Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы Қаулысына сәйкес, наурыздың екінші сенбісі Қазақстан Республикасында «Жерге орналастыру, геодезия және картография күні» ретінде белгіленіп, атап өтіледі.
Тіршіліктің төрт құдіреті болса, соның бірі Жер-Ана. Қазақ қашанда қасиетті топырақты киелі санап, баға жетпес құндылыққа балағаны белгілі. Тіршіліктің де, табиғаттың да тірегі – жер. Сол себепті де, бар ғұмырын осы жер қатынастары саласын дамытуға арнап жүрген жандардың еңбегі орасан. Өйткені, жерді пайдалану мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған іс-шаралар, жер пайдаланушылардың ақпараттарын базаға енгізу, жер учаскесіне меншік құқығына және жер пайдалану құқығына құжаттар дайындау, олардың дер кезінде орындалуын жіті бақылауда ұстау үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап етеді. Қазіргі таңда жұмыс желісі нақты цифрларға негізделгендіктен, қырандай қырағы, сауысқандай сақ болудың маңызы зор. Оған қоса заман талабына сай жаңа бағдарламаларды игеріп, жұмыс тиімділігі мен сапасын арттыру міндетін де басты назарда ұстау керек.
Мереке күні өңірдің жерге орналастыру қызметін дамытуға айтарлықтай үлес қосқан ардақты ардагерлеріміздің есімдерін ерекше ілтипатпен ауызға аламыз. Осындай жандардың қатарында Кәрібай Шалабаев, Ханафия Амренов, Иманбай Қалиев, Қалқаман Таутанов, Дінмұхамбет, Наталья Гонтаренко, Мәнсия Мусина, Владимир Бретман, Владимир Егоров, Көбен Есенбаев, Айтмұхамбет және Қасен Жапекеновтар, Мапруза Таутанова, Надежда Кулинец, Берлібек Жылқыбақов, Василий Гонтаренко, Тамара Нуждова және тағы басқалары бар. Олар өздерінің оқыған-тоқығанын жастарға үйретіп, өз тәжірибелерін ортаға салып, жер қатынастары саласындағы қызметкерлердің кәсібилігі мен іскерлік деңгейін арттыруға зор үлес қосты. Бұл күнде жастар сол ардагерлерден жерге орналастыру жұмыстарын сауатты және сапалы жүргізуді, геодезиялық аспаптарды қолдануды, қажетті есептеулер мен алынған нәтижелерді талдауды, соның негізінде зерттелетін аумақтың картографиялық материалдарын алуды үйренгендіктерін айтып, қашанда алғыстарын білдіріп жүреді.
Біздің ардагерлеріміздің және жерге орналастыру қызметі саласындағы жұмыс істеп жүрген қызметкерлеріміздің оң кәсіби тәжірибесі, білімі мен дағдылары жас мамандарға үлгі болып табылады.
Жер – кез-келген мемлекеттің тағдырында шешуші рөл атқарады. Елдің экономикалық және саяси жағдайы белгілі бір дәрежеде жердің жағдайына, оның жер қойнауының бай ресурстары қаншалықты тиімді пайдаланылатынына, жерді қорғауға қандай мән берілетініне байланысты.
Кәсіби мереке қарсаңында өңіріміздегі осы саланы дамытуға өз үлестерін қосып жүрген білікті мамандарды атап өтсек дейміз. Олардың қатарында Атбасар ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Ш.Нұртазин, облыстық басқарманың жерді есепке алу және жерге орналастыру бөлімінің басшысы Ж.Бейсембаева, Целиноград ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы А.Нұртазин, Ерейментау ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Е.Олексиенко, Егіндікөл ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы И.Шарафутдинова, Жарқайың ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы М.Первушкина бар. Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақмола облысы бо-йынша филиалының мамандары Е.Жакатов, Д.Жұманазаров, В.Беляев, С.Бектасов, С.Узжина, Р.Беркімбаевтың еңбегін атап өтсек дейміз. Осындай білікті мамандардың қарамағында талабы мол жастардың бар екендігі де қуантады. Әсіресе, Бекзат Бошен, Аягөз Мұханова, Нұрсұлтан Әлімжанов, Асылхан Жүнісов және Ілияс Ержанов секілді мамандарды ерекше атап өткім келеді. Біз осы орайда, сала ардагерлері мен мамандарын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз, оларға жауапты іске ат салысып жүргендері үшін зор алғыс білдіре отырып, жұмыста толайым табыс, отбасында береке-бірлік тілейміз!
Алмагүл ҚАДЫРАЛИНА,
Ақмола облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы.