НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осыдан тура 1 жыл бұрын 16 наурыз күні таңғы сағат 08:00-де Қазақстанның барлық аумағында төтенше жағдай режимі енгізілген еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Есте болса, өткен жылдың наурыз айының басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялады. Осыған орай азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында еліміздің аумағында 2020 жылғы 16 наурыздағы 8 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі сағат 7 сағат 00 минут кезеңінде төтенше жағдай мерзімі ұзартылды. Тиісті Жарлыққа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда қол қойды. Белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін де коронавирустың таралуы тыйылмағандықтан Мемлекет басшысы тағы да Жарлық шығарып, төтенше жағдай қолданысы 2020 жылғы 11 мамырдағы 00 сағат 00 минутқа дейін ұзартылды.
2020 жылдың 23 наурызында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылғандарға 42 мың теңгеден беру туралы шешім қабылданды. Ол үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 476 млрд теңге бөлінді. Төлемдер 2020 жылдың сәуір-мамыр және шілде айларында төтенше жағдай кезінде берілді. Бұл көмекті барлығы 4,6 млн адам алды.
Бұған қоса, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен пандемия жағдайында халықтың әлеуметтік осал топтарына қайырымдылық көмек көрсету үшін «Birgemiz» қоғамдық қоры құрылды Қорға 2020 жылдың қазан айының ортасына қарай сомасы шамамен 34 млрд теңгені құраған қайырымдылық түріндегі ақшалай қаражатты отандық бизнесмендер мен меценаттар ұсынды. Осы қордан 50 мың теңге мөлшерінде біржолғы төлем түрінде қаржылық көмек 2,2 млн қазақстандыққа немесе 650 мыңнан астам отбасыға берілді. Сондай-ақ 320 мың отбасыға азық-түлік себеттері мен бірінші кезекте қажетті тауарлар, тағы 100 мыңына — 5 млн медициналық маска берілді.
Сонымен қатар ТЖ режимі мен карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты тұрақты атаулы әлеуметтік көмек алушыларға оны тағайындау уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінбей-ақ жыл бойы ұзартылды. Атап айтқанда, 2020 жылғы IV тоқсанда бұл шара 130 мың отбасының 650 мыңнан астам азаматына қатысты болды. Сол жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 168,6 мың отбасыдан 858 мыңнан астам адамға 58,3 млрд теңге сомасында АӘК төленді.
Коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүріп қайтыс болған медицина қызметкерлерін еске алу мақсатында Мемлекет басшысының Өкімімен 2020 жылғы 13 шілде жалпыұлттық аза тұту күні болып белгіленді. Осыған байланысты түнгі сағат 00:00-ден бастап еліміздегі барлық Мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Ал Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 12:00-де республика бойынша коронавирус пандемиясының құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алу жарияланды.
Ақорда резиденциясының алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінен қаза тапқан азаматтарды құрметпен бір минут еске алды.
https://www.inform.kz/kz/kazaksanda-totenshe-zhagday-rezhimi-engizilgenine-1-zhyl-toldy_a3764724
https://www.inform.kz/kz/kazaksanda-totenshe-zhagday-rezhimi-engizilgenine-1-zhyl-toldy_a3764724