Туберкулезді анықтаудың жаңа әдістері енгізілді

Туберкулезді ерте анықтау, көп дәрілікке төзімді туберкулезді тез анықтау аурумен күресудің басты мақсаты болып табылады. Бұл ауруды анықтау және оны емдеу – аса күрделі мәселе.

Дүниежүзінде осы аурумен ауыратын науқастар арасында көп дәрілікке төзімді туберкулездің (КДТ-ТБ) таралуы мен өлім-жітім санының жоғарылауы туралы үрейлі мәліметтерге сүйене отырып, туберкулезді және КДТ-туберкулезді анықтаудың жаңа, қолжетімді және жылдам диагностикалық әдістері жасалды және енгізілді.
Туберкулез диагностикасының заманауи молекулалық-генетикалық әдістері дәстүрлі әдістерге қарағанда жоғары сезімталдығымен және өзіндік өзгешелігімен ерекшеленеді, сонымен қатар, бұл әдіс биосубстраттарда туберкулез микобактерияларын қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік береді.
Ақмола облысында туберкулезді анықтауға аса оңтайлы және жетілдірілген болып саналатын Gene-Xpert MTB/RIF деп аталатын полимеразды тізбекті реакцияның (ПТР) жаңа молекулалық-генетикалық әдісі енгізілді.
Туберкулезді анықтау жұмыстары облыстың емханаларында екі сағат ішінде тегін жүзеге асырылады. ПТР диагностиканың көмегімен инфекцияны анықтап қана қоймай, адамға тиісті ем-дом тағайындап, оны уақытында оқшаулауға болады. Бұдан бөлек, бұл талдау микобактерияның негізгі туберкулезге қарсы дәрілерге төзімділігін зерттей алады. Осылайша ем-шараның дұрыс тізбегін қолдануға мүмкіндік береді.
Созылмалы ұзақ уақыт жалғасқан қақырықты жөтелі, қақырығында қаны бар, кеуде қуысы ауыратын, бациллярлық туберкулезді науқастармен байланысқа түскен, өкпесінде туберкулез секілді рентгенологиялық өзгерістері бар адамдар медициналық ұйымға жүгінген жағдайда ПТР диагностикадан өтеді.
Емхананың медициналық қызметкерлерінің міндеті туберкулез дертіне ұқсас шағымдарымен медициналық көмекке жүгінгендерді ПТР диагностикаға жіберу болып табылады.
Зауреш МЫРЗАХМЕТОВА,
Ақмола облыстық фтизио-пульмонология орталығы клиникалық- бактериологиялық зертханасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты,
жоғары санатты дәрігер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар