Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Болмысы дара азамат - АРҚА АЖАРЫ

Болмысы дара азамат

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмірдің Көкше жеріне келіп, осы жауапты лауазымда қызмет атқарып жатқанына көп уақыт өте қойған жоқ десек те, содан бері 3-4 жылдай уақыт зырлап өте шығыпты.

Көкшенің халқы жақсы мен жайсаңды көп көрген талғампаз ғой, әсіресе, талай өмір өткелдерін бастан кешкен аға буынның бастапқыда Досжанға сынай, тосырқай қарағаны рас. Ол жөн-жоба білерін бірден аңғартып, Көкшенің зиялы қауымын, ардагерлерінің басын қосып, кішіпейіл ізеттілікпен, «Ал, ардақты ағаларым «адамның басы Алланың добы» демекші, орталарыңызға құдай айдап келіп қалдым, ең әуелі өздеріңізбен амандасып, жүз көрісіп, жақынырақ танысып алайын деп едім. Сіздерді білмей, алдарыңыздан өтіп алмай тұрып, қызметке кірісіп кетуді жөн санамадым» дей отырып, ағынан жарылып, өзін таныстырды, өмір жолы, атқарған қызметінен қысқаша баяндап өтті.
Адалын айту керек, Досжан бауырымыз қара сөздің қаймағын қалқығандай шешен тілімен әрі жинақы, байсалды қалпыменен, мейлінше, қарапайым мінезімен баурады. Ірікпесі, бүкпесі жоқ, ашық-жарқын, жайдары азамат екен, халықпен, әсіресе, аға буын санатындағы ағаларымен тез шүйіркелесіп, тіл табысып кетті. Өзі де ел тарихын жақсы білетін, қазақтың арғы-бергі өткеніне құрметпен қарайтын көшелі азамат екен, оның ішінде, Көкшетаудың қилы кезеңдерінен хабардар, әсіресе, байтақ жұртқа кеңінен танымал тілінен бал тамызған әйгілі би-шешендерін, хан-сұлтандар билігі дәуірін, жампоз сал-серілердің өнері туралы көсіле сөйлеп, ортаны риза етті. Және көкірек кермесі жоқ, «қарсы болмасаңыздар әрбір істерімде өздеріңізбен ақылдасып, кеңесіп отырсам деп едім, өйткені, бұл елдің өзіндік ерекшелігін өздеріңізден артық білмеймін ғой» дегені де тұрғылықты жұртшылықтың көңілінен шықты. Содан бері Досжан өзіміз секілді ардагер ағаларын назардан тыс қалдырмай, келелі мәселелер қозғалған жиналыс, түрлі бас қосуларына, конференцияларына шақырып отырды. Іске қатысы жоқ демей, үлкендердің пікір-көзқарастарына құлақ асып, «өмір тәжірибелеріңізбен бөлісіңіздер» деп отыратыны оның алды-арты кең, өрісті азамат екенін аңғартса керек.
Әрине, «азаматты ісінен таны» демекші, оның заң саласындағы істерін қалай жүргізетіні, қызмет бабындағы өзіндік ұстанымы әркімдерді қызықтырары сөзсіз. Сүйсінерлігі, Досжан ізденімпаз, іскер азамат екен, заң аясында бұрынғы таптаурын сүрлеумен іс жүргізу мүлде ұнатпайды, үнемі тың, жаңашыл бағытта жұмыс жүргізіп отыруға тырысады.
Ал, бұл бағытта Досжан халқымыздың байырғы іс-тәжірибелерін тірілтіп, қолдануға әуес. Ұлтын, өткен тарихын қатты қадірлейтін азамат, қазақ елінің отарлау саясатына дейінгі хандық дәуірлерде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дәурен кешкенін, тату-тәтті, береке-бірлікпен өмір сүргенін дала заңының берік болуынан деп біледі. Ежелгі сақ, ғұндар мемлекетінің гүлденген дәуірлеріне, Шыңғыс ханның Еке Ұлыс мемлекет жүйесін құруы, Қарахан мемлекеті дәуірі, Алтын Орда, одан кейінгі Көк Орда, Ақ Орданың дүбірлеген замандарына тереңдесек тым алысқа кетеміз, оларды қозғамағанның өзінде, Керей, Жәнібек хандардың Қазақ Ордасын құруының өзі мықтап ойластырылған мемлекеттік тұғыр, заң жүйелерін нығайтудың нәтижесі екендігі сөзсіз. Өйткені, белгілі бір елдік заң ережелерге сүйенбей, мемлекет болып қалыптасу, ішкі-сыртқы экономикалық-әлеуметтік қиындықтарға төтеп беру мүмкін болмас еді. Оның үстіне, енді ғана аяғынан тік тұрып, өркендеуге, құлашын кеңге жаюға ұмтылған Қазақ Ордасын жұтып қоюға, халқын жермен-жексен етіп, жерін иеленуге құмартқан жаулары да көп еді.
Сондықтан, Керей мен Жәнібек ел болып қалу үшін заңды күшейтті, ішкі тәртіпті нығайтты. Олардың ұрпақтары осы бағыттағы үрдісті жалғастырды. Осылайша Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы тарихи атаулары пайда болды. Бұл – халықтық атаулар, сол дәуірдің мемлекеттік заңы, яғни, конституциялық ережелерінің жиынтық атауы болатын. Солардың арқасында қазақ іргелі ел болды, дәуірледі, жауларына қарсы тұра алды. Мұнда бізді хан-сұлтандарымыз өздерінің ілгері өткен ата-бабаларының қолданған өмір тәжірибелеріне, әдіс-тәсілдеріне арқа сүйеді. Сөйтіп, Қазақ Ордасы дамудың сара жолына түскен болатын. Ал, енді қазіргі тәуелсіз қоғамда сол ата-бабаларымыздың дәуірлеген замандарындағы заң ережелеріне, елдік тұғырларына неге арқа сүйемеске, неге жаңғыртпасқа? Сан ғасырлар бойы жалғасып келген сол өлмес, өміршең елдік қағидаларды қазір де кәдеге жаратуға бізге кім кедергі жасай алмақ?!
Мысалы, әз Тәуке хан билеген замандағы Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер жүйелеп, қалыпқа түсірген «Жеті жарғы» ежелгі тарих тәжірибелерінің жиынтығы болатын. Ал, осы тәжірибелерге біз қазір неге шекеден қарауға тиіспіз?!
Міне, заң саласының жаңашыл-реформаторы ретінде Досжан Әмірді көбірек мазалайтын осы мәселе. Намысқой, жігерлі азамат ата салтының жоқшысы ретінде кеңестік жүйенің тәжірибесіне емес, ата-бабалар жолына көбірек жүгінгенді жөн көреді. Шынында да, неге біз кешегі отарлық қамытын киген патшалық қоғамды, империялық отарлаушы бағытты одан әрі жалғастырып, күшейте түскен кеңестік саяси жолдардан арыла алмай келеміз? Мұның өзі біздің құлдық психологиядан ұзап кетпегеніміздің белгісі болмай ма?
Міне, жаңаша бағыт жолындағы заңгер Досжан Әмірдің негізгі ұстанымы осы. Ол ежелгі елдік салттарымызды тірілтіп, әрі қарай жандандыра түсуіміз қажет деп біледі. Әрі бұл бағытта нақты істер тындырып, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп жүрген азамат.
Досжан Әмірдің сот істерінің тарабындағы жаңашылдығы дегенде, ең алдымен, ауызға алынары, оның өз қызметіне кірісе салысымен мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуді батыл жолға қойғандығы дер едік. Көптеген шаруашылық салаларында, бұл мәселе баяғы жартас, сол жартас болып, әлі де сол кеңестік таптаурын сүрлеуден шыға алмай, үйренген орыс тіліне бұрылып кетіп жатқандығы шындық. Досжан Әмір осы мәселеге үлкен мән беріп, сот істерін ана тілінде жүргізуді қолға алды. Қазақ тілін түсінбейтін немесе шорқақ білетін қызметкерлерінен тез арада, шұғыл мемлекеттік тілді меңгеруін талап етті. Бұл талап тым қатаң болып көрінсе де, өзгелерге зор өнеге болды. Өйткені, мәселені осылайша, өткір қоймасаң, сеңнің бұзылмасы, істің бұрынғыша жүре берері анық еді.
Сөйтіп, облысымыздың жаңа сот төрағасы ә дегеннен бұл бағытта үлкен бастама көтеріп, тың серпіліс жасады. Осы талаппен қатар, іс қағаздары да мемлекеттік тілде толтырыла бастады. Мұның бәрі басында біршама қиындықтар тудырғанымен, басшының қатаң талабы бұл ортаны қамшылай түсті, білгені білмегенін үйретіп, міне, осы кезеңдерде сот мекемелерінде ана тілін қолдану аясы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Сот істеріне, әрқилы шараларына куә болып жүрген халық та, оның ішінде өзіміз сияқты ардагерлер де мұны нақты көзіміз көріп, сот төрағасының белсене қолға алған осы жұмысына риза болып жүрген жағдайымыз бар. Бұл көп көңілінде көптен келе жатқан түйткіл болғанымен, шешімді әрекет жасауға екінің бірі бел шешіп кірісе қоймаған шаруа еді. Сондықтан, Досжан бауырымыздың өз ана тіліне жаны ашитын осы ұстанымы кім-кімді де қуантары анық.
Сосынғы тағы бір көкейімізден шыққаны сот төрағасының өз жұмысында бұрынғы билер сотын жандандырғаны. Яғни, қазақта бұрын ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен терең ойлы билер, тіпті, жүйелі заң ережелері болған. Бұлар болмаса, ел іргесі берік болмасы, мемлекет ретінде нығаймасы анық-ты. Бұған Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы кезеңдері, ежелгі халық тәжірибелеріне сүйеніп шығарылған әйгілі Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билер негіздеген, Әз Тәуке хан бекіткен «Жеті жарғы» заң ережелері сияқты мысалдар жеткілікті. Міне, соларды сот төрағасы қызмет бабында пайдаланып жүргендігі арнайы конференцияларда талай дәлелденді.
Біздің өзіміз де осы тақырыптардағы бірнеше іс-шара, конференцияларға куәгер болып, Досжан Әмірдің бұл тараптағы қажырлы істеріне сан рет сүйсініс білдірдік. Айта берсек, оның мұндай абыройлы істері көп.
Міне, ортамызда жүрген осындай тұлғалы азаматтың көктеммен бірге келетін туған күні де келіп қалыпты. Қасиетті Абылай хан Қазақ ордасының шаңырағын тіктеген Көкше жеріндегі осынау қуанышың құтты болсын, Досжан бауыр! Әйгілі бабаң салған жол, саған да құтты жол болды деп білеміз. Абыройың асып, мәртебең көтеріле берсін. Отбасыңа амандық, бақыт тілейміз. Біз сияқты тілектес ағаларыңның қатары қалың болып, үнемі өзіңді, ісіңді қолдап жүре беруімізге жазсын!
Тельман Мұқышев,
Шабдан Тоқмурзин,
Сәбит Шағыров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар