Тасқын судан қауіп-қатер көп, қамданбасақ болмайды!

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық жедел штабтың отырысында көктемгі су тасқынын болдырмау мақсатында қабылданып жатқан шаралар пысықталып, осы бағыттағы міндеттер тағы бір нақтылана түсті.

Жиынға аудан, қала әкімдері, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Әкімдік отырысының күн тәртібіне сай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың баяндамасы тыңдалды. Департамент басшысының айтуынша, биылғы жылы көктемгі су тасқынының қауіп-қатері кезеңі күрделі жағдай өтетін түрі бар. Сол себепті, өткен жылы жаз және күз айларында елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу және биылғы жылы апатты болдырмау шараларын жүзеге асыру бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Су басу қаупі бар елді мекендерді қатерден сақтау бойынша жоспарға сәйкес 16 ауданның 43 елді мекендерінде су тасқынының алдын алуға арналған инженерлік-қорғаныс іс-шаралары жүзеге асырылған.
Ағымдағы жылы 2020 жылмен салыстырғанда аудандық және қалалық бюджеттерде төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюға қарастырылған қаражат сол көлемде қалып отыр. Төтенше жағдайлар департаментіне 2021 жылғы облыстық бюджеттен су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге 72 миллион теңге сомасында қаражат бөлінген. Ал, төтенше жағдайға және әкімдіктерге шұғыл жәрдем шығындары үшін 643,4 миллион теңге қарастырылып отыр.
Облыс аумағында апаттың алдын алу үшін 25 наурызда көктемгі маусымды апатсыз өткізу жөніндегі облыстық жедел штаб құрылды.
– Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша төтенше жағдайдың алдын алу үшін 345,8 тонна жанар-жағар май, 11,6 мың тонна инертті материалдар, 87,2 мың қапшықтар қоры дайындалды, – деді Нұрлан Атығаев.
Мәжілісте айтылғанындай, кейбір аудандарда көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары әлі де ширатуды қажет етеді. Бірқатар аудандарда төтенше жағдайлар үшін резервке қаржы бөлу, инертті материалдарды даярлау бойынша жұмыстар сылбыр жүргізілуде. Сонымен бірге, қар тазалау жұмыстарына қатысты да кемшіліктер бар. Бұл туралы Астрахан ауданының әкімі Нұрлан Сейілов, Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов, Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев, сондай-ақ, Сандықтау, Біржан сал, Ерейментау және Зеренді аудандарының басшылары есеп берді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы атап өткеніндей, су тасқынының қатері Астрахан, Атбасар, Аршалы және Целиноград аудандарында анық байқалып отыр. Сол себепті, 26 наурыздан бастап, 10 ауданның аумағында өзен суының бетіндегі мұзды қопсыту және жару жұмыстары қолға алынбақшы.
– Көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Осы мақсатта аудандық бюджеттен 12 миллион теңге қаржы бөлінді, бұдан бөлек, қосымша 30 миллион теңгеден астам қаржы резервте тұр. Жағдай әкімдіктің бақылауында, – деп түсіндірді Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов.
Ал, «Қазгидромет» республикалық кәсіпорны облыстық филиалының директоры Бақыт Мақажанованың айтуынша, қардың қалыңдығы барлық ауданда орташа есеппен 100 сантиметр шамасында болып отыр. Бұл былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 40 пайызға көп. Топырақтың қатуы өткен жылмен сәйкес болғанымен, өзен, көлдерде судың нормасы жылдағыдан артық. Ылғал қоры да 12 пайызға жоғары. Сонымен бірге, ол биылғы көктем ұзаққа созылатынын атап өтті.
Бұдар әрі облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров өңірде апатты жағдайда тұрған 34 бөгет барын, олардың көпшілігінен елді мекендерге қауіптің жоқтығын айтты.
Сонымен бірге, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков автокөлік жолдарының 33 учаскесі қауіпті саналатынын және 359 су өткізу құбыры тазартылғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2015-2020 жылдар аралығында облыс бойынша 700 миллион теңге қаржыға 281 су өткізу құбыры жөнделген. Бүгінгі таңда Астрахан, Атбасар, Егіндікөл, Целиноград аудандарының аумағындағы аудандық маңыздағы жолдар қауіпті саналады. Бұл аймақтарда жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, көліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқарылуда.
Осы орайда, мәжілісті қорытындылған облыс басшысы аудан әкімдері мен жауапты департаменттер мен басқармалардың басшыларынан су тасқынына дайындық жұмыстарын толық көлемде қамтамасыз етуді талап етті.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар