Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қайтадан «жасыл» аймақтамыз - АРҚА АЖАРЫ

Қайтадан «жасыл» аймақтамыз

Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша өңіріміз «жасыл аймаққа» еніп, коронавирустық инфекцияның біршама бәсеңдегені байқалады.

Ақмола облысында 2021 жылғы 25 наурыздағы коронавирустық инфекцияға байланысты эпидемиологиялық ахуалына келсек, COVID-19 зертханасымен расталған 15 093 жағдай тіркелген. Облыста 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 2057,9, оның ішінде 10105 қауіпті індет белгілері бар, 4988 жағдай симп-томсыз вирус тасымалдаушылар болса, 104 адам көз жұмған. Ересектер арасында 13489 жағдай тіркелсе, оның ішінде 1604-і 14 жасқа дейінгі балалар. Нақтырақ айтсақ, дәрігерге өзі келіп тексеріліп, аурулары анықталған.
Соңғы аптаның ішінде 2021 жылдың 19 наурызынан 25 наурызына дейін COVID-19-дың 350 жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш алдыңғы аптада тіркелген 396 жағдаймен салыстырғанда 1,1 есеге төмендеген немесе 46 жағдайға азайған. Мәселен, соңғы бір тәулік ішінде COVID-19-дың зертханалық расталған 50 жағдайы тіркеліп отыр. Оның ішінде қауіпті індет белгілері бар 38 жағдайдың 12- сі симптомсыз. Сондай-ақ, ОРВИ симптомдарымен емдеу кезінде 31 науқас анықталса, 9-ы байланыста болып, 10-ы профилактикалық тексеріс кезінде тіркеліп отыр. Сонымен, 43 жағдай ересектер арасында, ал, 7-еуі 14 жасқа дейінгі балалар арасында байқалған. Аурудың жағдайлары бойынша Көкшетау қаласында – 28, Целиноград пен Бурабайда бесеуден тіркелсе, Атбасарда үшеу, Степногорск мен Ерейментауда екі-екіден, Біржан сал, Шортанды, Бұланды, Қорғалжын және Сандықтау аудандарында әрқайсысында бір жағдайдан тіркелген.
Жалпы, пандемия басталғаннан бері мектеп оқушылары арасында COVID-19-дың лабораториялық расталған 976 жағдайы тіркелді, оның ішінде 392-сі тұрақты режимде (оффлайн) оқитын мектеп оқушылары болса, 584 қашықтықтан оқытылатындар.
2020-2021 оқу жылының бірінші тоқсанында COVID-19 пандемиясынан 25 жағдай тіркелсе, екінші тоқсанда 223 жағдай, үшінші тоқсанның басынан бастап 714 жағдай тіркелді. Қауіпті індет жұқтырған мектеп оқушылары арасында ең көбі – 369 жағдай Көкшетау қаласында анықталса, 54-і Степногорскіде, 94-і Бурабай, 40-ы Зеренді, 36-сы Сандықтау аудандарында тіркелгенін айтуға болады.
Өңіріміздегі коронавирустық инфекцияға қарсы жүргізілетін вакцинация барысына тоқталсақ, 2021 жылғы бірінші ақпаннан бастап қауіпті індетке қарсы вакцинация науқаны басталды. Бұл вакцинация «Спу́тник V» маркетинг атауы бар «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасымен жасалады. Облыс бойынша коронавирусқа қарсы вакцинация жүргізілетін 24 екпе салу пункті іске қосылды.
Ағымдағы жылғы ақпан айында облысқа 1300 доза вакцина келіп түскен. Бірінші компонентпен 1298 адам екпе алса, 1287 адам вакцинациялаудың толық курсынан өткен. Олардың ішінде ұстаздар қауымынан 20, мемлекеттік қызметшілерден 9, медицина қызметкерлерінен 1223 және басқаларын қосқанда тағы 35 адам вакциналанған.
Облысқа 2021 жылдың 2 наурызында 3700 доза вакцина әкелінген. Сөйтіп, екінші кезеңде ұстаздар мен күштік құрылымдарының қызметкерлері вакцина алған. Онда бірінші компонентпен барлығы 3696 адам екпе алса, оның ішінде 1145-і ұстаздар, 822-сі күштік құрылымдар мен полиция қызметкерлері, 73-і мемлекеттік қызметшілер, 1208-і медицина қызметкерлері мен 448-і басқа қызметкерлер. Екінші компонентпен 345 вакцина егілді, оның 126-сы медицина қызметкерлері, 57-сі мұғалімдер, 120-сы тәртіп сақшылары мен полиция қызметкерлері және 42-сі басқа қызметкерлер.
Биылғы жылдың 18 наурызында өңірімізге 1200 доза вакцина келіп түскен. Үшінші кезеңде медицина қызметкерлері, ұстаздар мен күштік құрылымдарының қызметкерлері вакцинаны алуды жалғастыруда. Коронавирус дегенде, ең бастысы сақтық мәселесі. Сондықтан, өзімізге де, жақындарымызға да жанашыр болайық.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар