Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сауатсыз жарнамаға жол жоқ! - АРҚА АЖАРЫ

Сауатсыз жарнамаға жол жоқ!

Көшелердегі көздің жауын алатын жарнамалардың қазақшасына зер салсаңыз, көбі қатемен жазылған. Тіл мамандары мұндайда қауқарсыз. Олар кәсіпкерлерге тек ескерту жасай алады. Сең қашан қозғалады деуші едік. Ендігі орайда, сең қозғалды, сенім нығайды дейміз қуанып.

Тілдерді дамыту бөлімінің мамандары қазақ тілінде жазылатын жарнамалардың сауатты болуы үшін өздері көше көшені аралап, арнайы мониторинг жасайды. Орасан жұмыстар атқарылса да, нәтиже көрер көзге көрінбейтін. Себебі, тіл жанашырлары аз. Ал, кәсіпкерлер көп. Қалталыларға дөңгелетіп отырған саудасы жүрсе болғаны. Іліп қойған жарнама қағазын ауыстыруға да (сауатсыз жазылғанына қарамастан) құлықсыз болады. Себебі, ол үшін ақша төлеп қойған. Қоғам қайраткерлері, тіл мамандары, журналистер бұл мәселені талай көтергенімен еш нәтиже болған жоқ. Себебі, қазақшаны қате жазғанға жаза жоқ. Жоғарыда сең қозғалды, сенім нығайды дегенімізге таяуда «Адырна» ұлттық порталында жарық көрген Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалидің жазбасы нақты мысал бола алады. Онда былай делінген:
«Бүгін Мәжілісте бірінші оқылымда көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қабылданды. Заң жобасын дайындау тобының жетекшісі ретінде оның жұмысы туралы қысқаша хабардар етуге рұқсат етіңіздер. Жұмыс тобының 4 отырысы өтті. Онда қазақ тілінде сауатты жазуды талап етіп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтетін 40-тан астам түзету ұсындық. Өкінішке қарай, әлі де көшелердегі қазақ тілінде қате жазылған ақпараттан құтыла алмай келеміз. Сондықтан, заң жобасында қоғамдағы көтеріліп жүрген сыртқы жарнамалар мен маңдайшалардағы, басқа да көрнекі ақпараттардағы қазақ тілінің сауатты жазылуы және мәтіндердің түпнұсқалы аудармасы бойынша қосымша талаптарды белгілеу көзделген. Бұл кәсіпкерлердің және әрбір азаматтың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді деп санаймыз. Жұмыс жалғасып жатыр»,– деп жазды Б.Әбдіғали.
Арнайы заң күшіне енетін болса, алдағы уақытта мемлекеттік тілдің мәртебесі биіктей түсері анық. Біз осы мәселеге байланысты қала тұрғындарының да пікірін білмекке бірнеше адамдарды сөзге тартып көрдік. Солардың бірі көп балалы ана Ризагүл Сағынайқызы.
Негізгі мамандығым мұғалім. Бала күтіміне байланысты демалысқа шықпас бұрын, қала мектептерінің бірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген болатынмын. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген бар ғой. Оқушы балалардың қатесін түзеп үйреніп қалдық қой, өз балаларыммен көшеде серуендеп жүрген кезде де, дүкенге бара қалсам да, көзім бірден жарнамаларға түседі. Кейбір маңдайшалардағы қазақша жазуды көріп, қаның қайнайды. Отыз жылда қазақша үйренетіндей болдық қой. Қазақша жазылған жарнамалардың басым көпшілігінде міндетті түрде не әріп қатесі жүреді, не сөздің мағынасы бұрмаланған. Жаңа заң шықты дегенді естігенде алаулаған қуанышымды несіне жасырайын? Заң күшіне енсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді мұғалім.
Ризагүл Сағынайқызы дұрыс айтады. Адамды орта тәрбиелейтіні сөзсіз. Көше толы сауатсыз жарнама болса, өскелең ұрпаққа мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы айтудың өзі қисынсыз. Көз үйреніп кеткен жағдайға көндігіп кету оп-оңай. Біздегі жалғыз тілек мемлекеттік тілдің мәртебесі аласармасын! Жүйелі жұмыс оң нәтиже берері анық. Ең бастысы алдағы уақытта сауатсыз жарнамаға жол жоқ дей аламыз нық сеніммен!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар