Алтынды туын жырдың желбіретіп…
Мәдениеттің даму тарихында өз болмыс-бітімінде ғажайып көркемдік құбылыстарды еншілеген талай тарланбоз саңлақтар болған. Қазақ мәдениетінің көгінде Абай мен есімін қатар атайтын сондай саңлақтарымыздың бірі ақиық ақын – Жамбыл (1846-1945). Жамбыл жайында көп айтылды, көп жазылды. Арнайы зерттеу еңбектер де бар. Алайда, жетпіс жыл бойы тоталитарлық жүйенің темір шеңгелінде тұншыққан ой-пікіріміз айтуға келгенде қол-аяғын жаза алмай жер бауырлай беретін. Қоғамның талай шындығы айтылмай, ол бүркемеленіп, боямалап көрсетілді.
Міне, осы атаған жайттар Ж.Жабаев творчествосын бағалап, пайымдауға өз салқыны тигізді. Біздің білетініміз қандай қоғамдық шындықты жырласа да Жамбыл терең сезіммен, шынайы жүрек үнімен жырлады.
Ақын поэзиясында жалтақтық, жасқаншақтық болған емес, Ақын шығармашылығында өмір құбылыстарын жырлауда шынайылық сипаттары терең өріс алып, тамыр жайған. Ол сол кездегі қоғамдық шындықты пәрменді де күшті идеологиялық құралдың түсіндіруімен түйсінді, шынында да Кремль идеологторының халықтың қоғамдық ой-санасын манипуляциалауға деген шеберлігі қайран қалдырарлық еді. Қоғамдық ой-санамыздағы осы жарықшақтың дертін біз әлі де сезінудеміз. Жамбыл Ленинді де, Сталинді де, партияны асқақ үнмен жырлады. Солай бола тұрса да, ұлы ақын оларды терең сеніммен, жүрек отымен жырлады. Оның жырларында Отанға, халыққа, елге деген терең сүйіспеншілік сезімі байқалып тұратын. Ол көсемдерді халықты, елді жарқын болашаққа, жақсы қоғамға жол бастаушылар деп қатты сенген болатын.
Осындай терең сенім, шынайы сүйіспеншілік, тек Жамбыл ақынның ғана емес, халықтың, қала берді, бүкіл қоғамның ауыр трагедиясы болатын. Тарихтың осындай ащы сабағына алданған ұрпақ, біздер, бүгінгі таңда оны санат салмағына салып, пайымдаудамыз. Міне, осы тұрғыдан келгенде Жамбыл творчествосын терең бағалап, пайымдауда бір жақты сипатқа ұрынбай, оның творчествосын, дәуірлік сипаттарды уақыт пен кеңістік шеңберінде қарастыра отырып, терең ғылыми-объективті көзқараспен талдап-таразылау ләзім. Қазіргі тандағы егемендік алып отырған жағдайымызда, бүгінгі қоғамдық шындық пен уақытты ескере отырып, біз ақын мұраларының шынайы көркемдік сипатын, ұлылық қасиет ерекшеліктерін, тарихи маңызын ашуымыз керек. Жамбылдың ақындық болмысы, шығармашылық күш-қуаты жайында небір дүлдүл замандастары аса жоғары баға берген. Қазақтың көрнекті жазушылары, қоғам қайраткерлері де өздерінің Жамбылға байланысты ойларын айқын түйіндейді. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру – біздің әрқайсысымыздың парызымыз», – деп Сәкен Сейфуллин жазса, Ілияс Жансүгіров: «Жамбыл жырлары Бұғы-Мүйіз, Бес Мойнақ тауларының гүліндей алуан түрлі, хош иіс күншілік жерден аңқып тұрады. Ақын жырын тыңдаған сайын көк жайлауға шыққандай әсер аласың», – дейді. «Алатаудың асқақ жыршысы Жамбыл шығармаларының күштілігі – ұлы Лениннің ірілігін, советтік заманның шындығын тебіріне, терең жырлауында. Сондықтан да, Жамбыл өз замандастарының қай-қайсысынын да биік тұрады. Ол Алатаудың биік шыңы сықылды, әрқашан да алыстан жарқырап көрінеді», – дегенді Ораз Жандосов айтты. Ал, Тұрар Рысқұлов: «Жамбыл қай заманда болса да шындықты батыл айта білді. Сол үшін халқы оны жақсы көрді»,–дейді.
Жамбыл поэзиясының зор сипаты жайында кезінде Одақ, шетел қайраткерлері, әйгілі жазушылар М.Бажан, Я.Купала, А.Адалис, В.Инбер, В.Луговской, А.Толстой, Д.Бедный, Роман Ролланның аса жоғары бағалары бар. Бұлар Жамбылдың ақындық өнерін мойындау ғана емес, оған берілген айрықша зор баға.
Жамбыл творчествосының 75 жылдық мерекесіне орай, оған жазған хатында заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Кәрілікке не дер екен? Тоқсанға келе тоқырар ма екен, қайтер екен дегенде, дәл осы тоқсанның өзінің тоқсан жотасына шығып ап, белінен баса тұрып, әлемге атың шыға жай тасындай жарқырадың. Тоқсанда доптап атылған қарт, асыл аға, сенің жырың – біздің ұлы заманымыздың, совет дәуірінің терең мағыналы ең асыл ескерткіштердің бірі» деп жазды кезінде. Біз де ұлы Жамбылды «Ұлы ұстаз», «Ақындар атасы», «Жиырмасыншы ғасырдың гомері», «Бұлбұл ақын» деген теңеулерді көп айттық. Жамбыл көзі тірісінде Одақта дағыстандық лезгин ашугы Сүлеймен Стальскиймен қатар, «Жиырмасыншы ғасырдың Гомері» атанған ақын. Бұл турасында үлкен жазушымыз Ғабит Мүсірепов былай деп жазды: «Ұлы Абайдың құрдасы, көзі тірісінде Гомер атанған алып атамыз Жамбыл дүниеге екі рет туып келген адам: тоғыз ай тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан тағы бір туды. Қазақтың Гомерін туғызу үшін заман тоқсан жыл толғатты. Бірінші туғанында ана бесігінде өсті, екінші туғанында Отан бесігінде өсті. Гомер анадан туды ма, ойдан туды ма, ол әлі таласта. Қазақ Гомерінің туған елі – Ұлы жүз екен. Тоқсан мен жүздің арасындағы 10 жыл да ұлы Жамбыл Гомер атанды. Ақын Жамбылдың екі рет туғаны да, түрлі заманда жасағаны да, өмірінің ең соңғы жылында бүкіл дүние таныған атақ алауы да – феномен, сирек кездесетін, себебі, осы күнге дейін ғылым таба алмай қойған сыр». Шынында да Жамбыл өнеріне байланысты түйіні ашылмаған құбылыстар молақ. Жамбыл туғанда, Жуковский де, Гоголь де тірі еді. Ол Шевченко мен Некрасовтың, Тургенев пен Герценнің, Достоевский мен Толстойдың замандасы болды. Абаймен де құрдас еді. Сол кезде дүниеге келіп, ұзақ әрі байтақ ақындық ғұмыр кешіп, кеңес дәуірінде биік шыңға шыққан Жамбыл – әдебиет тарихындағы ғажайып құбылыстардың бірі.
Жыраулардың байтақ этикалық дәстүрін, қазақ фольклорындағы импровизаторлық дәстүрді бүтіндей жаңа арнаға бұрып, жаңа мазмұндағы халық поэзиясына әсем ұштастырған Жамбылдың озық өнегесін, өнерін, жаңашылдық сырларын әлі де аша түсуіміз керек. Нәрсіз, ылғалсыз тақыр жерге шөп шықпайтыны белгілі. Өнердің де өзінің өсіп-өнер топырағы, ылғалы мен нәрі болады. Жамбылдың да туып-өскен ортасында өнердің өсіп-өнген миуалы дарағы мен көкке бой көтерген бәйтеректері болғандығын көреміз. Жамбыл ақындығының түп тамыры халқының бай ауыз әдебиетінде, оның ғажайып жырлары мен ақындық-жыраулық мектебінің тәлім-тәрбиесінде.
Жамбылдың балалық, бозбалалық, жастық, қарттық шақтары ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың орта шенінде өтті. Міне, осы кезеңдегі барлық қоғамдық шындықтар мен дәуірлік сипаттар ақын-жырлары арқылы көрініс тапқан.
Болашақ ақын 1846 жылдың ақпан айында, жылқы жылы Шу өзенінің төменгі ағысына таяу, Жамбыл деген таудың етегінде көшіп қонып жүрген Жабайдың отбасында дүниеге келді. Бұл жайында өзі кейін былай дейді: «Шу өзенінің алқабында Хан және Жамбыл деген екі тау бар, менің әкем Жабай осы тауларда көшіп жүреді екен. Сол Жамбыл тауының алабында туыппын. Сондықтан да, маған сол таудың атын қойыпты».
Ел аузында «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деген сөз бар. Атақты Сүйінбай да сол рудан.
Бұл Жамбылдың өскен ортасында ақын, жырау, өлеңші, жыршылардың мол болғандығын аңғартса керек. «Өлең кірген түсіне, жөргегінде мен болам» деп өзі айтқандай, ол жасынан-ақ ақындыққа әуес болады. Жаста ойнап жүрдім бала болып, өлеңге бөлдім көңіл алаң болып» немесе «Ақын болдым он үште, алатын құстай тарандым» деген өлең жолдары да осыны дәлелдесе керек.
Қандай да болмасын жас таланттың еліктеу кезеңдері, болатыны белгілі. Жас Жамбылдың да өзіне ұстаз тұтқан ақыны Сүйінбай Аронұлы. Жас ақын Сүйінбайды ел арасына кең тараған өлеңдері арқылы білді. Жазушы Мұхтар Әуезов «Сүйінбай Жетісу ақындарының алтын діңгегі болды» деп жоғары бағалаған.
Сүйінбай айтыстарында, өлең-жырларында озбырлықты, әділетсіздікті өткір шенеген турашыл ақын болды. Жамбылдың менің пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деуінің мәнісі осында. Ол одан Өтеген, Сұраншы, Саурық батырлар туралы дастандарды үйренді және оның көптеген жыр-толғаулары мен айтыстарын жаттап айтып жүрді.
Ел аралап, ас-тойға қатысып, өлең-жыр айтуды кәсіп еткен ақынның қайда барып, кіммен кездескенін ел аузынан сақталған шығармаларынан білуге болады. Ақын, өнерпаздар жүрген-тұрған жерінде өз басынан кешкен елеулі оқиғалар туралы үндемей кетуі мүмкін емес. Сондықтан, Жамбылдың да творчестволық өмірбаяны, ақындық ортасы, географиясы оның жыр-толғауларынан, арнау өлеңдерінен, айтыстарынан айқын аңғарылады.
Жамбыл поэзиясында әлеуметтік сарын басым. Бұл тұрғыда ол Абаймен үндес, сарындас. Абай да сол өзі өмір сүрген ХIХ-шы ғасырдың екінші жартысындағы әлеуметтік тұрмысты, қоғамдық шындықты реалистік қуатпен, сатиралық әдіс-тәсілмен, аяусыз әшкерелеп шенеген. Жамбыл да бай демей, мықты демей, ұнатпаған адамының мінін өлеңмен айтатын болған. Халықтың кемтар күйіне жаны ашып, өлеңдер шығаратын болған. Ол болыстардың шарға таласушылық, мансап құмарлық мінез машықтарын бес саусағындай білген. Олармен Жамбыл еш уақытта ымыраға келмеген, жұлдызы қарсы болып өткен.
Мысалы, «Мәмбетке», «Сәт сайланарда», «Шалтабайға», «Кәкімге», «Мәнкеге», «Қисыбайға», «Кетіпті ғой бас ауырып», тағы да басқа өлеңдерінде Жамбыл болыстардың айла-амалдарын, қанаушылық пиғылдарын турашылдықпен, сатиралық әдіспен әшкерлеген. Төңкеріс қарсаңында жетпіске келген ақынның 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты шығарған «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» атты өлеңдері Жамбылдың шын мағынасында халық ақыны, халық жыршысы болып жетілгендігіне кепіл бола алады.
Көтеріліске дем берушілердің қатарында Жамбыл да абақтыға түскен. Қысқасы, Жамбылдың төңкеріске жеткен өлеңдері оның творчестволық жолы туралы дерек береді. Бұл шығармаларынан біз ақынның әлеуметтік, азаматтық поэзиясының берік, ақындық тұғырының қуатты екенін сезінеміз. Ақындық өнерді шыңдай, ұштай түсетін ең мықты мектеп айтыс өнері екені баршаға аян. Халықтың дәстүрлі ақындық шеберлік мектебінен басқа ақындар сияқты Жамбыл да өтеді. Ол қайым айтысқа ерте араласқан. Жас ақынның алғашқы ауызға ілініп, көпшіліктің назарын аударған бірінші айтысы оның Сайқал қызбен айтысы. Жамбыл ақын қыздың атын естіп, онымен кездесу үшін әдейі іздеп барған. Өз еліне келіп, өзімен кездесуге ізденіп жүргенін біліп, қыз да айтысқа әзірленеді. Ақыры бір жиын-тойда екеуі кездесіп, ұзақ айтысады. Айтыстың аяғында қысылған қыз бір тұрпайы сөзге барады да, оған Жамбылдың қайтарған жауабы ұтымды, өткір шығып, қыз жеңіледі.
Осы айтыстан кейін Жамбыл ойын-тойда, көпшілік жиналған жерде тартынбай айтысқа түсе береді. Жамбылдың бұдан кейінгі Айкүміспен, Бәлекбайдың қызымен айтысы да қызықты. Әсіресе, Айкүміспен айтысында әзіл-қалжың, жастық ишарамен қатар әлеуметтік сипаттардың ізі бар. Жамбыл – жастар бақытын, қыздардың бас бостандығын армандаушы ақын. Бірақ, арманшыл ақынның қолынан келері шамалы. Сондықтан да, ол өз бақытына өзі ие бола алмай қалды. Оны Айкүміс дәл тапты, кінәлай сөйлеп, оның ең алғаш сүйген, бірақ, қосыла алмай арманда кеткен Бұрымды есіне салды. Жамбылдың Бақтыбай ақынмен айтысы, Сарбас ақынмен табысуы, Майкөтпен дидарласуы, Жамбылдың Бөлтірікке айтқаны деп аталып, Жамбыл айтыстарына қосылып жүрген және осы сияқты ел аузында сақталған «Жамбыл айтысынан еді» делінетін жеңіл айтыстар көп-ақ. Солардың көбісін сол айтылған сәтінде Жамбылдың қатар-құрбылары қағып алып, үйреніп, жұртқа таратып жіберген. Біразы ұмытылып қалған. Жамбыл айтысқа көп қатысқан. Бірақ, өкінішке орай, сол Жамбыл айтысы дейтін мол қазынаның бәрі бірдей бізге жеткен жоқ.
Біздің қолымызда бары әр кезде әрбір зерттеушілер айтып, зерттеп жүрген он шақты айтысы ғана. М.Әуезов Жамбылды айтыс өнерінің жүйрігі болып, аты шыққан белгілі ақындардың қатарына қосқаны белгілі. Сонымен қатар, «Қоғамдық халықтық бағасы зор, таптық мүддесі айқын және тарихтық орны ерекше болып шыққан, қазақ фольклорындағы ірі айтыс – Жамбылдың айтыстары» деп өте жоғары бағалағаны есімізде. Әрине, Жамбыл айтыстарын сонша жоғары бағалауда Әуезовтің алдымен еске алатыны – ақынның үлкен сүре айтыстары.
Ол – Құлмамбет, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай ақындармен айтысы. Жамбылды айтыстың асқан шебері ретінде танытатындар да осылар. Соның ішінде ерекше тоқталуға болатыны халық арасында «Құлан-Аян Құлмамбет» аталған албан елінің әйгілі ақыны Құлмамбетпен айтысы. Бұл айтыс әлеуметтік мазмұны жағынан ең мағыналы, өткір айтыс болды. Өйткені, екі ақын дәстүрлі ру шеңберінен шығып, әлеуметтік проблемаларды да көтерген. Жамбыл Құлмамбетпен 1881 жылы 35 жасында айтысқа түскен. Бұл көлемді және ең күшті айтыс болды. Жамбылдың атағын шығарған да осы айтыс.
Жамбылдың дастандарына келетін болсақ, төңкерістен бұрын шығарған эпостық шығармаларынан бізге екі үлкен дастан жетті. Ол «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» дастандары. Бұлардан басқа Жамбыл «Саурық батыр» дейтін де дастан шығарған екен. Бірақ, онысы ұмытылған. Сақталған екі дастаны танқаларлықтай біртұтас, бүтін өзекті дүние болып шыққан. Ауызекі өнерпаздықтың үлгісі үшін ілуде бір кездесетін сом туындылар. Кеңес тұсында Жамбыл бұл туындыларына қайта оралып, көп толықтырған, жетілдірген. Сондықтан да болар, екеуі де үлкен серпінмен, шеберлікпен жасалған. Халықтың жарқын болашақ, шұрайлы жер, бақытты, жаңа өмір туралы көкейкесті армандарын зор шабытпен жырлаған.
Жамбылдың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы сіңірген еңбегі орасан зор. Оның соғыс тақырыбына жазған өлеңдері бүкіл халық жүрегінің тынысы, ақсақалды дана атаның сөзі ретінде естіледі. Ақынның майданға жолдаған хаттарының арасында Москва, Сталиниград, Воронеж қаһармандарына, совет гвардияшыларына, шын мәнінде бүкіл халықтық ұранға айналған «Ленинградтық өрендерім!» деген өлеңі ерекше орын алады. Жауынгер жазушы В.Вишневский осы өлең туралы шабыттана былай дейді: «Ленинградтың ең ауыр күндерінде, 41-ші жылғы күзде қадірменді Жамбыл бізге, қаланы қорғаушыларға, арнап: «Ленинградтық өрендерім!» деп шабытты үндеу айтты. Біз бұл хатты көзімізге жас алмай, қуанышты толғаныс сезімінсіз оқи алмадық. Біз хаттың күшті, қосымша резервтей бағалы екенін сездік».
Сол бір Отан соғысының отты жылдарында Жамбыл мұрасы қаһармандық сипатқа ие болды. Түйдек-түйдек сомдалған жырлар фашист басқыншыларына соққы болып тиді. Жамбылдың сүйікті ұлы майдан даласында батырлықпен қаза таптты. Осы ауыр қазаға арналған жоқтау өлеңінде Жамбыл қасиетті Отанның ұлылығын жарқырата көрсетті, жеңіске шақырды:
Темір өзек пенде жоқ,
Өлмек адам елде жоқ.
Орынсыз деп өлімі,
Ондай ойлау менде жоқ.
Соғыста Жамбыл өлеңдері қарулы құралға айналды. «Жамбыл Ленинградқа келді, – деді Тихонов, –және оны қорғаушылардың сапында болды. «Біз Жамбыл кітабын ашқан уақытта, – дейді Константин Симонов, –біріншіден, одан тамаша қарапайымдылық пен образ дәлдігін аңғарамыз. Жамбыл поэзиясында көрінген ассоциация үнемі анық, қысқа және қырланып өткірленген»…
Өзінің досы Сүлейман Стальский Жамбылға арнаған өлеңінде Пушкиннің «Ескерткішіне» үндесіп келетін шындықты былайша білдірген:
Өлгенің жоқ, сен тірі,
Сені сүйген ел тірі,
Жырдан қырға бақша еккен,
Жыршыға бесік тербеткен,
Алатауда сен тірі.
Бауырым, бізге өлім жоқ,
Өлім бізден арылған…
Қорыта келгенде, ауызша импровизаторлық дәстүрді жаңа әдебиеттің үлгісімен, жаңа дәуір, жаңа жағдайға әсем әрі шебер үндестіре білген ұлы Жамбылдың ақындық тұлғасы мен болмысы Алатаудың ақ бас шыңдарындай биік болып, ұрпақтарының жадында, әдебиетіміздің тарихында мәңгілік сақталмақшы.
Сәбит Жәмбек,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің
профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.