Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Зеренді ауданында болып, бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап көрді, қазыналы қарияларды алда келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтап, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің кезекте тұрғандарға уақытында, сапалы тапсырылуы қажеттілігіне көңіл бөлді.
Аймақ басшысы жұмыс сапарын Зеренді ауданының орталығындағы жаңадан салынғалы жатқан «Зеренді-Сервис» блоктік-модульді қазандығының құрылысы белгіленген орынды барып көруден бастады. Бұл қуаты 19,5 Гкал болатын қазандықтың құрылысына облыс және аудан бюджеттерін қоса есептегенде 850 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Қазандықтың заманауи бұл түрі қатты және газ отынымен жанады. Бұған дейін облыстың 5 елді мекенінде орнатылып, іске қосылған жылу қазандығы тиімді көрінеді. Мердігер компания – «ТСК Титан» серіктестігі. Бұл қазандық іске қосылғанда 195 мың шаршы метр алаңды жылу жүйесімен қамтып, көп пәтерлі жаңа үйлерді бірден жылу жүйесіне қосу мүмкіндігі артады және басқа үйлер де орталықтандырылған желіге қосыла алады. Аймақ басшысы қазандық құрылысымен айналысатын серіктестікке бұл қазандық ағымдағы жылдың тамыз айына дейін аяқталуы тиістігін тапсырды.
Өңір басшысы ат басын тіреген «Казавтодор» серіктестігінің «ДЭУ-73» базасына мекеме қаражаты есебінен 380 миллион теңгеге өткен жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Қазір мұнда жол жүріп келе жатқан жолаушылар табиғи құбылыстардың салдарынан жолда қалып қоятын болса, оларды тамақтандырып, жылытуға, қондыратын орын-жайлар да әзірленген екен. Мұнда тәулігіне шамамен 30-дан астам адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Аймақ басшысын бұл жерде «ДЭУ-73» мекемесінің басшысы Валентина Ковалжи қарсы алып, республикалық маңызы бар жолдарды ұстау бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Бұдан әрі облыс әкімі Ермек Маржықпаев 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен аудандық мәдениет үйіне барды. Мекеменің жөндеу жұмыстарына қазынадан 37,3 миллион теңге көлемінде ақша бөлінген. Биылғы жылы тағы 6 ауылдың мәдениет үйлері мен клубтарына жөндеу жүргізіледі екен. Осы арада облыс әкімі аудан басшысына тағы да жөндеуді қажет ететін ауылдық клубтардың жағдайына мән беріп, бюджетті жоспарлау кезінде жобалық-сметалық құжаттарын ұсынуды тапсырды.
Аудан орталығы Зеренді ауылында биылғы жылы тапсырылатын 36 пәтерлі екі үйдің бірі 2019 жылы басталып, әлі күнге дейін аяқталмаған. Қоғамның әлеуметтік осал топтарына салынған бұл арендалық үйдің сапасы сын көтермейді, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы орнатылатын пандустарының да сыйқы жоқ. Мердігер компанияға бірқатар ескертулер жасап, міндеттер қойған аймақ басшысы ауданның бірқатар осыған жауапты бөлімдерінің басшыларына жауапсыздықтары үшін сын айтты. Қыруар қаржы жұмсалған бұл үйді ағымдағы жылдың сәуір айында аяқтап, мамырдың мерекелі күндері тұрғындарға тапсырылуы тиістігін ескертті. Биыл ауданда тағы да 45 пәтерлі 3 үйдің құрылысы қолға алынбақшы екен.
Сапар барысында өңір басшысы Ермек Маржықпаев ауданның ардагерлер ұйымына барып, ондағы қазыналы қарияларды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтап, құрмет көрсетті. Мерекеге орай, арнайы шағын сыйлықтарды тарту етіп, ауданның дамуы үшін сіңірген еңбектері үшін жылы лебіздерін білдірді. Әкімнің іссапары «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің «Визит-орталығын» аралап көрумен аяқталды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.