Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Украинаның Чернобыль АЭС-інде болған апаттың 35 жылдығы қарсаңында осы атом электр станциясындағы апаттың зардабын жоюға қатысқан ардагерлермен кездесіп, бейбіт елдің қаһармандарын мерекелік медальдармен марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті.
– Жылдар өтсе де, ел жүрегінен батырлық істер мәңгі өшпейді. Сіздердің өнегелі өмірлеріңіз бен ерен ерліктеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі екендігі анық. Әлемдегі алпауыт апаттардың бірінен саналатын бұл жойқын жаралыс Қазақстан халқы үшін де өшпес із қалдырды. Ел басына қауіп төнгенде тартынбай, сын сәтте қайсарлық танытқандарыңыз үшін, алғыс айтамын,– дей келіп, өңір басшысы бірқатар ардагерлерге салтанатты жағдайда мерекелік медальдарды тапсырды.
Чернобль АЭС-дағы апаттың зардаптарын жою кезінде көрсеткен ерлігі мен азаматтық борышын адал атқарғаны үшін Шалқарбек Баудинов «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен және «Чернобыль АЭС апатына 35 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталса, Анатолий Фортуна, Қайдар Сәдуақасов, Александр Рейн, Сергей Телицин, Жақсылық Жанғабылов, Қайрат Сәдуақасов, Александр Кулибаба, Марат Жетеровтарға да осындай мерекелік медальдар табыс етілді.
Кездесу барысында Ақмола облыстық «Чернобыльдің аса қауіпті аймақтарында болған мүгедектер мен ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Жетеров өңір басшысына ардагерлер атынан алғыс айта келіп, мерекелік медальмен естелік сыйлықты тарту етті.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.