Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел сыйлаған азамат - АРҚА АЖАРЫ

Ел сыйлаған азамат

Өткен ғасырдың басында болған тарихи оқиғалар Ақмола өңірінің күншығысында жатқан Ерейментау елін айналып өткен жоқ. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың қанды қырғыны өрт болып, қазақ даласына түгелдей жайылды. Бұл оқиғаны көзімен көргендер ақ патшаның зұлымдығын, қырға арнайы шығарылған қандықол әскерінің құдай кешірмес ісін өле-өлгенше айтып өтті. Соны біз де ата-әжемізден талай естідік.

Ереймен көтерілісінің оқиғасын өз көзімен көрген Сәкен Сейфуллин де «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында жан-жақты суреттей алған. Арқа жерінде осындай аталмыш оқиғалар әр жерде оқтын-оқтын болғанымен, дәл Ереймендегідей тойтарыс бергендері ілуде біреу. Соның есесінен Қанжығалы елі көп қағажу көрді. Бірақ, рухы биік батырлар елі, қару-жарағы сәйкес келмесе де, өзінің өр мінезінің арқасында қалың жасақты қоғадай жапырды. Сол шайқастарда ерен ерлігімен көзге түскен жас батырлардың бірі – Жанайдар. Қар түскенше арыстандай арпалысқан ел азаматтары азаттық туын қолдарынан түсірген жоқ. Жазықсыз бейбіт жұртты қырған патшаның бұдан кейін құдайдың қаһарына қатты ұшырағанын біз тарихтан жақсы білеміз.
Көп жыл елорданың Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің белді қызметкері болған Талғатбек Жанайдарұлы көпшілікті елең еткізген осы оқиғалар туралы ел үлкендерінен естігендерін айтудан бір жалыққан емес.Ол 1969 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы Алматының политехникалық институтын үздік аяқтаған. Заман ағымымен өзінің еңбек жолын Целиноград қаласындағы құрылыс институтында бастап, кейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде жалғастырды. Бұл жерде еңбек еткен азаматтардың бәрінің де дәрежелері биік.
– Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, – дейді көзі күлімсіреген Талғатбек Жанайдарұлы. – Мен тәуелсіздік алған жылдары осы университетте ректор болған Мырзатай Жолдасбеков, белгілі қазақ ғалымдары, жазушы, тарихшылар: Ақселеу Сейдімбеков, Қойшығара Салғарин, Серік Негимов, Жамбыл Артықбаев, Мырзатай Серғалиев, Ғаділбек Шалабаев, академик Ерлан Сыдықов, Дихан Қамзабекұлы сияқты белгілі ел азаматтарымен жұмыс істегеніме үлкен ризалық көңілмен қараймын.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша көптеген игілікті істер атқарылды. Әсіресе, Күлтегін ескерткіш тасының оқу ордасына қойылған сәтіндегі ізгілік шаралары ұстаздар қауымына, сондай-ақ, студенттерге ерекше әсер етті.
Отансүйгіштікке баулу – еліміздің тарихи мұраларын танудан басталады ғой. Сондықтан, өлкетанымдық жобаларды жүзеге асыруда Л.Н.Гумилев атындағы оқу ордасы көп игі жұмыстар атқарып жатыр. «Менің елім», «Қазыналы оңтүстік», «Түркі тамыры – Алтай» жобалары біртіндеп жүзеге асырылғанына Талғатбек Жанайдарұлы үлкен ризашылықпен қарайды. Жалпы, педагогика саласында 50 жылға жуық еңбек өтілі бар кісінің айтар әңгімесі қашанда көп.
1916 жылғы Ереймен көтерілісінің басында тұрған азаматтардың бірі – Жанайдар батыр жайлы дуалы ауыз ақындар мен шешендер аз мұра қалдырмаған. Бұл батырлар әулетінің ерекше бір мінезін айғақтайтын құжаттар сияқты көрінеді. Шын мәнінде, 2016 жылдың жазында Ереймен еліне әкім болған Ермек Нұғымановтың бастамасымен осы ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толуына байланысты, оған қатысқан батырлардың бүгінгі ұрпақтарына арнайы төсбелгілер тапсырылып, қазақ халқы атынан алғыстар айтылып еді. Оның соңы ұланғайыр тойға айналды.
Бұл тарихи ізгі шараға сол кездері «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы болған, бүгінгі Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы өзі арнайы қатысып, Ереймен көтерілісі, оның ұйымдастырушылары – басты тұлғалары туралы сөз сөйлеп, Молдажан, Сәтбай, Жанайдар батырлар жайында өзінің естеліктерімен бөліскені әлі есімізде.
Талғатбек Жанайдар батырдың сүт кенжесі. Сондықтан, әкесінің ерлігі жайлы жазылған өлең-жырларға үлкен мән беріп отырады. Себебі, оны шешуші шақта халқына болыса білген, тағдырын оққа байлаған елдің бас көтерер азаматтарына берілген бата ретінде бағалайды. Бұл – осы әулетте өсіп келе жатқан ұрпақтар үшін таптырмас қазына. Соның бірі жергілікті ақын, елдің абыз ақсақалы болған Тасмағамбет Тәлімұлының «Жанайдар батыр» жыры өте мағыналы әрі баға жетпес жәдігер.
Келмеске кеткен Кеңестің заманында,
Ерлігін ерлеріміздің айта алдық па.
Тәуелсіздік туғасын бір тілегім бар,
Ел тарихын білсе екен ұрпақтар да!

Жанайдар әуелден ел ағасы болған адам,
Қаптаған жауынан ешқашан тайсалмаған.
Бұрынғы зорлықшыл зар заманда,
Халқы үшін амалсыз қолына қару алған.

Кешегі өткен 16-шы жылдың соғысында,
Келгенде қаптап карательдер ел қорлауға.
Ереймен халқы түгелдей көтерілді ғой,
Бел буып басынған ақ патшамен ұрысуға.

Сол кезде мергендер тобы құрылыпты,
Бас бол деп Жанайдарға елі бұйырыпты.
Кең асу мен Шәкейдегі ұлы шайқастарда,
Солдаты ақ патшаның аяусыз қырылыпты.
Бейбіт заманның ұланы Талғатбек Жанайдарұлы замандастары сияқты білімге ден қойды. Күйзелісі мол, тар заманды басынан кешірген танымал әулеттің ұрпағы болғандықтан, тарихтың сыр сандығына көп көз жүгіртіп, бірсыпыра елдік істерге араласты.
Сол үшін туған елі қадір тұтып, Ерейментау ауданының Құрметті азаматы атағын берді. Ал, ұстаздық қызметі жолында алған Алғыс хаттары мен марапаттары аз емес. «Қазақстан Республикасы білімі мен ғылымының құрметті қызметкері» атағы бар. Сондай-ақ, оның есімі «Ардақты тұлға» Құрмет кітабына енгізіліп, Л.Н.Гумилев атындағы медальмен марапатталған. Ол осы университеттің конференция залында еліміздің тарихы, өркенді істері жайында талай ғылыми жобалар аясында терең де мағыналы баяндамалар жасап, шәкірттеріне тың деректер бере білген кісі. Ерейменнен шыққан Ислам дінінің ғұламасы Сәдуақас Ғылмани (Сәкен қалпе) еңбегінің бірнеше кітап болып басылып шығуына үлес қосқанын да атап кетпеске болмас.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы жолында осындай тарланбоз ағалар маңдай терін төгіп, жұмыс істеді. Өзі бүгінгі заманның белді өкілі болса, әкесі Жанайдар кешегі бес қаруы сай ақ патшаның әскеріне тойтарыс берген шын жалаңтөс батырлардың қатарында болған тарихи тұлға.
Қазақ халқының басынан өткен аумалы-төкпелі заманның ауыртпалығын алыстан емес өз аталары мен ағаларының аузынан естіген кісі болғасын ол талай тарихи мақалаларын қалалық, өңірлік баспасөз беттерінде жариялады. Қаламы ұшқыр, ойы терең, ақынжанды азаматтың кейінгі ұрпаққа айтар сөзі көп. Жұмыстан жалығуды білмейтін жайдары жанның ғұмыры ұзақ, шаңырағында амандық болсын деген тілегіміз бар.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Нұр-Сұлтан қаласы.
Суретте: әдебиетші ғалым Қойшығара Салғара мен Талғатбек Жанайдарұлы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіндегі Күлтегін ескерткішінің жанында.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар