НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрағасы Айгүл Соловьева Қазақстандағы карантин талаптарының күшеюіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айгүл Соловьева: Дерт дендемесін десек, карантин талаптарын сақтауымыз керек

«Менің ойымша, карантин талаптарын қатаңдату – дұрыс. Ертең вирус етек жайса, қанша өлім әкелетіні белгісіз. Бүкіл әлем халқы локдаунға да, ерекше режимге де бағынуға мәжбүр. Менің ойымша, біз де солай етуіміз керек. Өйткені өзгелерден ерекше емеспіз. Алматыда коронавирустың оңтүстік африкалық және британдық штамдары табылды. Олар түрленсе, салдары қандай болатынын болжай алмаймыз», – деді Айгүл Соловьева агенттік тілшісіне телефон арқылы берген пікірінде. Экологиялық ұйымдар қауымдастығының басшысы қазір карантин шектеулері демократиялық елдерде де қалыпты жағдайға айналғанын еске салды. «Бір қызығы, локдаун жарияланса, бәрі наразылық білдіреді. Ал өлім-жітімнің көбейгені туралы «қаралы хабарлар» тараса, тағы билікке кінә таға бастайды. «Үкімет қайда қарап отыр», «Арнайы қызметтер не істеп жүрген» деп сынап-міней бастайды. Менің ойымша, бұған мойынсұну керек немесе локдаунды әлемдік ауқымда ойдан шығарылған дүние екенін дәлелдеу керек. Өз басым осылай түсінемін. Содан кейін заңға бағыну — өркениеттілік пен демакратиялық қоғамның негізгі көрсеткіші. Көптеген демократиялық елдер мейрамханаларды жауып тастады. Бәрі қамалып отырғанда біреулердің түнгі клубтарда серуендеп жүруі мүмкін деген ой олардың басына да кіріп шықпайды»,-дейді қауымдастық төрағасы. Ол кейінгі күндері ауруханалардың қайта науқастарға тола бастағанына да алаңдап отыр. «Қазір ауруханаларға барсаңыз төсек-орындар толып қалған. Ал оның шығыны қандай? Түсінеміз, әлеуметтік белсенділік төмендеп жатыр, сонда да біз бұған мойынсұнуымыз керек. Жай ғана үйден шықпаңыздар. Мен ахуалды күнделікті бақылап отырамын, динамика, күн сайын өсіп барады. Бұлай кете берсе, шетін жағдайға жетуі мүмкін. Оған жеткізбей үшін локдаун деген керек. Үкімет соның қамын ойластыруы керек, ал біз азамат ретінде шараларға бағынуымыз керек», – деп түйіндеді Айгүл Соловьева.

https://www.inform.kz/kz/aygul-solov-eva-dert-dendemesin-desek-karantin-talaptaryn-saktauymyz-kerek_a3769024

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар