АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Коронавируспен ауырған науқастарда антиденелер — 3 ай, вакциналанған адамдарда 1 жыл сақталады. Бұл туралы Медицина ғылымдарының докторы, С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры Равиля Егембердиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Алматы қаласы эпидемиологиялық жағдай бойынша «қызыл» аймақта тұр. Соңғы тәулікте мегаполисте коронавирус инфекциясын жұқтырудың жаңадан 342 жағдайы тіркелді. Пандемиямен күрес аясында қалада халықты вакциналау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бірінші кезеңде дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінен 1750 адам вакциналанды. Екінші кезеңде екпені 3300 медицина қызметкері, 955 полиция қызметкері мен 523 мұғалім алды. Профессор Равиля Егембердиева науқастан алынған антиденелер мен вакцинадан алынған антиденелердің айырмашылығы неде екенін айтты. «Коронавирус инфекциясынан кейін иммунитет қалыптасады, бірақ ол ұзаққа созылмайды. Қайтадан ауырған жағдайлар бар. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 3 айдан кейін қайта ауруы мүмкін. Сондықтан инфекциядан кейін иммунитеттің қаншалықты ұзақ екенін айта алмаймын және ғалымдардың да бұған әлі нақты жауабы жоқ. Бірақ ең аз кезең – 3 ай. Қазақстан аумағында қолданылатын «Спутник V» вакцинасы ағзаны 1 жылға дейін иммунитетпен қамтамасыз етеді. Қазір Ресейде жасалған басқа вакциналар белгілі және ғалымдардың айтуынша, бұл вакциналар 3 жылға дейін иммунитетті қамтамасыз етеді. Бірақ менің ойымша, иммунитеттің қаншалықты ұзақ сақталатыны тек вакциналау жүргізгеннен кейін нақты белгілі болады», — деді Равиля Егембердиева. Профессордың сөзінше, халықтың 70% в акциналау ғана тиімді болады. Ол коронавирус инфекциясының тіркелуін тоқтатуға ықпал етеді. Әлем вакциналаудың мұндай деңгейіне әлі жеткен жоқ. «Қазақстан Республикасына вакцинациялау тек 1 ақпаннан басталды. Оған халықтың басым бөлігі қатысқан жоқ. Сондықтан бетперде режимі, 1,5 метрлік қашықтық сияқты эпидемияға қарсы шараларды қатаң сақтау қажет. Айта кетерлігі, 2 вакцина екпесін алған адамдардың эпидемияға қарсы шараларды тағы 14 күн сақтауы тиіс екендігін атап өткім келеді»,-деді Равиля Егембердиева. «Мен инфекционист ретінде коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастар әлі де көп екенін, оның ішінде ауыр халде жатқандар бар екенін, дерттің асқынуы өліммен аяқталған жағдайлар да бар екенін мәлімдеймін. Азаматтардан өтініп сұрарым, бетперде тағыңыздар, қолдарыңызды мұқият жуыңызыздар, қашықтықты сақтаңыздар, аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу жергілікті дәрігерге хабарласыңыздар», — деді Равиля Егембердиева.
https://www.inform.kz/kz/vakcinanyn-antideneleri-1-zhylga-saktalady-epidemiolog_a3764463