Сауда нысандарын орналастыруда белгілі бір тәртіп болуы тиіс

Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасында тұрақсыз сауда нысандарын орналастыру үшін жер учаскелерін ұсыну алгоритімі талқыланды.

Облыста кәсіпкерлікті дамыту проблемалары баршылық. Оның үстіне мұндай сауда нысандарын орналастыруды ұйымдастыру өзекті мәселе болып отыр. Ішкі сауда ережесіне сәйкес, тұрақсыз сауда нысандарын орналастыруға орын бөлу кәсіпкерлік субъектілердің өтініші бойынша жүргізіліп, оны жергілікті атқарушы органдар конкурстық негізде өткізеді. Конкурс ережесі, өтініш қабылдау, бөлінетін орын саны, орналасқан жері, бағыты, бөлінетін алаң, орналастыру мезгілі жергілікті атқарушы органның ресми сайтында конкурс өткізгенге дейінгі 30 күн ішінде жарияланады.
Кәсіпкерлік қызметті дамытуға байланысты жергілікті атқарушы органның өкілдігі бүгінгі күнгі қолданыстағы нормативтері, яғни, «Қазақстан Республикасы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына орай іске асырылады. Заңның 31-бабына сәйкес, тұрақсыз сауда нысандарын орналастыруды жергілікті атқарушы органдар бекітеді.
«Сауда қызметін реттеу туралы» заңның 10-бабында тауарлар сатуға арналған автоматтандырылған қондырғы, арнайы белгілі орынға орналасқан жылжымалы сауда орны, сауда қондырғысымен жабдықталған арнайы мамандандырылған автокөлік, арнайы белгілі орында орналасқан, сауда қоры үшін алаңы бар бір немесе бірқатар сауда орны үшін сауда қондырғыларымен жабдықталған тез құрастырылатын палатка, бір немесе бірнеше сауда орындарына есептелген азық-түлік тауарларын сақтау үшін сауда залы жоқ сауда қондырғысымен жабдықталған күрделі емес жылжымалы киоск тәрізді тұрақсыз нысандардың түрлері анықталады.
Бұдан бұрын облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыс жөнінде келісім-шартқа қол жеткізгенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, бұл тармақ кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді шешу туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқын қорғау жөніндегі уәкілінің және Ақмола облысы әкімінің бірлесе жұмыс істеуі аясында Жол картасымен келісілген. Жуырда қала әкімі тиісті бұйрық шығарғанын атап өткен жөн. Көкшетау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Андрей Подгурскийдің айтуынша, облыс орталығында тұрақсыз сауда орнын орналастыру бағыты бекітіліпті.
Аудандардағы кәсіпкерлік бөлімдері бұл бағытта одан әрі жұмыс істеуге асығар емес. Облыстың бірде-бір ауданында бүгінгі күні тұрақсыз сауда орнын орналастыру орны анықталмаған. Бұл кәсіпкерлерлер құқын бұзатын жергілікті өкілетті органдар жұмысының әлсіздігінен хабар береді. Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені шешудің қосалқы түрін, яғни, айтылған ұсыныстар мен ескертулерді есепке алып, Ақмола облысының аумағындағы тұрақсыз сауда нысандарын орналастыру орнын бекіту жөнінде құқықтық акті жобасын жасауды ұсынады.
–Тұрақсыз сауда үшін орын бекіту жер участогының құқын алуға заңды қосалқы механизм болып отыр. Кәсіпкерлер алдын ала бекітілген сауда нүктелерінің аясында сауда жүргізуге жедел рұқсат алу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Сауда жұмысының субъектілеріне тұрақсыз сауда нысандары арқылы бөлінген арнайы орындарда тауарлар сату, қызмет көрсету мүмкіндігін ұсыну қажет. Бұл отандық тауарларды, ішкі рынок жұмысы мен қызметін жылжытуға, кәсіпкерлердің уақытша және қаржы шығынын азайтуға ықпал етеді,–дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар