Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Күліп өмір сүруді үйренейік - АРҚА АЖАРЫ

Күліп өмір сүруді үйренейік

Ақмола облыстық орыс драма театры шуақты көктеммен ілесе келетін Алғыс айту күніне орай көрнекті грузин жазушысы Нодар Думбадзенің «Хазарулла» және «Ит» әңгімелерінің желісі бойынша қойылған «Күліп өмір сүруді үйрен» атты комедияны көрермен назарына ұсынды. Бұл қайырымдылық қойылымы былтырғы наурыз айынан бері елімізге батпандап кірген коронавирус індетімен күресте алғы шепте жүрген медицина және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналды. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері О.Луцива, қоюшы суретшісі – С.Ниязақынов.

Спектакль облыстық орыс драма театрының кіші залында сахналанды. Жазушының әзілге толы қос шығармасы адамдардың мына өмірді шын сүйіп, адамгершілік қасиеттерді бағалауға негізделген. Оның кейіпкерлері адамдардың өз ақымақтығы мен тұрмыстық бақытсыздығына, күйініштеріне өкінбей, одан сабақ алып, өмірге күліп қарауға үйретеді. Шығармалардың негізгі идеясы әр сәтке қуанып, күлкінің күшін сезініп, жақсылық арқылы барлығын өзгертуге болатындығына бағытталған.
Театрдың кішірек залына жиналған көрермендер шығарманың қатысушылары іспетті. Шағын грузин ауласындағы күркеде жайылған дастарханға табиғат ананың қойнынан шыққан тәттілер, түрлі өнімдер, жүзім шырыны мен шәрбат қойылған. Осының барлығы сол ұлттың қонақжайлылығының бір көріністері. Бұл үйдің тұрғындары ақылды да тентек, келемеж әзілқойлар.
Қойылымның алғашқы бөлігі алма ағашы жайлы жазылған «Хазарулла» әңгімесінің желісі бойынша сахналанды. Қойылымда кемпір немересінің көмегімен «жеміс бермей қойған алма ағашын қорқыту керек…» деген ескіліктің наным-сенімін іске асыртады. Қолына балтасын алып, шаппақшы болса да, жаны азапқа толған бала қаншалықты ағашты қорқытуға қимағанымен, өз ұлтының ата-дәстүрінен аса алмай, үлкендердің қалауын орындайды. Оның бұл әрекеті ағаштың нәр беруіне, жеміс беруіне көмегін тигізеді. Құрғап, кеуіп бара жатқан ағаш көрерменнің көз алдында бүр жарып, жеміс беріп, ауыл тұрғындарын дәмді алмаларымен қуантады. Кемпірдің немересі жеміс берген ағаштың әдемілігіне, сұлулығына тәнті, тіпті оны ағаш деп емес, тірі жан секілді көреді. Ал, Хазарулла өліп қалғанда, кейіпкерлер ғана емес, залда отырған көрермендер де мәңгілік жайлы ойға шомады. Спектакльде кемпірді мәдениет қайраткері Надежда Слепцова, оның немересін актер Денис Юкало, алма ағашы – Хазарулланы Александра Букреева жап-жақсы ойнап шықты. Актерлердің шеберлігі мен рөлге шынайы беріле ойнауы көрермен көңілінен шықты. Спектакльдің қоюшы режиссері Ольга Луциваның шығармашылық қабылдауы да ерекше екен, «жансыз кейіпкерлерді» ойнаушылар олардың сөздерін өздері дыбыстап, сахна алаңында еркін жағдай қалыптастырды, көрермендермен қарым-қатынас жасап, жақсы көңіл-күй сыйлады.
Үзіліссіз өткен қойылымның екінші бөлігі «Ит» әңгімесі бойынша көрерменге жол тартты. Мұнда автор қойылымның алғашқы тынысынан-ақ соғыстың қиын күндерін суреттейді. Амбарлар мен дүңгіршектердің тез босап, ауыл тұрғындарының ашығуы, тіпті үйіндегі ескі заттарын сатуы да бейнеленеді. Баласы соғысқа аттанған Спиридон шал (Мақсат Ыбыраев) әрқашан мына өмірден күдер үзгендей уайымның үстінде жүреді, бірақ онысын ешкімге ашылып айта қоймайды. Оның үйінің бар шаруашылығы Гогита (Денис Юкало) есімді немересінің мойнына артылған. Бір күні Гогита бала асханашы жігіттің қатыгездігін өз көзімен көреді. Әлгі асханашы ып-ыстық сумен қасақана иесіз жүрген аула итін күйдіреді. Бұл жерді иттің рөлін шынайы түрде мәдениет қайраткері Людмила Скуратова ойнады. Күйіп қалған итке аяушылық танытып, бала оны үйіне алып келеді. Шал бұл итпен достасып, тіпті өз ойларын да сол итпен бөлісетін болады. Алайда, күндердің бір күні ауыл тұрғындары барлық иттер құтырған деп сезіктеніп, оларды атып тастайды. Үйінде жүрген итті атпаған Спиридонға көршісі әрі ең жақын досы Бадриа (Андрей Радченко) келіп, шалдың барша ауыл тұрғындарына қарсы шығып отырғандығын жеткізеді. Сөйтіп, көршісі итті атпақшы болады, бірақ, жай ғана жарақаттап кетеді. Қалыптасқан жағдайға байланысты Гогита адамның досы – итті орманға алып кетеді. Содан бері бұл ауылда бір де бір иттің үрген дауысы естілмейді, ауыл тұрғындарының малдары жоғала бастайды… Шал да бұрынғыдай таңертең ерте тұрып, ауласында жүрмейді… себебі, ол да мәңгілікке аттанады. Барша ауыл тұрғындары оны жерлеуге келеді, тіпті бұрын оның мұңын тыңдаған ит те қоштаспақшы. Әр актер ойнаған кейіпкерлерінің қайғы-мұңы сахнадан залда отырғандарға шынайы берілді. Шалдың немересіне айтқан мына бір сөздері көрерменнің ойлануы-
на жол ашты: «Мен бұл өмірге басқа кейіпте қайтып ораламын. Бәлкім, ағаш, мүмкін шөп немесе құс пен ит болармын… Бірақ, мен сені ешқашан жалғыз қалдырмаймын. Балам, саған жылылық пен қуаныш сыйлайтын бір түйір тас болса да, ол мен деп ойла, сенің кәрі атаң деп ойла»…
Жалпы, қойылымда қайғы-мұңды көріністер көбірек болғанымен, кейіпкерлердің жарқын болашаққа деген үміті басым. Жалғыздықтан қорықпауды, отбасылық ошақты сөндірмеуді, жақсы атты сақтап қалуды үйретеді. Ұрпақтар арасындағы байланысты сақтап қалу мен жан-жағындағы адамдарға мейірімді, қайырымды болуға үгіттейді.
Шығарма комедия жанрында деп көрсетілгенімен, драма басым. Қоюшы режиссер бұл қалай деген сұрағымызға: «Күліп, өмір сүруді үйреніңдер» деп қана қысқа қайырды. Мына қамшының сабындай ғана қысқа өмірде адамдар бір-бірімен сыйластықта өмір сүріп, кішіпейілдік пен қамқорлық, адамгершілік пен қайырымдылық секілді адами құндылықтарды бағалай білсе, шынымен күліп қана өмір сүрсе, барлығы жақсы болады емес пе?!.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар