Естен кетпес биік тұлға

М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының коворкинг орталығында белгілі қоғам қайраткері, жазушы-журналист, көрікті Көкшенің біртуар азаматы Жанайдар Баймырзаұлы Мусиннің туғанына 85 жыл толуына орай, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжімен бірлесіп, «Ұлағаты ұлы жан» атты әдеби-танымдық шара болып өтті.

Іс-шараның басында жуырда ғана Жанайдар Мусиннің құрметіне өткізілген байқаудың жеңімпазы, Краснояр ауылының №3 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Нұржайна Бауыржанның оқыған өлеңі онлайн арқылы тамашаланып, жазушы шығармашылығы жайында альбом, слайдтар көрсетілді.
Баяндамашылар, колледж ұстаздары Қарлығаш Назарова «Тұғыры биік тұлға», Мәншүк Тұрлыбекқызы «Өр тұлға» тақырыбында ауқымды баяндамалар жасады.
Есімі ел есінен шықпай келе жатқан Жанайдар ағамыз кезінде Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетін жиырма жылға жуық басқарған қазақ баспасөзінің ірі өкілі. Сондықтан, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа аға алдын көрген естеліктерімен бөлісті. Ал, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қазақ филологиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек және «Көкшетау» газетінің бас редакторы, ақын Серік Жетпісқалиев жазушы жайында оқырманға ой тастар тағылымды пікірлерін ортаға салды. Осылайша тағылымды шара оған қатысқан Көкшетау техникалық институтының курсанттары мен Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенттеріне үлкен ой салып, қарымды қаламгер тұлғасын жарқыратып аша түсті.
Бостангүл ЕРМАНОВА,
М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар