Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Карантиндік шектеулер жеңілдетілсе де, сақтық қажет - АРҚА АЖАРЫ

Карантиндік шектеулер жеңілдетілсе де, сақтық қажет

Ақмола облысы коронавирус пандемиясының таралу жағдайы бойынша «сары» аймақта. Десе де, босаңсуға болмайды, жағдай әлі тұрақты емес. Бұл жайында облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Аты жаман індеттің өңірде алғаш тіркелгеніне де бір жыл уақыт болыпты. Алғашқыда үрейлене қараған тұрғындар барлық карантиндік-санитарлық талаптарды сақтағанымен, қазіргі уақытта еттері үйреніп кеткен, маска тағу, антисептик пайдалану секілді сақтық шараларын сақтауды қойып барады. Әлеуметтік арақашықтық та тиісінше сақталып жатқаны шамалы.
Облыста соңғы тәулікте коронавирус індетіне 55 адам шалдығыпты, оның 49-ы симптомды болса, қалғандарында ауру белгілері байқалмайды. Тәуліктік өсім 0,4 пайызды құрайды. Соңғы тәулікте дертке душар болғандардың 51-і ересектер қатарынан екен. Індет жұқтыру бойынша Көкшетау қаласы көш басында, одан кейін Степногорск қаласы мен Бурабай ауданы.
– Елімізге жаман ауру батпандап кіргелі облыста оны жұқтырған 14347 жағдай тіркелген. Статистикаға сүйенер болсақ, бұл жағдайлардың 7021-і контактіде болғандар арасында анықталса, 5295 науқас өздері індет белгілері бойынша дәрігерге шағымданғандар, қалған 2 мыңнан астамы скринингтік тексерістер кезінде белгілі болғандар. Соның ішінде індетке ең көп шалдыққандар Көкшетау қаласының тұрғындары. Мұнда 6305 жағдай лабораториялық жолмен анықталды, –деді бас санитарлық дәрігер.
Апталық талдау жасайтын болсақ, 5-11 наурыз аралығында өңірде 437 жағдай анықталыпты, ал, оның алдындағы аптада 470 науқас тіркеліпті. Індеттің таралу көрсеткіші 1,1 есеге, яғни, 33 жағдайға азайған.
Әлемді дүрліктірген пандемияның балалар мен жасөспірімдер арасында да орын алып жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Жыл басынан бері оқушылар арасында 616 оқиға анықталыпты, олардың 255-і штаттық режимде білім алушылар болса, 361-і қашықтықтан оқитындар. Бұл жағдайды ай-айға бөліп қарастырсақ, қаңтарда 223 бала ауырса, ақпанда 320 оқушы дертке душар болған екен.
Наурыз айының осы уақытқа дейінгі аралығында 73 оқушының індет жұқтырғаны белгілі болды. Көрсеткіштерді талдау нәтижесі бойынша оқушылар арасындағы жаман індеттің таралуы осы күні 30-дан 5-ке дейін төмендеген. Бірақ, әлі де карантиндік тәртіпке бағынғанымыз абзал.
Сонымен бірге, жыл басынан бері мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы бүлдіршіндер арасында 76 жағдай анықталып отыр. Қазіргі уақытта көрсеткіштер аздап төмендеген. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің соңғы қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес енді кезекші топтардағы балалар саны 25-ке дейін ұлғайтылды.
Брифинг барысында облыстың бас санитарлық дәрігері коронавирусқа қарсы вакцина алу науқанының жалғасып жатқанын атап өтті. Облыста осы күні 24 екпе егу пункті жұмыс істеуде. Солардың бесеуі Көкшетау қаласында. Ақпанның алғашқы күнінен-ақ бастау алған екпе егу науқанында 1298 адам вакцинаның бірінші компонентін алса, солардың 1048-і екінші компонентін салдырған, олардың басым бөлігі медицина қызметкерлері болса, арасында мұғалімдер мен мемлекеттік қызметшілер де бар. 2 наурызда облысқа 3700 доза екпе әкелінген. Екпе егудің қазіргі екінші кезеңінде педагогтар мен күштік құрылымдардың қызметкерлері вакцина алуда. Екпе алғандар арасында денсаулығына шағымданушылар тіркелмеген.
Ақмола облысының бас санитарлық дәрігерінің 24 ақпандағы қаулысындағы карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілуде. Бұл орайда:
–Кинотеатр, театр, концерттік залдардың, сауналар мен спа-орталықтардың, бассейндерге тиісті талаптарға бағына отырып, жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Үшінші тоқсаннан бастап 300 оқушыға дейінгі контингенті бар мектептер дәстүрлі форматта, бір сыныпта 15 оқушыдан, тиісті санитарлық талаптар қадағалана отырып, жұмыс істей береді. Ал, спорттық іс-шараларға көрермендерді қатыстыруға рұқсат етілмейді, –дей келе, Айнагүл Советқызы облыс тұрғындарын көпшілік жерлерге, қоғамдық тамақтандыру мен үй жағдайында өткізілетін мерекелік және еске алу шараларына бармауға, үнемі маска тағып, сақтық шараларын ұстанып жүруге шақырды.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар