Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі ұлыстың ұлы күнін тойлау аясында «Былғары. Көшпенділер мұрасы» атты көрме ұйымдастырды. Көрмеге келушілер қазақ халқының мәдени мұрасы – былғарыдан жасалған бұйымдармен таныса алады.
Облыстық тарихи өлкетану музейінің қорында 60-тан астам теріден жасалған бұйым бар. Арнайы ұйымдастырылған бұл көрмеге ХХ ғасырдың басында қолданылған көнек, саба сияқты бие сүтін сақтауға арналған былғары ыдыс-аяқтар, торсықтың түр-түрі қойылыпты. Ал, мұндағы сабаны музейдің тапсырысы бойынша жергілікті қолөнер шебері Рүстем Шәріпов жасаған екен. ХХ ғасырдың басында қолданылған ішекті аспаптардың атасы – қобыз, сол кезде жауынгерлердің оқтарын сақтауға қолданылған кісе белдік, ер тоқым және басқа да ат әбзелдері, терлік, саптама етік көшпелілер мәдениетінен сыр шертіп тұрғандай.
–Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес теріден жасалған бұйымдарды көрмеге қойдық. Мұның барлығы қазақтың ұлттық дәстүрін, өнері мен мәдениетін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында жасалып жатыр, – деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қуаныш Шақшақов.
Көрме кезінде былғарыдан бұйымдар жасаудың шебері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Рустам Яковлев шеберлік сағатын өткізіп, тез арада тұмар жасап, көпшілікті таңдандырды. Шебер қолөнер бұйымына ою-өрнек салған кезде бояуға ешқандай химиялық қоспаны қолданбайды. Сол себепті де түсі өңбейді.
–2016 жылдан бері қолөнер бұйымын жасаумен айналысып келе жатырмын. Көркем графикалық факультетті тәмамдағанмын. Белбеу мен әмиянға сұраныс көп түседі, – дейді Қазақстан
Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, шебер Рустам Яковлев.
Көрмені тамашалауға келгендер шеберлер жасаған былғары бұйымдармен танысып, көшпенділердің сән технологиясына тәнті бола алады. Көрме бір ай бойы жұмыс істейді.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.