Елімізде ауыл шаруашылығына бағытталған жердің бір бөлігі жалпы үлескерлер меншігінде тұр. Мәселен, Ақмола облысында 100 мыңға жуық адам 2,5 миллион гектар жер үлесіне ие. Бұл жер өңірдегі барлық алқаптың 25 пайызын құрайды.
Осы орайда, серіктестіктің жарғылық капиталына жарна ретінде өз жерін енгізген пайшылармен өзара қарым-қатынастың қайсыбіріне назар аударғым келеді. Жер үлесінің кейбір иелері Қазақстаннан баяғыда көшіп кетіп, шетелдерде тұрады. Бірақ, олар жер үлесіне деген өз құқын сақтаған. Жақын арада маған Ресей, Беларусь тәрізді өзге де елдерге жыл сайын үлесақысын аударатын Жарқайың ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі жолықты. Осыған байланысты елімізде тұрмайтын адамдар жер үлесінің иесі болмауы керек деген заңнаманы бекіту қажет деп есептеймін. Олар елден кетерде өз үлесін ортақ жерді пайдаланушылардың өзге қатысушыларына сатуы керек.
Тағы бір мәселе жөнінде айтсақ, жер үлесінің әрбір иесі шаруа қожалығын ұйымдастыру үшін өз жерімен серіктестіктен шығуға құқы бар. Бірақ, бұл тәжірибеде болуы мүмкін емес немесе үлкен айғай-шу туындайды. 54 бапқа сәйкес, жер учаскесін бөлу жөніндегі шешім жалпы жиналыс-пен қабылданады. Жиналысқа кем дегенде қатысушылардың 50 пайызы қатысуы тиіс. Кейбір серіктестіктердің 10-15 селода тұратын 2 мың қатысушысы бар. Оларды бір орынға жинау мүмкін емес. Бұл жағдайды адал емес құрылтайшылар өз мақсаттарына пайдаланып, шаруа қожалығын құруға қарсы тұрады.
Өзге жағынан қарасақ, соңғы 2-3 жылда ауыл шаруашылығының тиімділігі артып келеді. Бизнестің кейбір өкілдері жоғары үлесақы төлеуге уәде беріп, пайшыларды өзіне тартады. Нәтижесінде жұмыс істеп тұрған шаруашылықтың іргетасын шайқалтады. Осылай жер учаскесін тартып алу оқиғасы да кездеседі. Бұл әділдікке жатпайды. Бүгінгі күнгі жерді пайдаланушылар ең қиын кезде сұранысы аз ауыл шаруашылығына және жерге қаржы салды. Бұл арада дұрыс шешімге келу керек.
Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында жер үлесін қайтару үшін банктерге кепілдікке салынған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет сатып алу жөнінде ұсыныс айтылды. Бұл үшін үлкен қаржы қажет. Осы орайда, өзге нұсқаны қарастыруға болады. Қаржы институттары кепілдікті қамтамасыз ету ретінде жер учаскелерін алу кезінде оның бағасын төмендетеді. Осыны есепке алып, үлесті сақтаумен банкке салынған жер учаскелерін сатуды заңды түрде міндеттеуге болады. Мұндай тәжірибе облысымызда бар. Несиелік серіктестіктер жер үлесінен құрылған жер учаскелерін кепілдікке алады. Егер келешекте несие қайтарылмай, жер сатылатын болса, сатып алушы үлескерлерді өзінің серіктестігіне жер үлесімен құрылтайшы ретінде кіргізеді. Осылай үлескер өз жерінен айырылмайды.
Келесі мәселе жайылым жөнінде болмақшы. Малы жоқтар жайылым жерлерді қайтаруы тиіс. Бұл түсінікті әрі дұрыс. Бірақ, бұл жерде адамдар мәселені түсіндіруді қажетсінеді. Егер бұл жайылым жер жер үлесінде тұрса не істеу керек? Бұл серіктестік мал шаруашылығымен айналыспайды. Бірақ, серіктестік қатысушыларының қорасында мал бар. Тұрғындардың малын бағу үшін бөлінген ауылдық елді мекендердің жайылым жері норматив бо-йынша қарастырылғаннан 2-3 есе аз.
Мал шаруашылығымен айналыспайтын серіктестіктің жайылым жерін алу кезінде қатысушылардың мал басы санын ескеру керек. Комиссияның бірінші отырысында субарендаларды заңдастыру жөнінде ұсыныс жасалды. Бұл дұрыс емес деп есептеймін. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы жерлерінің субарендасына рұқсат жоқ. Бірақ, барлық жерде көлеңкедегі субаренда көбеюде. Жер учаскелерін тіркеген, бірақ, өздері жұмыс істемейтін көптеген шаруашылықтар бар. Олардың ауыл шаруашылығы техникалары мен өндірістік базалары жоқ. Жерді өзге ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына жалға береді. Бұл үшін бірге жұмыс істеу жөнінде келісім-шарт жасалады. Дегенмен, біреу тек қана жерін ұсынады. Ал, барлық жұмысты өзгелері атқарады. Бұл жерде нақты жұмыс істейтіндердің несие алуға мүмкіндігі жоқ. Өйткені, олардың өз жері жоқ, субсидия да алмайды. Бұл жер учаскелері тексерілмейді. Өйткені, мұндағы жер өңделіп, дәнді дақылдар егіледі. Бірақ, аудандағылар бұл жерде нақты кім жұмыс істейтінін біледі. Біз көлеңкелі субаренда болмауы үшін жерде жұмыс істемейтіндердің жер учаскелері мемлекеттік меншікке қайтарылуы керек деген шешім қабылдауымыз тиіс.
Өз басым ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке сатуға қарсымын. Жерге сенімді түрде қаржы салуға ұзақ мерзімге жалға алудың өзі жеткілікті. Адал жер пайдаланушы космостан жүргізілетін мониторингтен, жерді тиімді пайдалану бойынша әртүрлі тексерістен қорықпайды. Егер жер учаскелері мақсатты пайдаланылса, жалға алынған жердің мерзімі біткеннен кейін оны ұзартпайды деп үрейленудің қажеті жоқ.
Нартай ЫСҚАҚОВ,
«Қараөзек» агрофирмасы» серіктестігінің директоры,
Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі.
Зеренді ауданы.