Ақмола облысы коронавирус инфекциясымен қалай күресіп келеді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Биылғы 16 наурызда бүкіл әлемді дендеген коронавирус инфекциясымен еліміздің күресіп келе жатқанына тура бір жыл болады. Індеттен көп адам ауырып, біраз адам көз жұмды. Осы ретте, Ақмола облысы коронавирус инфекциясымен қалай күресіп келеді, ҚазАқпарат тілшісі өңірдегі коронавирус жағдайына шолу жасап көрді.

АУРУХАНАЛАР Коронавирус індеті Қазақстанда тіркелгеннен кейін КВИ белгілері бар азаматтар стационарларға жатқызылып, бақылауға алына бастады. Ақмола облысында денсаулық сақтау ұйымдарының жанынан осындай мақсатта үш госпиталь ашылды. Бұдан бөлек, екі айдың ішінде тұрғызылған заманауи 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды. Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері індетпен күресте негізгі медициналық мекеме ретінде таңдап алынды. Диспансердің инфекциялық стационары дəрі-дəрмек, төсек-орын, медициналық құралдармен, қызметкерлердің жеке басын қорғауға арналған костюмдермен қамтамасыз етілді. Жалпы, ондағы бөлімше 135 науқасқа лайықталған болатын. Облыстық əкімдік пен денсаулық сақтау басқармасы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді, кадр мəселесін өз бақылауларына алып, бірлесіп шешті. АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢДЕ ІТРКЕЛГЕН НАУҚАСТАРДЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ЕЛОРДА ІРГЕСІНДЕ ТҰРАТЫН Осы ретте, коронавирус инфекциясы елімізде қашан және қалай тарағанына келетін болсақ, елімізде төтенше жағдай 2020 жылдың 15 наурызында жарияланғаны белгілі. Ол кезде Ақмола облысында КВИ жағдайлары әлі тіркеле қойған жоқ еді. Сол кезде коронавирус инфекциясы туралы ақпараттарды тұрғындар әртүрлі қабылдады. Біреулер күмәнмен қараса, енді бірі сақтық шараларына көңіл бөлді. Дегенмен, сәуір айына қарай аймақта КВИ жұқтырғандардың саны арта бастады. Олардың басым көпшілігі Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі елді мекендердердің тұрғындары, науқас туыстарымен байланысты болғандар. Облыста коронавирустан қайтыс болу оқиғасы елорданың жанындағы «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тіркелді. Ал, ресми статистикалық мәлімет бойынша 9 сәуірдегі облыстың стационарларында 371 науқас, үй карантинінде 792 адам болды. КАРАНТИН ШАРАЛАРЫ БІРЕСЕ ҚАТАЙТЫЛЫП, БІРЕСЕ ЖЕҢІЛДЕТІЛІП ОТЫРДЫ 11 мамырдан бастап Ақмола облысында бірқатар карантин жеңілдіктері енгізілді. Өңір тұрғындарына міндетті түрде маска тағып, тұрғылықты жерінен 22:00-ге дейін шығуға рұқсат етілді. 21:00-ге дейін саяжайға бару үшін елді мекенге кіруге және шығуға рұқсат етілді, қоғамдық көлік сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істеді. Целиноград ауданының Қосшы және Қоянды ауылдарына жеңілдік болған жоқ. 14 маусымда Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина ақмолалықтарға жедел мәлімдеме жасады. Онда облыстың бас санитарлық дәрігері облыс орталығында КВИ-ге қатысты жағдай нашарлағанын айтты. Сондықтан 15 маусым күні сағат 20:00-ден бастап Көкшетау қаласының периметрі бойынша 7 блокпостың жұмысы қайта жанданды, азық-түлік және тұрмыстық химия өнімдерін сататын сауда объектілерінің, азық-түлік емес дүкендердің, спорт объектілерінің, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының жұмысы шектелді. 23 маусымда Ақмола облысында карантиндік шаралар күшейтілді. Көкшетау мен Степногор қалаларынан шығатын және кіретін блокпостарды орнатудан басқа, стационарларға жоспарлы емдеуге жатқызу, скринингтер және кәсіби тексеру тоқтатылды. Көкшетау мен Степногордегі тамақтану объектілері жазғы алаңдарды қоспағанда, азық-түлікті жеткізуде ғана жұмыс істеді. Көкшетау мен Степногордегі автобус маршруттарының, автовокзалдар мен автостанциялардың қызметі тоқтатылды. Кейін індет өрши түсті. Өлім-жітім көбейіп, науқастардың саны артты. МАУсЫМ-ШІЛДЕ – ЕҢ АУЫР КЕЗЕҢ Маусым-шілде айларында ауру шыңына жетті. Өңірде инфекция жұқтырғандардың саны артты. Жедел жәрдем шақырып, аурухана жету үшін көп күту керек болды. Кейбір адамдар өз көліктермен науқас туыстарын ауруханаға жеткізуге тырысты. Біраз адам көз

жұмды. Дәрігерлер соңғы күші сарқылғанша жұмыс істеді. Сонымен, қауіпті вируспен күреске ешкім дайын емес екені белгілі болды, демек, дәрі-дәрмектер, төсек-орын, қорғаныс құралдары, медициналық қызметкерлер жетіспей дәрігерлер де, науқастар да қиындыққа тап болды. Кейін жағдай біршама тұрақтала бастады. Тек 18 қыркүйекте Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қаулыға бірқатар өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, Ақмола облысы елді мекендерінің аумағы бойынша тұрғындардың қозғалысын сағат 23:00-ден сағат 06:00-ге дейін шектейтін санитарлық постар алынды. Сондай-ақ, демалыс күндері 65 жастан асқан адамдарға шығуға рұқсат етілді. Қыркүйек айында КВИ жағдайы тұрақтанды. Көп ұзамай КВИ-дің екінші толқынына ауқымды дайындық басталды. ЕКІНШІ ТОЛҚЫН… 16 қазаннан бастап Ақмола облысында вирус жұқтырғандар көп тіркелуіне байланысты карантиндік шектеу шаралары қайта күшейтілді. Тұрғындарға 23:00-ден 06:00-ге дейін қозғалыс шектелді, ойын-сауық мекемелерінің қызметі тоқтатылды, сауда үйлері мен азық-түлік емес дүкендердің жұмысы жұмыс күндері 19:00-ге дейін шектелді, демалыс және мереке күндері жұмыс істемеді. Жұмыс күндері базарлар 17:00-ге дейін ашылды, демалыс күндері де жұмыс істемеді. Азық-түлік дүкендері халыққа 09:00-ден 22:00-ге дейін қызмет көрсетті. Сол кезде өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері ағымдағы жылдың маусым және шілде айларымен салыстырғанда жағдай салыстырмалы түрде тұрақты екенін, бірақ аурудың біртіндеп өсуі жүріп жатқанын атап өтті. Ол қыркүйектің аяғынан басталып, қараша айында індеттін биік шыңы болатыны болжанып отырғанын атап өткен еді. Дегенмен, облыс аумағында қыркүйек айында коронавирус жұқтырудың 98 жағдайы тіркелді, оның 55-нің белгісі бар, 43-нің белгісі жоқ. Сол кезде, ауырғандар саны бойынша Көкшетау қаласы көш бастап тұрды. КВИ-дің алғашқы толқынында жұмыс істеген үш зертхананың саны алтауға жеткізілді. Жаңа жабдық коронавирустың белгілерін тез анықтап, уақыт үнемдеуге мүмкіндік берді. 7 қарашада карантин шараларын қатаңдату туралы кезекті қаулы күшіне енді. Аймақтағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз деп бағаланды. Ақмола облысының елді мекендерінің аумағында тұрғындардың жүріп-тұруына 21:00-ден 6:00-ге дейін, азық-түлік дүкендерінің жұмыс режиміне 09:00-ден 20:00-ге дейін, такси қызметтерінің жүріп-тұруына 21:00-ден 06:00-ге дейін, адамдардың үйлеріне 21:00-ге дейін жетуі үшін барлық кәсіпорындардың қызметіне 19:00-ге дейін шектеу енгізілді. Қоғамдық көлік сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істеді. 5 қарашада Көкшетау қаласының периметрі бойынша алты санитарлық бекет орнатылды. Бұл термометрияны қолдана отырып, келетін және кететін азаматтардың денсаулық жағдайын бақылауға, сондай-ақ барлық сырқаттанған және байланыста болған адамдардың деректері енгізілетін арнайы қосымшаның арқасында карантиндік режимдерді бұзушыларды анықтауға мүмкіндік береді. ПТР АНЫҚТАМАСЫЗ КӨКШЕТАУҒА КІРЕ АЛМАЙСЫЗ! 13 қарашадан бастап Ақмола облысы карантиндік шаралардың жаңа қатаңдатылуын күтті. Жаңа қаулының басты айырмашылығы ПТР әдісімен COVID-19 тестілеуінің теріс нәтижесі бар анықтамасыз Ақмола облысында тұрмайтын адамдардың Көкшетау қаласының карантиндік аймағына кіруіне тыйым салу болды. Анықтаманың қалаға келер алдында үш күн бұрын жасалуы талап етілді. Алайда, ақмолалықтарға облыс бойынша жүріп-тұруға мұндай анықтамалар қажет болмады. 18 қарашада Ақмола облысында КВИ ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтандырылып келе жатқаны байқалды. Өңір індеттін таралу қаупі бойынша «жасыл аймаққа» өтті. 11-17 қараша аралығында COVID-19 жұқтырудың 258 жағдайы тіркелді (100 мың адамға шаққанда – 35), өткен аптада – 271 жағдай (100 мың адамға шаққанда 36,7). Яғни, 1,05 есе төмендеді, ал өсімі көрсеткіші 0,9 пайыз болды. Кезекті қаулыға бірқатар өзгерістер енгізілді. Оның ішінде азық-түлік дүкендерінің жұмысы сағат 7:00-ден 20: 30-ға дейін ұзартылды. Сауда-ойын сауық орталығының, сауда объектілерінің, азық-түлік емес дүкендердің, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың қызметі жексенбі күні жұмысқа тыйым салуды сақтай отырып, жұмыс күндері сағат 10:00-ден 20:30-ға дейін ұзартылды. ТАҒЫ ДА «ҚЫЗЫЛ» АЙМАҚ… Бес күннен кейін облыс «қызыл» аймаққа өтті. Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, 28

қарашадан бастап Көкшетау мен Степногор қалаларына шығуға және кіруге тыйым салынды. Көп ұзамай Көкшетау қаласына Зеренді ауданының және жақын маңдағы елді- мекендердің тұрғындарына «Stopcorona» сайтында жұмыс орнын көрсете отырып және кіру қажеттілігінің себебін растай отырып, кіруге рұқсат етілді. 4 желтоқсандағы жағдай бойынша облыста 905 инфекциялық және 84 реанимациялық төсегі бар 12 инфекциялық стационар жұмыс істеді. Қосымша 14 резервтік стационар, яғни 990 инфекциялық төсек орын және 103 реанимациялық төсек орын жабдықталған. Облыстың медициналық ұйымдарында 425 ӨЖЖ аппараты бар, оның 203-і – портативті. Бұдан бөлек, 1000-нан астам пульсоксиметр, 50 оттегі баллоны, үш оттегі станциясы сатып алынды. Жедел медициналық көмек машиналары паркі толықтай жаңартылды. Кейін облыс «сары» аймаққа өтті. Көкшетау мен Степногор маңындағы санитарлық постар 12 желтоқсан сағат 00:00-ден бастап алынды. Барлық тұрғындарға, әсіресе 65 жастан асқан адамдарға, енді қажет болмаса, 23:00-ден 06:00-ге дейін тұрғылықты жерінен кетпеу ұсынылады. 16 желтоқсанда Ақмола облысында сауда үйлері мен орталықтарының, сондай-ақ базарлардың жұмысына бірқатар жеңілдіктер енгізілді. КӨПТЕН КҮТКЕН ВАКЦИНА 1 ақпаннан бастап республика бойынша коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын салу жұмыстары қолға алынды. Ақмола облысында да 9 наурызға дейінгі жағдай бойынша соңғы əкелінген екпенің бірінші компоненті 1358 адамға салынды. Оның 302-сі мұғалім, 208-і полицей жəне күштік құрылымдардың қызметкері, 35-і – мемлекеттік қызметші жəне 693-і медицина қызметкері. Осы уақытқа дейін екпе алғандардың ешбірінде асқыну жағдайлары тіркелмеген. ҚАЗІР ОБЛЫС «САРЫ» АЙМАҚТА 10 наурызда Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаның қаулысымен аймақтағы карантиндік шектеу шараларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Олар негізінен мектепке дейінгі мекемелердің жұмысына қатысты. Осы қаулыға сәйкес, өңірдегі балабақшалардағы балалар санын 25-ке дейін арттыруға рұқсат етілді. Қазіргі кезде облыс «сары» аймақта. Ақмола облысында бүгінгі күні КВИ жұқтырғандар саны барлығы 14397 адамды құрады. Оның ішінде 13438 науқас жазылып шықты. Жағдайдың одан әрі қалай дамитынын уақыт көрсетеді. Дегенмен, облыста санитарлық талаптар әлі де ерекше бақылауда. Дәл қазір өңірде коронавирус инфекциясының таралуына қатысты жағдай тұрақты.

https://www.inform.kz/kz/akmola-oblysy-koronavirus-infekciyasymen-kalay-kuresip-keledi_a3763864

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар