Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қашықтықтан оқыту біртіндеп азайтылып келеді - АРҚА АЖАРЫ

Қашықтықтан оқыту біртіндеп азайтылып келеді

Облыста қашықтықтан білім алып жатқан мектеп оқушыларының оқу сапасының көрсеткіштері біршама өсіп отыр. Бұл білім жүйесін бағалау тұрғысында үлкен күдік туғызуда. Қазіргі уақытта облыстық білім басқармасының жанындағы оқу-әдістемелік кабинеттерінің әдіскерлері бұл бағытта тиісті тексеру, талдау жұмыстарын жүргізуде. Осы жайында облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте мәлімдеді.

Бейбіт Жүсіповтың қатысуымен өткен брифингте карантиндік талаптарға байланысты мектептердің оқыту форматы, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық және кәсіптік білім беру саласындағы «Жас маман» бағдарламасы туралы айтылды.
1 наурыздан бастап еліміздегі 1 мен 5 сынып аралығындағы оқушылар сабақты аралас форматта оқуда. Бұған республикамыздың бас санитарлық дәрігерінің ағымдағы жылғы 27 ақпандағы қаулысы негіз болып отыр. Десе де, білім беру мекемелерінің санитарлық талаптарды қатаң сақтауы қадағаланады.
–Бұл қаулы осы уақытқа дейін қашықтықтан оқып келген мектептер мен кезекші сыныптарға қатысты шығарылған. 3-тоқсаннан бастап мұндай аралас форматқа бітіруші сыныптар көшкенін білесіздер. Яғни, оқу бағдарламасының 70 пайызы енді мектептерде дәстүрлі түрде оқытылса, 30 пайызы онлайн түрінде өтеді. Бүгінге дейін облыс аумағында 1 және 5 сыныптар аралығында 3813 кезекші сынып жұмыс істеп келді. Онда 43 мыңнан астам оқушы білім алды, –дейді облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Әйтімұлы.
Бұған дейін білім ошақтарында пандемияның өрши түсуіне байланысты тамақтануға тыйым салынған болатын. Енді облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен мектеп асханаларына тиісті талаптарды сақтай отырып, жұмыс істеулеріне рұқсат етіліпті. Білім беру ұйымдарына қатысты соңғы өзгерістер ата-аналар тарапынан бірқатар түсінбестіктер туғызып отыр екен.
–Осы қаулы шыққаннан кейін қашықтықтан білім алып келген оқушылардың ата-аналары бұл шешімді түсінбей жатыр. Олар балаларының әрі қарай да қашықтықтан оқуын сұрауда. Егер де баланың денсаулығында қандай да бір қарсы көрсетілімдер болса немесе коронавируспен ауырғандармен байланыста болған жағдайда ондай оқушылар қашықтықтан оқуды жалғастыруларына рұқсат, –деп түсіндірді мән-жайды Бейбіт Жүсіпов.
Білім беру ұйымдарында санитарлық талаптарды сақтау үшін жергілікті бюджеттен қосымша 70 миллион теңге бөлініпті.
Брифингте сөз болған тағы бір мәселе – кәсіптік білім беру ұйымдарының техникалық базасын жетілдіруге бағытталған «Жас маман» бағдарламасының жалғасы. Былтыр жоба аясында облыстағы 5 колледж нарықтағы озық технологиялармен жабдықталыпты. Бұл орайда, Бейбіт Әйтімұлы:
–Биыл аталмыш жобаға 6 колледж қатысуда. Қазірдің өзінде техникалық жабдықтардың алғашқы легі жеткізілді. 1 қыркүйекке дейін оқытушылар жаңа техникаларды қолдану негізінде оқытудан өтеді. Бұған республикалық бюджеттен 1,7 миллиард теңге және облыстық бюджеттен 170 миллион теңге қаржы қарастырылды, –деді.
Аталмыш жоба аясында кәсіптік білім беру ұйымдарының нарық сұранысына сай маман даярлауына жағдай жасалмақ. «Бүгінде колледж түлектерінің 70 пайызы алғашқы жылы-ақ жұмысқа орналасып кетеді. Дегенмен, бұл ақпарат шикі болуы мүмкін» дейді Бейбіт Жүсіпов. Өйткені, мамандық бойынша жұмыс істейтіндердің мағлұматы оқу бітірген алғашқы жылы ғана тексеріледі екен.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы форматына тоқталсақ, ендігі арада мектеп бітірушілер тест жауаптарын бұрынғыша қағаз бетінде белгілемейді, бірден компьютерде жауап береді. Яғни, енді тест қорытындыларын бұрынғыдай 4-5 сағат күтпей, бірден алатын болады.
Брифингте БАҚ өкілдері көтерген білім сапасының көрсеткіштері жайында айтар болсақ, қашықтықтан білім алып жатқан оқушылардың үлгерімдерін бағалау көрсеткіштері өсіп кеткен. Бұл әрине күдік тудыратын мәселе. Қашықтықтан оқып жүрген оқушылардың білім сапасы іс жүзінде өсіп емес, түсіп кеткені айдан анық. Ендігі арада бұл мәселе бойынша облыстық білім басқармасының жанындағы арнайы бөлімдер аудандар мен қалаларға шығып, сапа көрсеткіштеріне талдау, бақылау жұмыстарын жүргізеді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар