НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирусқа қарсы 232 препараттың құны орташа есеппен 27 пайызға төмендетілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Бүгінде еліміз дәрілік заттардың және медициналық бұйымдардың қажетті көлемімен толық қамтамасыз етілген. Ауруханаларда КВИ-ден емдеуге арналған дәрінің бір айлық қоры, ал «СҚ-Фармация» қоймаларында және дәріханаларда 2 айлық қоры жасақталған. Барлық өңірде 18 млрд теңгенің дәрілік заттарының тұрақтандыру қоры құрылған», — деді ол. Министрдің атап өтуінше, өткен жылдың тамыз айынан бері ауруханалар мен дәріханаларға жүктемені төмендету мақсатында КВИ-ден емдеуге арналған дәрінің 5 түрі амбулаторлық деңгейде тегін беріледі. Мұндай дәрілік заттардың 1 млн адамға жететін қоры бар. Сонымен қатар коронавирусқа қарсы 232 препараттың құны орташа есеппен 27 пайызға төмендетілген. «Медициналық маскалар орташа есеппен 20 теңгеден еркін сатылып жатыр. Қоймаларда 21,5 млн дана көлемінде жеткілікті қор бар. Медицина ұйымдары жеке қорғаныс заттарымен толық қамтамасыз етілген. Өңір әкімдіктері 3 айлық қор жасақтап қойды», — деді Алексей Цой.
https://www.inform.kz/kz/koronaviruspen-kures-dari-darmek-zhetkilikti-me_a3772765