ма?!.

Қазіргі ақшада құн жоқ па, кім білсін, әйтеуір, айлығың шайлығыңнан қалмайтыны бар. Күйбең тірліктің жетегінде жүріп, тапқан-таянғаныңды отбасындағы бала-шағаңа жеткізудің өзі оңай оспақ шаруа емес.
Әуелі көргенімді айтайын. Орталық базарға жақын орналасқан дүкендердің бірінен өзіміздің облыс орталығы Көкшетау қаласындағы «Crumble» серіктестігінің өнімі саналатын екі келілік жоғары сұрыпты «Грант» ұнын сатып алдым. Үйге келгесін ашып, нан илемек болған сәтте ұнның жоғары сұрып еместігін бірден байқадым. Анықтап қарасам, «жоғары сұрып» деп жазылған жеріне сол жазуды өздері теріп, ақ қағазды желімдеп қойған. Ақырын ашып көрсем, «бірінші сорт ұн» деген жазу желімге жабысып қосарлана шықты.
Бұл, бұл ма! Енді бұл ұн қай серіктестіктің өнімі екен деген сұрақ туындады. Қағаз қораптың сыртында тағы бір әлгінде жоғарыда айтып өткенімдей, жазу желімделіп жабыстырылып тұр екен. Онда былай деп жазылған: «ТОО «Crumble» Қазақстан Республиқасы Ақмола облысы Кокшетау қаласы Боровской ықшам аудан 76/1 тел 8(7162) 33-00-22 ». Қаптырмада жазылған жазуды сол күйінде әріп қатесімен бірге жазуды жөн санадым. Қазақстан Республикасы дейтін қастерлі екі-ақ ауыз сөзді қатесіз жазуға болмайтын ба еді! Ұн сыртында жабыстырылып тұрған сол жазуды ақырын сылып ашып қарасам, бұл ұн Көкшетауда емес, Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданында жасалған екен. Міне, жаңалық!
Енді естігенімді айтайын. Ауыз толтырып айтар ақпарат болмаса да айту шарт. Біз қағаз сыртында берілген телефон нөміріне хабарласып, мәселенің мән-жайын білмек болдық. Серіктестіктегі сату бөлімінің меңгерушісі өзін таяуда ғана бұл қызметке тағайындалғанын айтып, ақталды. Бірақ, мұндай мәселенің барын жоққа шығармайды өзі. Мәселенің анық-қанығын біліп кейін хабарласамын деген. Содан хабар жоқ. Не деп ақталады? Онсыз да көңілі жүдеу, қалтасы жұқа қара халықты осылай алдау дұрыс па?! Тиыннан теңге құралады дейтін үлкендер. Қыңқ етсе, кәсіпкерлер құқығымыз шектелді деп шығады. Ал, қарапайым халықтың құқығын кім қорғайды? Азын-аулақ тиын-тебен демеңіз, тамшы судың да сұрауы бар…
Өзгесін былай қойғанда астықты өлкеде ұн тапшы болмауы тиіс.

Ұлмекен ШАМЕНОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар