«Ауызашар қоржыны» таратылды

Қасиетті Рамазан айында Науан хазірет мешітінің ұйымдастыруымен «Ауызашар қоржыны» қайырымдылық акциясы басталды. Аталмыш акция аясында бір жарым мыңға жуық адамға ауызашар беріліп, облыс орталығындағы бірқатар жоғары оқу орны мен колледждердің студенттеріне тегін ыстық тамақ үлестірілген.

Сонымен қатар, жергілікті мешіт қызметкерлері жастарға қасиетті айдың ұлылығын ұқтырып, қайырымды істерден қалыс қалмауға шақырады. Өз кезегінде студент-жастар да игі шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

«Ауызашар қоржыны» қайырымдылық акциясы кезінде тұрмысы төмен отбасылар да назардан тыс қалмады. Сөйтіп, жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен әлеуметтік жағынан аз қамтылған бірқатар отбасылардың үйлеріне де дәмдер таратылды.

– Қауіпті індет басталғанға дейін де орталық мешіт асханасында 300-ге жуық адамға ауызашар берілетін. Бұл үрдіс әлі де жалғасуда. Сондықтан, бұл шараға ауызашар бергісі келетін кез-келген адам қатысып, өз үлесін қоса алады. Оған қоса, арнайы тізім бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға да дәм үлестіріп жатырмыз, – дейді облыстық Науан хазірет мешітінің наиб имамы Серік Халықов.

Көпшіліктің көңілінен шыққан мұндай игі бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, тек тұрмысы төмен отбасылар ғана емес, көп балалы аналарды да толық қамтуды көздейді. Міне, осындай ізгілікке ат салысқан қайырымды жандар көбейе түссе, нұр үстіне нұр.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар