Көкшетау мен Қараөткелдің кең көсілген алқабында сансыз бұлақтың күні-түні шапқылап аққан, қара қарғаның миы қайнайтын қырық күн шілдеде кенезесі кепкен даланың таңдайын жібіткен, өсімдік атаулының бойына нәр берген тамаша шағын көнекөз қариялар бүгінде сағынышпен еске алады. Бүгінде булығып аққан бұлақтар туралы сөз сабақтамас бұрын алдымен өңірдің сулы, нулы жер екендігін айта кетелікші.
Бүгінде булығып аққан бұлақтар туралы сөз сабақтамас бұрын алдымен өңірдің сулы, нулы жер екендігін айта кетелікші. Шын мәнінде су байлығы жетіп жатыр. 1959 жылы жарық көрген «Тың аймағындағы жерүсті су қорлары» деп аталатын ғылыми жинақта Көкшетау өңірінде ғана 1515 көл болғандығы айтылады. Тананың көзіндей мөлт-мөлт етіп жататын осы көлдердің 1320-ы суы балдай тұщы көл болған екен. Ал, біз індете іздеп, ізін қаузап отырған бұлақ ше? Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде қара жердің қыртысын қопарған соқаның тісі жапқан, малдың аяғы басқан, табиғатқа жаны ашымайтын адамдардың зияны тигендіктен, көзі бітелген бұлақтар қанша? Бүгінгі күні нешеуі ағып жатыр? Тақырыпты індетіп, табиғатқа тікелей қатысы бар ұжымдарға хабарластық. Өкінішке орай, бұлақ тақырыбы біржола жабылған екен. Баяғыда бітелген көзімен бірге.
Тамылжыған табиғаттың баға жетпес байлығы іспетті көлдердің қаншасы қалғандығын ешкім тап басып айта алмайды. Экоқұрылымның бір бөлігі, бөлігі болғанда да құндысы ретінде қадірлеп сақтаудың есте болмағандығы, қаншама байлықтың көзден таса, көңілден шырақ қалғандығы қынжылтады. Арнасы шағын көлдер жер бетінен мүлдем жоғалып кетті, жоғалып та жатыр, қайсыбірінің табаны тайыздалып, қамыс басқан қорысқа айналды.
Жазық даладағы көлдердің суы тайыз болып келеді. Осынау көлдерді қоректендіретін де қадам басқан сайын кезігетін бұлақтар еді. Бұлақтардың көзі бітеліп, тұншыға тартылуы көл суының тайызданып, құрғап қалуына әкелді. Әдетте таулы-қыратты өңірлердің көлдері терең, суы мол болады. Мұндай көлдерге Әулиекөл, Айнакөл, Зеренді, Шалқар, Имантау сияқты су айдындары жатады. Алайда, су қорын еселейтін бұлақ суы азайған соң бұл көлдердің арнасы тартыла түсуде. Тіпті мақтаулы Шортан, Қопа көлдерінің жағдайы да ақырып араша сұрарлықтай. Жалпы, көлдердегі су қоры оған құйылатын бұлақ суының мөлшеріне, жаңбыр мен қар суына байланысты екені белгілі. Көл суларының ащы, тұщылығы қоршаған ортаның физика-географиялық, биохимиялық әсер етуіне байланысты. Көлге құйылатын су қорының тұз құрамына, қосылатын, не болмаса рәсуа болатын су мөлшеріне де қатысты. Мұның барлығын реттейтін бұлақ суы еді.
Бір кезде бұлақ сулары қоректендірмегендіктен, арнасы тайыздалып бара жатқан Бурабай баурайындағы көлдерді Сергеев су қоймасынан келетін сумен толықтыру туралы ұсыныс та айтылған. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл мүлде қате идея. Басқа эко жүйеден өзіндік микро организмдермен келіп қосылатын су көл суын мүлде өзгертіп жіберуі әбден ықтимал. Алдымен, ихтиологтардың зерттеуінен өткізу керек. Ең абзалы бұрынғы бітеліп қалған бұлақ көздерін аршу. Сонда ғана Бурабай баурайындағы су көздерін сақтап қалуға болады. Жылдан жылға тайызданып бара жатқан көлдердің бірі – Әулиекөл. Бұл көл 1956-1958 жылдары жан-жақты зерттеліп, ғалымдардың пайымдауынша, «кәрі» көлдердің қатарына жатқызылған екен. Себеп, сол кездің өзінде көл табанын лай балшық басып кеткен. Әсіресе, оңтүстік-шығыс жағалаулары. Осы бір өкінішті жайдың себебі, тағы да бұлақ суының тартылуынан. Әсіресе, Иманай сарқырамасы бітелген. Оңтүстік шығыс жағынан келіп құйылатын Сарыбұлақтың да суы азайған. Сол себепті курортты өңірдің кескініне қылау түсіп, күміс көлдердің тағдыры қыл үстінде тұр.
Қазақтың қаншама тарихы бұлақ басына байланған. Жер-жердегі атауларды ақыл таразысына салып салғастыра қарайтын болсаңыз, өткеннің ізі өңірде сайрап жатыр. Табиғаты көркем Біржан сал ауданында да өзге өңірлерде тәрізді бұлақ көп болған. Сол бұлақтардың арқасында орман-тоғай сыңсып өсіп, көк шалғын кісі бойындай қаулап жайқалатын. Көнекөз қариялар өткеннің өңді елесін осылайша еске алады. Сол бір көркем суретті, құнары арылмаған кезеңді сағынышпен көз алдарына елестетеді.
–Біздің Аңғал батыр ауылының тап іргесінде арнасы кең, суы мол бұлақ болып еді, – дейді Аңғал батыр ауылының тұрғыны Төлеген Шәмшиев, – ауылдың жаны ғана емес, малы да су ішетін. Ол кезде ел іші құдық қазбайтын, бұлақ суымен күнелтетін. Қазір көптеген ауылдар ауыз су тапшылығын тартып отыр ғой. Ал, ол кезде мұндай мәселе туындаған жоқ. Өйткені, халық таза, мөлдір, дәмді бұлақ суын пайдаланды. Бұл бұлақ «Аңғал батыр бұлағы» деп аталатын. Заманында жеті рет қажылыққа барып келген Жанбатыр қажы тәрізді қасиетті адамдар су ішкен. Елдің үлкендері көктем шыға бұлақ маңын тазалап, абаттандыратын, көзін кеңейтетін. Жалпы, жер астынан шығып жатқан суға тиісуге болмайды. Көзіне қоқыс, саз балшық түссе, жабылып қалуы оп-оңай. Ақыры солай болды. Қазір бұлақ ақпайды.
Туған жердің төсін түлеткісі келген елге жанашыр азаматтар бұрынғы бұлақ көздерін тауып ашса, ел ырысы еселей түсер еді. Мұндай жақсы мысалдар бар. Ел ішіндегі көнекөз қариялар ілкі заманда мейір қандырған, ел қажетіне жараған суы балдай бұлақтардың қай жерде екендігін білуі әбден мүмкін. Ұлтжанды ұрпақ табиғаттың ен байлығы – ақ бұлақтардың бүгінде бітеліп қалған көзін ашуы ең алдымен елге, жерге деген перзенттік махаббаттың белгісі. Екіншіден, кіндік қаны тамған топырақтағы жарық дүниеге шыға алмай булығып жатқан мөлдір судың көзін ашу сауап.
Бұлақ атауларында ел тарихы екшеліп жазылғандығын айттық. Демек бұл сайын даланы кімдердің бауырына басқандығын айғақтап айтып тұр. Әр бұлақтың атауы өз алдына бір шежіре.
Бүгінгідей қырық күн шілдеде ауыл-ел ішіндегі төрт түлік суға зәру болып отырғанда, айтарлықтай шығын шығармайтын, көп жұмысты қажет етпейтін, есесіне игілігін ел көретін шаруаға бар азамат ат салысса дейсің.
Бұлақ басына байланған тарих соқпағында өзгеше қасиет дарыған, тылсым сырды ішіне бүккен тұс та аз емес. Мәселен, осы аудандағы Жаңатуған ауылы жанындағы Әулиебұлақ.
–Ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның ішінде ағып жатқан осы бұлақтың бір өзіне байланысты қаншама аңыз бар, – деп еді осы ауылдың тумасы, ел ағасы Болат Көшімбаев, – ілкі заманда асқазанына дерт байланған адамдар ат тұяғы жететін жерден әдейі келіп бұлақ суын ішсе, құлан таза жазылып кетеді екен. Демек, ешкім зерттеп көрмеген судың құрамында әлдебір дәрумен заттар болғаны ғой. Түнде бұлақ төңірегіне жанарын қадаған адам жалтылдай жанып тұратын жеті шырақты көреді екен. Сондықтан да, Әулиебұлақ атанған. Ұзақ сапарға шығатындар да бұлақ басына соғып мінәжат ететін болған. Ел іргесі сөгілмей тұрған кезде бұлақ күтілетін. Қазір ауыл көшіп кетті де, қараусыз қалды. Ішің удай ашиды. Жаңатуған ауылының Ұлы Отан соғысына аттанған боздақтары да осы әулиелі жерге түнеп, майдан даласына аттанған екен.
Жақсы мысалды өркениетті елдердің өрісінен іздейтін әдетіміз бар. Шетелдіктер әлдеқашан бұлақ басын абаттандырып, демалыс орнына айналдырған. Ал, біз барымызды түгендей алмай жүрміз.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.