НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда ресейлік вакцинаны шығару жолға қойылды және отандық вакцина да тіркелетін болады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Қазіргі уақытта коронавирус індетінің өсуі байқалады. Әсіресе, «қызыл» аймаққа кірген Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында және Батыс Қазақстан облысында. Вирустың репродуктивті көрсеткіші республика бойынша 1,1 құрайды. Инфекциялық ауруханалар 24% толық. Вирустың таралу деңгейінің өсуі негізінен – халықтың шектеу шараларын, маска тағу режимін және әлеуметтік қашықтықты жеткіліксіз сақтау салдарынан болып отыр. Сондықтан тұрғындар профилактикалық және санитариялық нормаларға жоғары жауапкершілікпен қарауы тиіс», — дейді ҚР Премьер-Министрі. Асқар Маминнің айтуынша, вакцинация – коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күресте маңызы жоғары фактор. «Қазір вакцинаға қолжетімділікті қамтамасыз ету және жаппай егу – пандемиямен күресудегі басты міндет болып отыр. Ақпанның басынан бастап халықты вакциналау басталды. Алғашқылардың қатарында медицина қызметкерлері, одан кейін мұғалімдер, полиция мен күштік құрылымдардың қызметкерлері алды. Вакцина алғандардың барлығының жағдайы жақсы, вакцина қалыпты әсер етті және теріс салдары байқалған жоқ. Қазақстанда ресейлік вакцинаны шығару жолға қойылды және отандық вакцина да тіркелетін болады», — дейді ол.
https://www.inform.kz/kz/vakcina-algandardyn-barlygynyn-zhagdayy-zhaksy-askar-mamin_a3764921