Қызмет орны – әскери бөлім

Отанды қорғау үшін ерлермен бірге иін тіресе еңбек етіп жүрген арулар арамызда аз емес. Сондай аяулы жандардың бірі Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінде аудармашы болып қызмет ететін, көп балалы ана Аягүл Құрмашқызы. Аягүл Тұрғыновамен жақынырақ танысып, қызығы мен қиындығы қатар жүретін әскери қызметі туралы тарқатып айтып беруін өтінген едік.

– Менің негізгі мамандығым мұғалім. Алматы облысы Іле ауданы Қарасу поселкісінде 1979 жылы 19 мамырда дүниеге келдім. 1985 жылы отбасы жағдайымен ата-анамыз Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Дүйсеке ауылына көшіп келдік. Әкеміз Тұрғынов Құрмаш Сұрағанұлы – Дүйсеке орталау мектебі директорының орынбасары, кейінгі жылдары директоры лауазымдарында қызмет еткен ұлағатты ұстаз, географ-тарихшы. 1996 жылы Петропавл қаласындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған нақты мектеп-гимназиясын ерекше аттестатпен үздік аяқтап, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетіне оқуға түсіп, 2000 жылы қызыл дипломмен үздік аяқтадым. Сол жылы Петропавл жоғары әскери училищесінде (қазіргі Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының Әскери институты) тілдер кафедрасында аға оқытушысы болып қызмет ете бастадым, – дейді ол.
Аягүл Құрмашқызы көптеген оқу-әдістемелік құралдардың да авторы. Атап айтсақ, «Әскери оқу орнына арналған қазақ тілі», «Өлеңдер жинағы», «Әскери терминдердің орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздігі», тағы басқа еңбектері бар. Сонымен қатар, ол «Қалқан», «Курсант», «Солтүстік Қазақстан», өзіміздің «Арқа ажары» газеттерінде жарияланған көптеген мақалалардың авторы. Еселі еңбек еш болмас деген. Аягүлдің адал атқарған қызметі еленіп, ол 2001 жылы ІІ-ші дәрежелі «Қайсар» төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ, кеудесіндегі қос мерейтойлық медаль да жылдар бойы атқарған еңбегінің жемісі.
2017 жылы ол жолдасы Бауыржан Қасымұлы Нұрғалиев екеуі қызмет бабымен Көкшетау қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының 5510 әскери бөліміне ауысып келді. Әскери бөлімде қызмет ететін Аягүл өз ісіне аса ыждаһаттылықпен қарай білетін жауапты әрі сауатты маман. Ол екі тілде құжаттардың дұрыс аударылып, ресімделуін қадағалайды, түзетеді. Сонда-ақ, әйелдер кеңесінің хатшысы міндетін орындайды. Қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысады. Спорттық эстафеталардың жеңімпазы.
– Әскери қызмет адамды ширатады. Екеуіміз де әскери қызметкер болғаннан кейін, үйде де, түзде де темірдей тәртіпті жөн көреміз. Жолдасым Бауыржан Қасымұлы өзіммен бірге әскери бөлімде мемлекеттік тілді енгізу және дамыту жөніндегі оқытушы болып қызмет атқарады. Алла берген төрт баламыз бар. Ұл-қызымызды отансүйгіштік, адалдық, адамгершілік сияқты абзал қасиеттерге баулып өсірудеміз. Тұңғышымыз студент болса, кенже ұлымыз екі жастағы бүлдіршін. Үйдің де, түздің де тірлігін қоса алып жүруге тырысамын. Отбасында түсіністік, бір-біріне деген сүйіспеншілік пен қамқорлық болса, кез-келген істі атқаруға болады деп ойлаймын. Қолым бос кезде өлең жазатын да өнерім бар, – дейді жаны ізгі Аягүл ақырын жымиып.
Әскери құрылымда 20 жылдай қызмет етіп келе жатқан Аягүл Құрмашқызы қаруластарымен бірлесе, әскери қызметтің бар ауыртпашылығын төзіммен көтеріп, үнемі оқып-іздену үстінде.
– Әйел ана қандай қызмет атқарса да, қай жерде жүрсе де, жүрегі балалары үшін алаңдайтыны бар. Солардың болашағы үшін аналық парызын орындай отыра, талмай қызмет етеді. Себебі, ана бақыты бала ғой, – деп ойын қорытындылады ол.
Шынымен де Аягүл дұрыс айтады. Ана жүрегі баламен сабақтас. Өмірдің мәні де, сәні де, байлығы да бала! Солардың бақыты үшін аянбай қызмет етудің өзі ғанибет. Үйдің де, түздің де тірлігін қатар алып жүрген көп балалы ана, әскери қызметкер Аягүлге біз де бар жақсылықты тілейміз.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар