Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерге жерді сатуға, жалдауға біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Парламентке жіберді. Мәжіліс оны белгіленген регламентке сәйкес қарастырып, тиісті шешім қабылдайтын болады.
Бүгінгі күні жер ресурстарын тиімді пайдалануды арттыру мәселесі жергілікті атқарушы органдардың алдында тұрған басым міндеттердің бірі болып табылады. Мемлекет басшысы кеңейтілген Үкімет отырысында жер ауылдықтар үшін қолжетімді болуы тиіс деп айтып, биылғы жылдың соңына дейін пайдаланылмайтын жерлерді қайтаруға тапсырма берді. Қазір елде ауыл шаруашылығы жерлерін коммерциялық мақсатта жалға беріп, сатуға мораторий бар. Жер кодексінің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жалға беру мен сатуға қатысты кей баптарына қойылған мораторий 2021 жылдың желтоқсанында аяқталуы керек. Жер экономиканың маңызды ресурсы. Оны тиімді пайдалану өңірдің стратегиялық дамуымен тікелей байланысты.
Мәселен, Ақмола облысы жөнінде айтатын болсақ, өңірдің жер қоры 14 613,2 мың гектарды құрайды. Оның 10 848 мың гектары ауыл шаруашылығының жері. Осы жерде 4282 шаруа қожалығы мен 1199 заңды тұлға егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. Осы бағытқа 5957,7 мың егіс алқабы, 4419,3 мың гектар жайылым жер, 151,5 мың гектар шабындық жер, 1,6 мың гектар көпжылдық шөп алқабы бөлінген.
–Жерді тиімді пайдалану үшін оны ресурс ретінде экономикалық айналымға тарту қажет. Осыған байланысты облыстық жер қатынастары басқармасы конкурс және аукцион арқылы жер учаскелерін ұсынуда аудандық атқарушы органдардың үйлестіру жұмысына ерекше назар аударады. Өткен жылы облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы айналымына 169 667,45 гектар алқаптағы 331 учаске тартылды. Аукцион арқылы 348 жер учаскесі сатылып, мемлекеттік бюджетке 808 миллион теңге қаржы түсті. Ауыл шаруашылығына бағытталған жерлерді пайдалануға мониторинг жүргізу ережесіне сәйкес, Ақмола облысы ақпараттық технологияны қолданып, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға мониторинг жүргізу бойынша пилоттық өңірлердің бірі болып табылады. Ауыл шаруашылығына бағытталған жерлерге космостан мониторинг жүргізу нәтижесінде арнайы порталға салынған мәліметке сәйкес, облыс бойынша 3 миллион гектар жер, оның ішінде 316,8 мың гектар егіс алқабы пайданылмайтыны белгілі болды,–дейді Ақмола облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралина бізбен әңгімесінде.
Жерді пайдаланушылардың барлығына жерді пайдалану қажеттілігі жөнінде ескерту жіберіліпті. Анықталған егіс және жайылым жерлердің 76277,98 гектары мемлекет меншігіне қайтарылған екен. 729388,7 гектар алқап пайданыла бастапты. Банкрот болған және кепілдіктегі жерлер бойынша істер сотта қаралуда. Бүгінгі таңда 1 153 837,02 гектар жер айналымға енгізілген екен. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында облыс аумағында тұрғындарды жайылым жерлермен қамтамасыз ету жұмысы жүргізілуде. Бұл өзекті мәселені шешу үшін өткен жылы жергілікті атқарушы органдар тиісті шаралар қабылдапты.
–1573,2 гектар жайылым жер қайтарылып алынды. Оның ішінде 934,0 гектар жайылым жерге өзге учаске ұсынылды. 38,2 мың гектар алқапта орналасқан елді мекендердің әкімшілік шекарасына жер қорынан жақын жер учаскелері енгізілді. 3 мың гектар алқап көшпелі мал шаруашылығына берілді. 13 мың гектар алқапты тұрғындардың жа-йылым жер ретінде пайдалануы жөнінде орман шаруашылығы мекемелерімен келісім-шарт жасалды. 1,1 миллион гектар жерді бірлесе пайдалану жөнінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен меморандумға отырдық. Биылғы жылы аудандардың жергілікті атқарушы органдары елді мекендердің шекарасын орнату кезінде 40,8 мың гектар алқапқа жақын жер қорын енгізеді. 4,4 мың гектар жер қайтарылып алынады. 113,2 мың гектар алқапқа көшпелі мал шаруашылығы енгізіледі. Сондай-ақ, жер қатынастары саласында өзекті мәселелердің бірі жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін ұсыну болып табылады.
Бүгінгі күні Ақмола облысы аумағындағы жекеменшік тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін алу кезегінде 121 698 адам тұр. Ең көп кезек Көкшетау қаласының, Аршалы, Целиноград, Шортанды және Бурабай аудандарының үлесінде,–деген басқарма басшысы жоғарыда аталған мәселелердің бәрі облыстық жер қатынастары басқармасының тұрақты бақылауында тұрғанын мәлімдеді. Биылғы жылы облыстағы қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды өткізгеннен кейін жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін 10043 жер учаскесін ұсынуды жоспарлауда. Оның 184-і беріліпті.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.