Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Білім беруді жақсарту, жерді тиімді пайдалану – өзекті мәселе - АРҚА АЖАРЫ

Білім беруді жақсарту, жерді тиімді пайдалану – өзекті мәселе

Жетінші шақырылған облыстық  мәслихаттың кезекті екінші сессиясы болып өтті.  Күн тәртібі бойынша  білім беру, жер ресурстарын пайдалану жайлы мәселелер қаралды. Сессияның жұмысына облыс әкімі Ермек Маржықпаев қатысып,  өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы сөз сөйледі.

Облыстық мәслихаттың депутаты Жұмабай Әміржановтың төрағалығымен өткен сессияның күн тәртібінде білім беру, жер ресурс-тарын пайдалану жайлы мәселелер қаралды. Осы ретте, Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының облысымызда іске асырылу барысы туралы облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов баяндама жасады.
–2020 жыл Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алғашқы жылы болды. Білім басқармасы бағдарламаны іске асыру үшін білім беруді дамытудың облыстық жоспарын, ал, білім бөлімдері өңірлік білім беруді дамыту жоспарларын әзірледі. Пандемия кезіндегі күрделі жағдайға қарамастан, облыста мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы негізгі екі нысаналы индикатор мен 19 көрсеткіш орындалды, – деген басқарма басшысы бұдан бөлек тағы екі көрсеткіштің орындалмауы үш ауысымдық білім беру және білім ошақтарын спорт үйірмелерімен қамтуға қатысты екенін жеткізді.
Сонымен қатар, 2020 жылы коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында сабақтан тыс іс-шаралар мен мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынуы және бірқатар аудандарда, атап айтқанда, Шортанды, Ақкөл, Аршалы, Есіл, Біржан сал аудандарында спорт залдарының болмауы оқушыларды спорт секцияларымен қамту көрсеткіштерінің төмендеуіне алып келген. Басқарма басшысының айтуынша, биыл облыс мектептерінде 28 спорттық секция ашу, мектептердің спорт залдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту жоспарланған. Сондай-ақ, дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс уақытта секция жұмысын жүргізгені үшін қосымша ақы төленбекші.
Жалпы, 2020 жылы білім беру саласына 127 миллиард теңге бағытталған. Оның ішінде бағдарламаны жүзеге асыруға 49 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, толық игерілген.
Бүгінгі таңда облыста 1-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 77,6 пайызды құрап отыр. Осы ретте, жекеменшік балабақшалардың саны жыл сайын көбейіп келе жатқанын айта кету керек. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде құны 800 миллион теңге болатын 13 жоба жүзеге асырылуда. 2020 жылы барлығы 634 орындық мектепке дейінгі ұйым ашылып, бес балабақша кеңейтілген. Үстіміздегі жылы 726 орындық үш балабақша салу үшін бюджеттен тиісті қаражат бөлінген. 1-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен көптеп қамту мақсатында биыл облыстағы 37 балабақшаны бөбектер-бақшасына ауыстыру көзделіп отыр.
Ал, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту үшін 451 мектепте жағдай жасалса, Аршалы, Бұланды, Зеренді, Жақсы аудандарындағы кейбір мектептерде бұл мәселе әлі жеткілікті деңгейде шешілмей келеді. 2020 жылы бюджеттен 75,3 миллион теңге қаражат бөлініп, шалғайдағы елді мекендерде тұратын ерекше білім беруді қажет ететін балаларды жеткізуге арналған 7 арнайы автокөлік сатып алынған. 2021 жылы облыстық бюджеттен 22 автобус сатып алу үшін 326,1 миллион теңге бөлінді. Сессияда сөйлеген сөзінде Бейбіт Жүсіпов мектептер мен балабақшалардың бейнебақылау жүйесімен толық қамтылғанын, облыстағы 556 мектептің 65-інде турникеттер орнатылғанын айтып, облыстағы апатты мектептер мәселесін шешу үшін атқарылып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді. Оның сөзіне қарағанда, осы күні облыста екі апатты мектеп бар. Олар Жарқайың ауданындағы Фурманов орта мектебі мен Біржан сал ауданындағы Бұланды негізгі мектебі. Бүгінгі таңда соңғы аталған ауылда 80 орындық жаңа мектеп салу үшін жобалық-сметалық және мемлекеттік сараптама құжаттары дайын. Ғимарат келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал, Жарқайың ауданындағы Фурманов орта мектебіндегі апатты жағдай мәселесін шешу үшін Бірсуат ауылында 100 орындық модульдік мектеп салынып, биыл пайдалануға берілетінін айтқан басқарма басшысы мектептердің күрделі жөндеуі, жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу, колледж түлектерін жұмыспен қамту мәселелері жайлы да тоқталып өтті.
Осылайша Бейбіт Жүсіповтың облысымыздың білім саласында атқарылып жатқан жұмысы туралы баяндамасын тыңдағаннан кейін депутаттар жарыссөзде осы салаға қатысты бірқатар өзекті проблемаларды ортаға салды. Облыстық мәслихаттың депутаты Елена Мащинская колледждердің білім алушылары үшін жатақхана тапшылығы, физика, математикадан беретін педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігі, мектеп жасындағы балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға жағдай жасау, ауыл мектептерінің қысқы спорт түрлеріне арналған қажетті құралдармен қамтамасыз етілмеуі секілді проблемаларды алға тартса, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлден Мұхамбетжанова Жақсы ауданындағы кейбір ауылдық мектептердің ғаламтор желісіне қосылмағанын, балаларды жазғы демалыспен қамту өз деңгейінде орындалмай отырғанын айтып, мәселе көтерді.
Сонымен қатар, сессия барысында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадралинаның жер қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі есебі тыңдалды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 11 желтоқсандағы «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне енгізілген өзгерістер туралы хабардар етті. Сессияның күн тәртібінде депутаттар бұдан бірнеше жыл бұрын қабылданған облыстық мәслихаттың шешімдеріне өзгертулер енгізіп, облыстық мәслихат жанындағы бірқатар комиссиялардың жаңа құрамын бекітті. Келесі сессияның төрайымы болып облыстық мәслихаттың депутаты Елена Мащинская сайланды. Сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Ермек Маржықпаев:
–Облыс бюджетін нақтылау кезінде өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға қашанда басымдық берілетінін айтқым келеді. Бюджетті бекіту кезінде барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарынан 300-ге жуық ұсыныс түсіп, соның 231-і қолдау тапты. Сонымен қатар, бюджетті бекіту кезінде облыс тұрғындарынан есеп беру кездесулерінде түскен сауалдар мен өтініш-тілектер де назарға алынды, – дей келе, биылғы жылдың алғашқы екі айында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң көрсеткіштер байқалатынын айтып, су тасқынының алдын алу және көктемгі егіске дайындық бойынша бірқатар міндеттерді белгіледі.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар