Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға көңіл бөлінуде

Әр бала бақытты болуға лайықты. Әсіресе, мына жарық дүние есігін ашқан әр сәбиге өз елінде білім нәрімен сусындап, тиісті тәлім-тәрбие алуға мүмкіндік жасалуы тиіс. Дегенмен, қай елде болсын, ерекше білім беруді қажет ететін балалар бар екенін де ұмытпауымыз керек.

Ақмола облысында ерекше білім беруді қажет ететін 10384 бала тіркелген. Оның 1507-сі туғанынан мүгедек балалар. Оларға педагогикалық-психологиялық тәлім-тәрбие беруді мемлекет мойнына алған. Білім беруде ерекше тәсілді талап ететін балалардың қандай маман көмегіне мұқтаж екенін анықтау және тиісті көмек ұсыну процесі мемлекеттік қызмет түрі ретінде тіркелгені белгілі. Былтыр, өңір педагогтары мұндай көмекке мұқтаж әрі бұрын тіркеуге алынбаған 2 жарым мыңға жуық баланы анықтапты.
Аудан орталықтарында орналасқан ерекше балаларға арналған түзету кабинеттеріне шалғай ауылдардан қатынайтын балдырғандар да бар екен. 2020 жылы маманданған осындай 7 кабинетті көлікпен қамтуға қазынадан 75 миллион теңге бөлінсе, биыл тағы 7 ауданды қамту мақсатында 94 миллион теңге қарастырылған. Бурабай және Целиноград аудандарындағы педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттерінің қызмет аясын кеңейтуге  30 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды.
– Облыс аумағында арнайы білім беру мекемелерінің бірыңғай желісі қалыптасқан. Өңірде  педагогикалық-психологиялық 19 түзету кабинеті, арнайы 4  мектеп-интернат бар. Сонымен қатар, Көкшетау қаласында «Мейірім» оңалту орталығы, Ақкөл ауданында орналасқан мектеп-балабақша кешені, Степногорск, Атбасар және Көкшетау қалаларында 4 кеңес беру орталықтары қызмет көрсетеді, –дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Майя Темірбаева.
Орта есеппен әрбір арнайы білім беру нысанының жылдық бюджеті 49 миллион теңге шамасында.  Логопед, психолог, тифлопедагог тәрізді мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында Алматы қаласындағы ғылыми орталықпен байланыс орнатылған. Сонымен қатар, ата-аналарды ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмысқа баулу бағыты қолға алынған.
Біржан сал ауданындағы мұндай педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті 2004 жылы құрылыпты. Ол нысан 17 жыл бойы сөйлеу қабілеті кеш дамыған, физиологиялық және ментальдік тұрғыдан кәсіби тәлім-тербиеге мұқтаж балалармен жұмыс істеп келеді.
–Бір жылда 60-70 балаға көмек көрсетеміз. Бізге тілі шықпаған немесе тұйық балалар жиі келеді. Біз оларды қоғамға бейімдеп, дамытуға, қарым-қатынас жасауға үйретеміз. Педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінде тәлім алған балалар әрі қарай мектепке барып, қатардағы оқушы ретінде білім алады. Қарапайым майтабаннан туа бітті сал ауруына ұшыраған барлық балаларға кәсіби медициналық көмек ұсынылады, –дейді жоғарыда аталған мекеменің педагог-психологы Эльмира Әлиева.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретте: Көкшетау қаласындағы «Мейірім» балаларды оңалту орталығының сыртқы көрінісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар