Күләш Алдықова 1967 жылы Родионовка селосында туған. Мектеп қабырғасында мұғалім болуды армандайды. Сөйтіп, Қостанай педагогикалық институтына оқуға түсіп, химия және биология пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. 1989 жылы Родионовка орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып еңбек етті.
Кейін аудан орталығындағы №1 орта мектепте химия және биология пәнінен дәріс берді. Сонау 90-жылдары ел экономикасы тұралап қалғаны белгілі. Осы кезде мұғалімдердің көбі коммерция саласына ауысты. Солардың арасында Күләш Алдықова да болды. Құдай қосқан қосағы екеуі базарда ыдыс-аяқ пен аяқ киімдер сатты. Сөйтіп, 2000 жылы шаруашылық тауарлары дүкенін, үш жылдан кейін «Бәрі үй қажеті үшін» дүкенін ашты, «Жұлдыз» сауда үйін салды.
Бүгінгі күні бұл ұжымда 8 адам еңбек етеді. Кәсіпкер өз ісін жанындай сүйеді. Сенімді басшы қиын жағдайға душар болғандарға ылғи қолұшын созады. Қарапайым және іскер адамдармен тез арада тіл табысады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға және зейнеткерлерге қолдан келгенінше көмектеседі. Жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын сатып әперіпті. Егде адамдар күні азық-түлік пакеттерін жинақтауға көмектескен көрінеді. Балалар мен жасөспірімдер орталығының конкурсқа қатысқан оқушыларына да сыйлықтар сыйлады.
Күләш Арыстанбекқызы жұбайы екеуі екі ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы қаржыгер, кішісі Санкт-Петербург қаласында жоғары экономика мектебінде оқиды. Өз отбасының бақытын жоғары қоятын ана жеке кәсіпкерлер арасында да көш бастап келеді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Атбасар ауданы.