Эпидемиологиялық ахуал тұрақты, алайда, босаңсуға болмайды

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысында өңіріміздің эпидемиологиялық ахуалы туралы баяндап беру үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нариман Сыздықовты әңгімеге тарттық.

2021 жылы облыстық денсаулық сақтау жүйесіне 51,9 миллиард теңге бөлінген. Оның 46,9 миллион теңгесі әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан болса, 5,0 миллиард теңгесі жергілікті бюджет қаражатынан бөлінген. Ал, жалпы, облыстың медициналық ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтау бойынша 447 құрылғы жұмыс істеп тұр. Оның 203-і портативті, 244-і стационарлық. Сондай-ақ, 51 «Хай Флоу» құрылғылары бар. Оған қоса, облыста магнитті-резонанстық томография бөлмесі бар және 11 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді.
– Өткен жылы амбулаториялық қамтамасыз ету шеңберінде аурулар тізімі 48-ден 140-қа дейін артқан. Осылайша тегін дәрі-дәрмектердің атауы 280-нен 620 атауға дейін ұлғайтылып, 5,8 миллиард теңге сомасындағы 496 дәрі-дәрмектің түрі жеткізілді. 2021 жылға медициналық ұйымдарға амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде 6,6 миллиард теңге көлемінде тегін дәрі-дәрмектер жарияланды, – деген Нариман Ермекұлы, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының шектеулеріне байланысты қосымша қаржы бөлу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын да жеткізді.
Бүгінде коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастар үшін 15 медициналық ұйымдар медициналық көмек көрсетуде. Онда 1583 жұқпалы аурулар төсек-орны және 150 реанимациялық төсек-орындар, сондай-ақ, 30 карантиндік төсек-орындар ұйымдастырылған. Оған қоса, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша үш тәуекел тобында COVID-19-ға қарсы күреске тартылған орта есеппен 4228 медициналық қызметкерді ынталандыру және қолдау үшін 4 688,08 миллион теңге бөлінген.
Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес дәрігерлердің орташа айлық жалақысын 2024 жылға қарай екі есеге, орта медициналық қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен 1,6 есеге көтеру қарастырылған. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап облыстың 32 медициналық ұйымындағы орташа айлық жалақыға келсек, 1559 дәрігердің жалақысы 30 пайызға және 5092 орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға көбейген.
Бүгінде өңірімізде бір қалалық жедел жәрдем қызметі, 18 аймақтық қосалқы станция мен 19 жедел жәрдем бөлімі жұмыс істейді. Ауылдық елді мекендерді қамту аймағы 27,5 пайызды құрап отыр. Облыстық жедел жәрдем станциясында 69 бригада тәулік бойы, оның ішінде тоғызы дәрігерлік және 60-ы фельдшерлік бағытта қызмет көрсетеді. Өңірімізде санитарлық көліктермен қамтамасыз ету 100 пайызды құрайды, барлығы 158 санитарлық көлік бар болса, оның 10 пайызы ғана тозғаны байқалады. Медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету 92 пайыздан 100 пайызға дейін өскен. Сондай-ақ, өңірімізде коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупін азайту мақсатында әр түрлі патологиясы бар науқастарға қашықтықтан кеңес беру ұйымдастырылған. Науқастардың диспансерлік топтары үшін 148 мобильді топ құрылды. Сондай-ақ, ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, денсаулық сақтау саласын басқаруда COVID-19 баспасөз орталығының жұмысы ұйымдастырылды. Онда денсаулық сақтау мәселелері бойынша әлеуметтік желілерді бақылау және талдау жасалады.
Нариман Сыздықовтың айтуынша, басқарма базасында Call-орталығы бар ахуалдық-аналитикалық орталық жұмыс істейді (қала үшін 55-14-14, аудандар мен Степногорск қаласы үшін 7-99-75, 8-778-096-59-59, түнгі уақытта 8(7162)-72-32-86). Оған пандемия кезінде 8,6 мыңнан астам қоңырау түскен.
2021 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша облыста COVID-19 пандемиясы расталған 13 733 жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 1863,6-дан келіп отыр, оның 9167-сінде коронавирус анықталса, 4566 жағдайда ауру белгілері жоқ. Ал, 104 адам осы қауіпті індеттен көз жұмған. Сондай-ақ, стационарлық ем қабылдауда 316 науқас болса, 677 науқас амбулаториялық ем қабылдауда. Соңғы аптаның ішінде 2021 жылдың 23 ақпанынан 1 наурызына дейін COVID-19 ауруының 491 жағдайы тіркелген. Ал, алдыңғы аптада 533 жағдай тіркелсе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 1,1 есеге төмендеді деген сөз. Яғни, 42 жағдайға азайған.
Қазіргі таңда 201 мониторингтік топ Қазақстан Республикасы мен Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қолданыстағы қаулылары талаптарының орындалуын бақылайды.
2021 жылдың өткен кезеңінде 1720 рейдтік тексерулер жүргізіліп, карантиндік режимді сақтай отырып, әр түрлі меншік нысандарындағы 7691 объекті мониторингпен қамтылған. Анықталған заң бұзушылықтар үшін 264 әкімшілік айыппұл салынып, оның 257-сі қаралған. Сөйтіп, ол жалпы сомасы 28 миллион 260 мың 730 теңгені құраған.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтары мен 28 ақпаны аралығында санитарлық қызметтің аумақтық департаментіне жергілікті полиция қызметінен 211 хабарлама келіп түскен. Нәтижесінде, қылмыс құрамының болмауына байланысты 33 материал тоқтатылып, жалпы сомасы 9 миллион 734 мың 430 теңгеге 151 айыппұл салынды. 1 материал сотпен тоқтатылса, 11 материал қарастыруда, 16-сы қайта қарауға қайтарылған.
2021 жылы 1 ақпанда коронавирустық инфекцияға қарсы халықты ерікті вакцинациялау басталды. Үкіметтен бөлінген қаражат есебінен тәуекел тобы анықталды. Онда медициналық қызметкерлер, мұғалімдер, мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлері, қызметкерлер мен тәрбиеленушілер, мектеп-интернаттар, балалар үйлері, қарттар үйінің қамқоршылары, әкімдіктердің, орта мектептердің, жоғары оқу орындарының және басқа ұйымдардың қызметкерлері бар.
Ресейлік «Спутник V» вакцинасының бірінші партиясын жеткізу 31 қаңтарда 1300 доза көлемінде жүзеге асырылды. Облыста барлығы 24 вакцина бекеттері дайындалып, олар бүгінде коронавирусқа қарсы вакцинация салуға жұмылдырылып жатыр. 19 ақпандағы жағдай бойынша 1298 медициналық қызметкер бірінші компонентпен вакцинацияланды. 22 ақпаннан бастап «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін алған адамдарды вакцинациялау жоспарланған. Осылайша бүгінгі күні 610 адам екінші компонентпен вакцинацияланды. Оның 600-і медицина қызметкері, алтауы мұғалім, төртеуі мемлекеттік қызметші.
Міне, өңіріміздегі бүгінгі таңдағы эпидемиологиялық жағдайдың барысы осындай. Алайда, әлі де жайбарақаттыққа салынбай, жинақылықты, санитарлық режимді сақтау қажеттілігін, босаңсуға болмайтынын ұмытпаған жөн.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар