Уақыт үрдісімен үндес жан

Мен Өтелбай Елбергенұлын Бурабайдың көркем тау қойнауындағы Абылай ханның 280 жылдық ұлан-асыр тойында алғаш рет көргенмін. Ұзын бойлы, ақсары өңді, жүзінен жылылық төгілген «кінәз» кісі, ол кезде өте сирек кездесетін «Панасоник» бейне камерасымен, алғаш өткізіліп отырған ел мерекесінің әр сәтін қалт жібермей түсіріп жүр.

Елуден анық асып кеткен адам. Бір күн емес, үш күн бойы көрдім. Киген киімі, паң шляпасы, жүріс-тұрысы, жамырай сәлемдесіп жатқан жұрттың қарасы оны үкімет адамына жатқызғандай. Өзімен тілдесуге, «қолға түспей» тұр. Ақыры, аудандық «Бурабай» газетіндегі әріптестерімнен: «Мына кісі Президенттің баспасөз қызметінен бе?» деп сұрадым. Олар әлі білмейсің бе деген сыңаймен «Бұл Өтелбай ағай ғой. «Бурабай» агроөнеркәсіп комбинатында бас бухгалтер болып істейді», – дегенде бір түрлі төмендеп қалғандай болдым. Облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне орналасқаныма көп бола қоймаған мен, тәтті қиялымнан ажырағым келмей, «сол Президент аппаратында жүре берсе ғой» деймін іштей…
Журналистік түйсігім алдамаған екен. Ол шын мәнісіндегі биік адам болып шықты. Газетіміздің сол аудандағы меншікті тілшісі Самат Рахымберлин ағай күндердің бір күнінде: «Ой, ол менің досым ғой»,– деп, Өтекеңнің жұмыс орнына алып барып таныстырды. Алдымда Алла тағала әдейіліп құйғандай ғажап адам тұрды. Кішіпейілдік пен ізеттіліктің үлгісі дерсің. Өзімен қатарлас Сәкеңнің жарасымды қақпа сөзіне кәдімгідей қызарақтап қалады. Екі сөзінің бірі «Айналайын» болғанымен, бұл жолы кеңірек әңгімелесудің жөні де, реті де жоқ екенін байқадым.
Уәлиханов ауданынан іссапардан келе жатып телефон соғып, хабарластым. Жұмыс аяғы. «Қай жерде тұрсың? Сол жерден қозғалма» деді. Көп ұзамай өзі де жетіп келді.
Бір қарағанда тұйықтау көрінгенімен, ағамыз әңгімешіл екен. Үйі бухгалтердің үйінен гөрі шығармашылық ордаға келіңкірейді. Жоғарыда айтылған Абылай хан бабамыздың тарихи тойынан түсірілген 39 сағаттық 15 бейнетаспа, қазақтың соңғы ханы Кенесарының, әйгілі Ақан серінің мерейлі тойларындағы әрқайсысы төрт-төрттен 12 сағаттық 8 бейнетаспа ұлт рухының аса құнды шежіресі дерсіз. Ғұлама ғалым Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығынан түсірілген бейнедеректер ғылыми айналымға қосылып та үлгерген. Бұған қоса, тәуелсіздігіміздің қалыптасу жылдарындағы елеулі оқиғалардан, алуан тақырыптағы республикалық, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялардын, ақындар айтысы мен концерттік шаралардан, Қазақстан Президентінің өңірге сапарларынан түсірілген бейне таспалар мен фотодеректер қолға түспесасыл шежірелер санатында. Мұны республикалық киногерлер байқауында екінші дәрежелі жүлдені жеңіп алуының өзі аға еңбегінің маңызын аша түседі.
Өтелбай Елбергенұлы 1958 жылы Петропавл есеп-қисап техникумын бітіргелі бері облыстың көптеген шаруашылықтарында бухгалтерлік қызметті атқарды. Қайда жүрмесін уақыт үрдісіндегі жаңа талаптар деңгейінен шыға білді. Білімін жетілдіріп, жоғары білім де алды. Облыс басшылығы тәжірибелі маманды шаруашылығы төмендеп, артта қалған шаруашылықтарға алдымен Өтелбайды жіберетін. Мәселен, Жамантұз РСХО-сының аты республикаға танымал бола тұрып, күрт нашарлап кеткендігі шаруашылық есептің дұрыс жүргізілуінде болып шықты. Осынау бірлестікке бас бухгалтер болып келген Өтекең кешенді аудит жүргізіп, кіріс-шығыс құжаттарын реттеуге күш салды. Сөйтіп, айналасы бір-екі жылда шаруашылық пайда тауып, жұмысшыларға 18 айлық еңбекақы көлемінде қосымша он үшінші жалақы төленді. Бұған Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзі күмән туғызып, тексеріс жүргізген, қорытындысында бас бухгалтер Алғыс хатпен марапатталды.
Ағамыздың жүрген жеріне құт дарытатын қасиеті жаңа леппен құрылған «Бурабай» агроөнеркәсіп комбинатында да айрықша көрініс тапты. Республикамызда тәжірибе ретінде тұңғыш рет қолға алынған бұл құрылымнан қарамағына 48 шаруашылық пен кәсіпорын қарап, есеп-қисап ісі бір орталықтан жүргізілді. Бухгалтерлік жылдық есеп Ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсырылады. Комбинаттың қаржы жөніндегі орынбасары Өтелбай Елбергенов бұл жауапкершілікті абыроймен атқарғанын ведомстволық марапаттардың көбейгенімен дәлелдеуге болады. Ол – Қазақстан Республикасы аудиторлар Палатасының құрметті мүшесі әрі осы Палатаның ақсақалдар алқасының төрағасы.
Бұған қоса, ағамыз белгілі ғалым Әріп Байтышқановпен бірге Бурабайдағы Балпашсор көлінің саз балшығын ғылыми негізде зерттеп, Денсаулық сақтау министрлігінің оң нәтижедегі сараптамалық сертификатын да алды. Бүгінгі күні бұл емдік саз балшық Бурабай курорттарында жоғары сұраныспен пайдалануда. Осы жерде, Өтелбай Елбергенов ұзақ жылдар қызмет атқарған Абылай хан атындағы шаруашылықтың тұрғындары емдік саздың игілігін бірінші болып көргенін атай кеткен жөн.
Бұның барлығына қалай қол жеткізілді? Сұрақ күрделі болғанымен, әуесің келерлік тағылымдардан бастау тартатыны таң қалдырарлық заңдылық деп білеміз. Осының бәрі қиын да, қызығы да мол өмір өрнектерінен өзек алғандығы анық. Ендеше, үзік-үзік өмір өрімдеріне назар салсақ дейміз.
Өтекең туған сәттен бастап есте қаларлық оқиғалардың себепшісі болған. Заманның қиын сәтінде ата-анасы Қызылсаядан алыстағы жиендерінің Әз ауылына көшуге мәжбүр болған. Мұның себебі, әкесі Елбергеннің колхоз бастығы болып сайланып тұрып, бұл қызметтен қашуында екен. Осы елде, 1936 жылдың 14 наурызында дүниеге сәби келіп Шоңның он тоғызы аталып, бір ауыл болып отырған 90 жастағы құрметті ел анасы Айжан әжей сәбидің кіндігін кеседі. Атын Тоқтар деп қояды.
Осыдан көп ұзамай үйлеріне әкесінің сыйлас жолдастарының бірі келіп, бесікте жылаған сәбидің дауысын есітіп:
–Қайырлы болсын, дүниеге нәресте келген екен, бауы берік болсын. Атын кім деп қойдыңдар? – деп сұрайды.
–Тоқтар деп қойдық. Өйткені, осында көшіп келген соң, былтыр туған баламыз шетінеп кетті.
–Олай деме, Алланың бергеніне шүкіршілік қыл. Міне, араға жыл салып Алла өткеннің есесін қайтарып, тағы бір ұл беріп отыр. Алланың ризалығымен, менің келуімнің жөні келіп тұрған шығар, бұл баланың аты Өтелбай болсын. Келесі сәбиіңнің атын Тоқтар қоярсың,–деп оң құлағыңнан бастап үш рет азан шақырып, атын қойыпты. Кейінірек, бұлар өз елі Сайынбөлек ауылына көшкенде, 1939 жылы тағы бір сәби туып, ол бала жоғарыда аталған дайын атқа ие болып, Тоқтар деп аталған.
Сәбиге ат қою мәселесі тағы да өзіндік сәйкестігімен жалғасқаны таңдандырады. Өтекең еңбек жолын 1958 жылы техникумды бітіріп келген соң, Чаглинка совхозының Желтау бөлімшесінен бастаған екен. Сонда 1959 жылы тұңғышы дүниеге келді. Ол жұмыстан келсе, Бекболат деп атын қойып қойған. Әке жолын біле тұра «Бұл қалай?» деп сұрайды. «Мұның атын Қыдыр баба қойды», – дейді әкесі. Сөйтсе, дәл сол күні баяғы құдайы қонақ болатын, Кіші Жамантұздың тұрғыны келген екен.
–Осы сәбидің де атын қоюды Алла маған бұйыртқан сияқты. Бұл аймақ әйгілі Қанай бидің ұлы Бекболаттың ата қонысы. Осы киелі жерде өмірге келген тұңғыш немереңе қасиетті Бекболат бабасының адамгершілік, ерлік қасиеттері жұғысты болсын! –
деп әлгі кісі батасын беріп, атын Бекболат қойыпты. Мұны сәйкестіктен гөрі адам ғұмырының ерекшелігіне баласақ керек.
Ағамыз бала кезінде әкесі күзетші болған қоймадан және Көкшетау элеваторына өгіз шанамен астық тасыған керуеннен екі рет ұрыларды ұстайды. Екеуінде де әлгі бейшараларды әкесі мен жанындағы ағалары босатып жіберген. Ауыр заман тауқыметін өздері де бастан кешіп жатқан кісілердің жанашырлығы бұның да жүрегін жібітіп жібергендей.
Өтелбайдың туу туралы куәлігі де болмаған. Бурабай техникумына түскенімен, Қарағанды тау-кен институтында жолы болмауының бір себебі осында шығар. Ақыры не керек, өз елі Қызылсаяның нақты азаматы деген паспортты 19 жылдан кейін ғана алыпты. Бұл ауыл адамдарының аңғалдығынан да тиісті орындар шенеуніктерінің астамшылдығын білдіретін заман шындығы.
Жалпы, Өтелбай ағаның бүкіл өмірі ғибратты қадамдарға толы екенін байқаймыз. Сонымен бірге, ол осы халықтық ағайын-туыстық қатынастардың, әдет-ғұрыптардың, тәрбиелік танымдардың асыл қасиеттерін өз бойына терең сіңірумен қатар, күні бүгінге дейін жан-жағына сәулелендіре шашып жүрген азаматтығымен бағалы.
Ағамыз 85-тің биігінде тұрғанымен, тәуба, әлі де ширақ. Өзі жанындай сүйетін Көкшесінің, бүкіл қазақ елінің тілекшісі, үрім-бұтағының батагөй данасы дейтініміз осыдан!

Бақберген АМАЛБЕК,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар