Мысырда ел астанасы Каирден солтүстікке қарай орналасқан Кальюбия провинциясында пойыз рельстен шығып кетіп, 100-ден аса жолаушы жапа шекті. Бұл туралы осы елдің Al-Youm al-Sabia газетінде басылған провинция билігінің мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Алдын ала мәлімет бойынша пойыз апатының салдарынан 103 жолаушы жапа шекті» делінген хабарламада. Дерекке сай, Каир — Мансура бағытында жолға шыққан пойыз Тух теміржол станциясынан аттанғаннан бірнеше минут өткен соң оның вагондары рельстен шығып кеткен. Оқиға орнына жапа шеккен жолаушыларды жергілікті ауруханаларға жеткізу үшін 20 жедел жәрдем көлігі барған. Айта кетейік, наурыз айының соңында осы елде екі пойыздың соқтығысуы салдарынан 19 адам мерт болған еді және тағы 185 жолаушы жарақат алған.
Дереккөз: inform.kz