Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бірқатар мәселелер шешімін табатын болды - АРҚА АЖАРЫ

Бірқатар мәселелер шешімін табатын болды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өткен сейсенбі күні жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап көрді, ондағы жағдайдың барысымен танысып, тиісті міндеттерді белгіледі.

 Өңірге сапары барысында облыс әкімі алдымен Бурабай ауданындағы «ОСКО етті қайта өңдеу кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрып, республика көлемінде шұжық өнімдерімен және ет деликатестерімен танымал кәсіпорынның жұмысымен таныс-
ты. Серіктестіктің бас технологы Сергей Федоренконың айтуынша, кәсіпорын өнім шығарумен 1996 жылдан айналысады. Қазіргі таңда мұнда 35 адам жұмыс істеп, орташа есеппен 150 мың теңге еңбекақы алады. Кәсіпорында жылқы, сиыр, тауық және шошқа етінен пісірілген, жартылай қақталған шұжықтар мен деликатестер жасап шығарылып, облысымыздың және де Нұр-Сұлтан қаласының дүкендерінде, сонымен қатар, серіктестіктің «ОСКО» фирмалық дүкендерінде де сатылады. Өнім шығару үшін шикізат іргелес аудандармен қатар, Ақтөбе, Павлодар қалаларынан да жеткізіледі. Технолог маман шикізатты алыстан тасуға өзге өңірлерде ет бағасының арзан болуы себеп екенін айтты. Осы ретте, облыс әкімі ширек ғасырдан бері сапалы өнім шығарумен айналысып келе жатқан кәсіпорын басшылығына мемлекетіміздің бизнеске қолдау білдіруге қашанда әзір екенін, ол үшін арнайы бағдарламалар барын айтып, істеріне табыс тіледі.
Одан кейін әкімнің ауданға сапары Щучинск қаласындағы жоғары техникалық колледжде жалғасты. Былтыр мұнда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Алайда, 87 жыл бұрын бой көтерген ғимарат бүгінгі күні күрделі жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар, үшінші қабатта орналасқан спорт залы да оқушылардың спортпен айналысуына тар. Әкімнің сапары кезінде осы мәселелер шешім тауып, биыл құжаттар әзірленген жағдайда келесі жылы ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге ақша бөлінетін болды. Бүгінде аудан орталығындағы жоғары техникалық колледж 17 мамандық бойынша кадрлар даярлайды. Жыл сайын түлектердің 74 пайызы жұмысқа орналасса, соның ішінде, аспазшы мамандарға еңбек нарығында сұраныс жоғары екен.
Ал, жұмыс сапары кезінде облыс әкімі болған келесі білім ошағы Қатаркөлдегі ауыл шаруашылығы колледжінде жағдай қиындау. Жобалық қуаттылығы 460 орынды құрайтын білім беру мекемесінде осы күні 210 оқушы білім алуда. Колледж басшылығының айтуынша, мекеменің кәсіптік білім беруде тәжірибесі мол, оқу жабдықтары жеткілікті және мұнда білікті оқытушылар еңбек етеді. Соған қарамастан, мұнда білім алушылар саны жыл санап азаюда. Ермек Маржықпаев мәселеге алаңдаушылық білдіріп, ұзақ жылдар бойы елімізге ауыл шаруашылығы мамандарын даярлап келген бұл колледжді қалайда сақтап қалудың, оған жастарды көптеп тартудың оңтайлы жолдарын қарастыру қажеттігін айтты.
Бүгінгі таңда ауданда мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, өндіріс көлемін арттырып келе жатқан кәсіпорындар аз емес. Солардың бірі ауданға қарасты Ключевой селосында минералды су және алкогольсіз сусындар шығарумен айналысатын «AQUA Innovation Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорынның жылдық жобалық толық қуаттылығы 5 миллион литрді құрайды. Әзірше мұнда жылына 500 мың литр су өндіріліп, жекелеген мекемелерге тасымалдануда. Мұнда болғанында су тазарту технологиясымен танысқан өңір басшысы серіктестіктің жұмысына оң баға беріп, бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау білдіруге әзір екенін жеткізді.
Щучинск қаласындағы П.И.Морозов атындағы №3 жалпы орта білім беретін мектепте білім сапасының төмендеуі ғана емес, мектеп ғимаратының жобалық қуаттылығынан оқушылар санының екі жарым есе көп болуы да мәселе туғызып отыр. Әзірше, білім ошағы оқушыларды екі ауысымда оқытуда. Алайда, оқушылар саны көбейсе, бұл үш ауысымдық оқыту мәселесіне алып келуі мүмкін. Облыс әкімі мәселені назарға алып,
мектеп басшылығына білім сапасына жіті мән беруді тапсырды.
Облыс әкімінің ауданға сапары кезінде Щучинск қаласындағы бос жатқан ғимаратты музей ғимараты етіп қайта салу, Қатаркөлдегі ескі спорт нысанын қайтадан қалпына келтіру мәселелері шешім тапты. Сондай-ақ, соңғы аталған селодағы Досов атындағы орта мектепке үстіміздегі жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізілетін болды. Бұл мақсатқа бюджеттен 303 миллион теңге қаржы бөлінді.
1 сәуірден бастап Қатаркөл ауылында да коронавирусқа қарсы екпе жүргізіледі. Сапар соңында Қатаркөл селосындағы дәрігерлік амбулаторияда болған Ермек Маржықпаев мұндағы ақ халаттылармен пандемия жағдайындағы жұмыс барысы туралы әңгімелесіп, тұрғындардың екпе алуға деген көзқарасы жайлы сұрады. Дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігерінің айтуынша, осы уақытқа дейін амбулаторияның төрт медициналық қызметкері коронавирусқа қарсы екпе алған және ауыл тұрғындары да індетке қарсы вакцина алуға көптеп ниет білдіріп отырған көрінеді.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар