НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Баян Ахметжанова қазақстандықтарды карантин талаптарын сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Құрметті қазақстандықтар, жерлестер! Біз ұзақ уақыт шыдап, күресу үшін күш тауып, коронавирусқа қарсы тұруға тырыстық. Бірақ әзірше бірде ол иліксе, бірде біздің күшіміз жетпей жатыр. Бүкіл әлем бетперде тағып, бір-бірін, өз ошақтарын қорғауды күрестің негізгі тәсілі етіп қабылдады. Біз де соған қосылып, тағы біраз шыдайық, патриот болайық», — дейді Баян Ахметжанова. Қоғамдық ұйым өкілі санитарлық нормаларды сақтаудың қаншалықты маңызды екеніне де тоқталды. «Бәріміз өз отбасымыздың қамқоршысы екеніміз анық. Бірақ сыртқа шығып, адамдармен араласу арқылы инфекцияны үйге әкелуіміз мүмкін. Сондықтан өзімізді, балаларды, қарияларымызды қорғау үшін басы артық барыс-келістен сақтана тұрайық дегім келеді. Біз тәртіпті болуымыз керек және осынау күрделі шақты еңсеруге тырысуымыз қажет. Жалпыға ортақ ережеге бағынбайтын еркіндікке қарағанда өмір қымбатырақ», — дейді «Арадагер» бірлестігінің басшысы. Қоғам қайраткері коронавирустың қайтадан қарқын ала бастағанынан қауіптеніп отыр. Жаңа штамдардың біздің елде де тіркелуі әрбір азаматты ойлантуы керек дейді. Індеттің зардабы ауыр болмас үшін бүгіннен бастап қамдану қажеттігін, осы тұрғыдан келгенде Алматыда карантин талаптарының күшейтілгенін құптайтынын айтады. Қажет болса, Қазақстанның өзге қалаларында да шектеулерді қатаңдату керек деп есептейді.
https://www.inform.kz/kz/omir-erezhege-bagynbaytyn-erkindikten-kymbat-kogam-kayratkeri_a3769031