Басқармалардың жұмысы қаралып, міндеттер жүктелді

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде облыстық ішкі саясат басқармасы мен кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өткен жылы атқарған жұмыстарының қорытындылары шығарылып, бүгінгі күн талабынан туындайтын жаңа міндеттері белгіленді.

Облыс әкімі әкімдік мәжілісін бастамас бұрын жергілікті атқарушы органдарда орын алған бірқатар кадрлық өзгерістер жайлы хабардар етті. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Бауыржан Ғайса Көкшетау қаласының әкімі қызметіне тағайындалса, облыс әкімінің өкімімен Владимир Кулаков Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, ал, Мәди Рымжанов «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы Ақмола облысы бойынша өңірлік филиалының директоры болып тағайындалды.
Қала және аудан әкімдері, ведомство басшылары қатысқан әкімдік мәжілісінің күн тәртібіндегі бірінші мәселе – облыстық ішкі саясат басқармасының 2020 жылы атқарған жұмыс қорытындылары мен 2021 жылға арналған жоспарлары туралы аталған мекеменің басшысы Алтынай Әміренова баяндама жасады.
–2020 жылы басқарманың қызметі еліміз бойынша белгіленген атаулы даталар, соның ішінде Абай Құнанбаевтың 175, Әл-Фарабидің 1150, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 және Қазақстан Республикасы Конституциясының 25, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған маңызды оқиғалармен орайлас жүзеге асырылды. Осы атаулы даталар аясында 7,5 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, оның көпшілігіне облыс тұрғындары онлайн режимде қатысты. Есепті жылы бюджеттік бағдарламалар әкімшілері 118 жоба бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жасады. Жастардың бастамаларын қолдау бойынша жалпы құны 12,5 миллион теңгенің 8 жобасы жүзеге асырылды. Тағы 5 жоба отбасылық құндылықтар және көп балалы отбасыларды, қиын өмірлік жағдайда қалған әйелдерді қолдау мәселелеріне бағытталды, – деген басқарма басшысы аудандар мен қалалардағы ішкі саясат бөлімдерінің лоттарында жастар саясаты және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу тақырыптары аз қамтылатынын айтып, осы орайда, қалалық және аудандық әкімдіктерге мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты беру кезінде өңір үшін лоттардың тақырыптарының маңыздылығын ескеруге ұсыныстар айтылғанын жеткізді.
Бүгінгі таңда облыста 700-ге жуық үкіметтік емес ұйым әділет органдарының тіркеуінде тұрғанымен, осылардың ішінде жұмыс істеп тұрғаны 298 ұйым ғана. Осы ретте, облыс әкімі ішкі саясат басқармасына азаматтық қоғаммен байланысты нығайтуды тапсырды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша біздің облыс республикада үздік бестіктің қатарында. Бағдарлама аясында облыста түрлі форматтағы 8 мыңнан астам іс-шара өткен. «Туған жер» арнайы жобасы шеңберінде меценаттар құны 6,2 миллиард теңге болатын 1 мыңнан астам әлеуметтік бастамаға қолдау білдірген. Атап айтсақ, өңірде жаңадан 37 нысан салынып, тағы 38-і жөндеуден өткен. Осы атқарылған жұмыстарға қарамастан, өзге өңірлермен салыстырғанда біздің облыста «Туған жер» арнайы жобасы аясында қолға алынған жобалар аздау екен. Сол үшін өңір басшысы аудан және қала әкімдеріне әлеуметтік-экономикалық мәселелерден бөлек, идеология мәселелерімен де айналысу қажеттігін ескертіп, «Рухани жаңғыру», соның ішінде «Туған жер» бағдарламасы бойынша жұмыстарды ширатуды тапсырды. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңның былтыр қабылданғанына қарамастан, Қорғалжын ауданында әлі күнге дейін бейбіт жиналыс өткізуге арналған жердің тіркелмегені үшін аудан әкіміне ескерту жасады. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының баяндамасына сүйенсек, былтыр облыс аумағында коронавирус пандемиясының салдарынан жұмыссыздық көбейген. Тағы бір айта кететін жай, кейбір аудандарда жастармен жұмыс істеуге бөлінетін қаржы көлемі мардымсыз көрінеді. Сондықтан, облыс әкімі биылғы жылдың екінші тоқсанында аудан және қала басшыларына жастармен жұмыс бағытына қаржы көлемін арттыруды тапсырды.
Сондай-ақ, әкімдік мәжілісінде кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов өзі басқарып отырған мекеменің былтырғы жылғы жұмыс қорытындылары мен биылғы жылға арналған жоспарлары туралы хабардар етті.
–2020 жылы тауар айналымынан басқа, барлық негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілді. Екі мақсатты индикатор бойынша жоспар орындалды. Өңдеу өнеркәсібінің жеке көлем индексі 109,6, ал, өнеркәсіптің жеке көлем индексі 106,6 пайызды құрады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласында өндіріс көлемі 1,021 триллион теңгеге жетті. Бұл тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткен жақсы жетістігіміз, – деген басқарма басшысы былтыр ірі қара мал етінің экспорты 2 есеге, зығыр тұқымыныкі 1,5 есеге, полиэтилен пакеттері мен қаптарыныкі 10,5 пайызға, ұн экспорты 2,8 пайызға өскенін мәлімдеді.
Әкімдік мәжілісін қорытындылаған Ермек Маржықпаев аудан және қала басшыларына өңірге инвестиция тарту, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына кәсіпкерлерді қатыстыру бойынша бірқатар жаңа міндеттер жүктеді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар