– Біз бүгін осындай киелі мекендерден нәр алып, алдыңғы буын ағалардай айтыстың туын жықпай, сөз өнерінің аламанында ақ боз атының маңдайы жарқырап, екі өңірдің де абыройын асқақтатып жүрген Мұхамед Қоңқаев туралы сөз қозғамақпыз. Мұхамед жас болса да аманат жүгін арқалаған, болашағынан зор үміт күттіретін өнерпаз. Таяуда ол наурыз айында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық айтыста бас жүлдені қанжығасына байлады. Бұл ақынның алғашқы жүлдесі емес. Он жылдан бері айтысқа түсіп, елуге жуық сөз додасында бақ сынаған ақын республикалық ақындар айтысының жүлдегері, аймақтық, облыстық, қалалық ақындар айтыстарының жеңімпазы болған. Біз таяуда ақын Мұхамед Қоңқаевпен жүздесіп, оның балалық шағы, өскен ортасы, алдағы жоспарлары туралы сұхбаттасып, әңгімеге тарттық.
– Мұхамед әңгімеміздің әлқиссасын балалық шағыңыздан, ат жалын тартып мінген туған жеріңізден бастасақ?..
– Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өткен Сырымбеттің саласында Дәуқара дейтін қазақтың қалың елі бар. Сол елдің тумасымын. Тарихқа зер салсақ Дәуқараны батырлар елі дейді екен. Әкемнің де, атамның да кіндік қаны тамған ауыл бұл. 2013 жылы Дәуқара орта мектебін тәмамдаған соң Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Содан бері Көкшетаудамын.
– Айтыс өнері атадан-балаға мұра болып келе жатқан асыл өнер деп айтып жатамыз. Қазақта «тегі жақсы тегін болмас» деген сөз бар. Сізге ақындық қабілет кімнен дарыды? Жалпы, айтыскер ақын болып қалыптасуыңызға ықпал еткен ел арасындағы өнерпаздар турасында әңгіме өрбіте отырсақ?..
– Менің туған әкем де, атам да ақын емес. Бірақ, ұлы атам Жағыпар мен оның туған бауырлары суырыпсалма ақын болыпты. Атамның бауырлары Нұрғали мен Құрманғали Ұлы Отан соғысына қатысқан адамдар. Ол кісілер қан майданнан елге деген сағыныш хатын өлеңмен жазып жібереді екен. Мұны күні бертінге дейін ел адамдары жыр қылып айтып отырады. Негізі арғы атамыз Арқа ақындарының аға сұлтаны атанған, Ақан сері мен Үкілі Ыбырайларға ұстаз болған Орынбай Бертағылұлы.
Бір қызығы мектеп оқушысы кезімде негізі жаратылыстану ғылымдарына көп бейім болдым. Былайша айтқанда, есепке жүйрік едім. Бірақ, туған атам менің болашақта ақын болатынымды сезді ме екен, кім білсін, маған үнемі қисса-дастандарды жаттатқызып, жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын оқытқызатын. Тіпті газетке өлең, мақала жаз деп қолқа салатын. Содан болар мектеп жасынан бері аудандық газетпен байланыс орнатып, өлеңдерім мен мақалаларымды жариялап жүрдім. Атам газеттерде берілетін теледидар бағдарламаларынан айтыс болатын уақытты қадағалап жүріп, мені жанына отырғызып қойып екеуіміз айтысты тамашалайтынбыз. Бірақ, өз басым ақын боламын деп ойлаған жоқпын. Алайда, атам көреген адам екен, менің сол кезде-ақ, өнерпаз болатынымды болжаған болуы керек.
Ал, өнерге ден қойып, ақын болып қалыптасуыма өз ықпалын тигізген бір адам болса, ол әрине, аталас ағам Қасым Нұрғалиұлы. Мен осы кісіні өзіме үлгі тұтамын һәм өнердегі ұстазым деп айтар едім.
Көкше жері ежелден сал-серілердің елі ғой. Сол себепті де осы киелі өлкені өнер ордасы деп біліп, мектепті тәмамдаған соң, Көкшетауға ат басын бұрдық. Жасырары жоқ, осы өңірдегі аға буын мені жатсынған жоқ, өз тәжірибелерімен бөлісіп, білгенін үйретті. Бірақ, осы кісі менің ұстазым деп дөп басып ешкімді айта алмаймын.
– Елдің абыройын аспандатып жүрген кез-келген талантты адамды халық өз баласындай көретіні бар. Қалай дегенмен де, «Ауылдастың аты озсын» деген қазақтың баласымыз ғой. Сізді көкшетаулықтар талантты ақынымыз деп аспандатса да, кейде байқап қаламыз, сіз Солтүстік Қазақстан облысының атынан додаға шығып, сол елдің мерейін асырып жатасыз. Осы орайда оқырмандардың да айтар назы бар. Жалпы, осы мәселенің анық-қанығына тоқталып, себебін айтып өтсеңіз?
– Жалпы сұрағыңыз өте орынды. Осы сұрақ қойылса екен деп ойлағам. Себебі, шынында да бұл мәселе турасында көп айтылып жүр. Түсінбейтінім, жайшылықта Көкшетау мен Қызылжар түйенің қос өркешіндей, төскейде малы, төсекте басы қосылған ажырамас елміз дейміз. Ал, осы өнерге келген сәтте бөліп-жарып тұратыны ұнамайды ағалардың. Елді бір мақсат, бір мүдде бағытында жұмылдыратын бірлік пен тұтастық қой.
Қызылжарлық Ерік Асқаровты көкшетаулықтар өз ұлындай көрді. Кеше Көкен атамыз бастаған ақындар мектебінде де Ерік аға өнер көрсетті. Мен де Ерік ағамдай қос өңірдің телқоңыры болсам несі айып?
Екі өлкені бөле жарып сөйлесем астамшылдық болар. Себебі, кіндік қаным тамған Дәуқара елі осы Солтүстік Қазақстанға қарайтыны бір бөлек, мені үлкен аламанға үкілеп қосқан осы Қызылжар өлкесі еді. Жүрсін Ерман ағамыз бастаған сол республикалық сөз додасына мені Қызылжар баптап қосқан болатын. Бұған дейін мен бір емес бірнеше рет Көкшетауда өткен айтыстарда ұйымдастырушыларға қолқа салып, біз де қатысып көрсек екен деп ниет білдірген болатынмын. Алайда, өтінішім аяқсыз қалған. Сол себепті де, Қызылжарды қалай жатсынамын. Қызылжар мен Көкшетау менің қос қанатымдай. Екеуі де жүрегімнің бөлшегі.
– Ойыңыз өте орынды. Алып-қосарымыз жоқ, әрине. Ендігі сұрақ өзіңіз жетекшілік ететін облыс орталығындағы Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебі турасында болмақ. Қазақстанның Халық ақыны Көкен Шәкейұлы көзі тірісінде өзі ұйымдастырған Көкшетау қаласындағы ақындар мектебін өзіңіз жандандырып, соңғы уақытта айтыс сахнасында жас буынның жарқ етіп көріне бастауы қуантады. Қазіргі таңда ақындар мектебінде қанша бала тәлім алуда? Жалпы, жас толқын аға буынның орнын алмастыра алады ма? Сабақтастық қалай жүріп жатыр?
– Мектептің жабылмай, жандануына Көкен Шәкеевтің төл шәкірті, ақын Құдайберлі Мырзабек пен айтыскер ақын Арман Бердалин зор үлестерін қоса білді. Осы мектепке кезінде екеуі де жетекшілік жасап, қаншама жас дарындардың бағын ашты. Университет бітірген соң, облыс орталығындағы Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне жұмысқа орналастым. Сол уақыттан бері мектеп жетекшілігін қолға алып, қазіргі таңда жаңа мазмұнмен жұмыс істеуге тырысып жатырмыз. Бұл күнде мектепте 25 шәкірт тәлім алуда. Айтыс және жазба поэзиясы бойынша негізгі екі бағытта білім беремін. Балаларға сабақ бере жүріп, айтыс өнері туралы жазылған әдістемелік құралдардың аз екендігін аңғардым. Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнері» деп аталатын кітабы қазіргі жастарға ауыр. Сосын әрі ойланып бері ойланып «Поэзияға қадам және айтысқа дайындық» атты оқу құралын жазып шықтым. Оқу құралының алғысөзін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жазып, айтыс өнеріне ден қойған жастар үшін аса қажетті әдістемелік құрал екендігін қуаттады. Әдістемелік құралды жарыққа шығар деп қолқа салған Қуаныш Оспан ағам еді. Сонымен қатар, кітаптың бір бөлігінде айтыста жиі кездесетін мақамдарды да нотаға түсіріп бастық. Осы істі қолына алып, көмектескен Біржан сал атындағы Көкшетау музыка колледжінің директоры Саян Болатұлы ағамызға да алғысым шексіз.
Біздің мектептің шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық әдеби байқаулар мен айтыс пен жыр мүшәйраларының жүлдегерлері атанып жүр. Дамир Бақытжан халықаралық әдеби байқауда бірінші орынға ие болса, Думан Самат аймақтық айтыста бас жүлдемен марапатталды. Абзал Жұмабек аймақтық айтыста екінші орын, Ұғылан Қарашаш облыстық мүшәйрада бірінші орын, Жансая Жұмабек халықаралық байқауда бас жүлде, Сая Тұрсынбек аймақтық айтыста бас жүлдені иеленгендігі көкөрім жастардың арасында болашағынан зор үміт күттіретін өнерпаздар бар екендігін аңғартады. Айта кетуіміз керек, біздің мектеп Қостанай облысының ақындар мектебімен, Алматы облысының ақындар сыныбымен, Петропавл қаласындағы Ерік Асқаров атындағы ақындар орталығымен шығармашылық байланыс орнатып, өзара тәжірибе алмасудамыз.
– Кезінде Көкен Шәкеев бастаған көшпелі ақындар мектебі өңіріміздің шалғай ауылдарын аралап, өз өнерлерін ортаға салатын. Бұл үрдісті қайта жаңғырту жоспарда жоқ па?
– Иә, дұрыс айтасыз. Жалпы айтыс десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ қой. Соңғы жылдары байқап жүргеніміздей облыс орталығы Көкшетаудың өзінде айтыс өтеді десе халық салтанат сарайына сыймай кетеді. Себебі, бізде республикалық деңгейде болсын, жалпы облыстық айтыстардың өзі сирек өтеді. Жасырары жоқ, ән меккесі, өлең өлкесі деп мақтанғанда сондаймыз алайда, осы айтыс өнерін қолдау мәселесіне келгенде кемшін тұстарымыз көп. Тіпті, кей-кейде оқушы балаларды айтысқа қатыстырамыз дегенде шапан таппай, кейде домбыра іздеп кетеміз. Осындайда өнерлі деген он ақынға арнап сахналық киім тігіп, оларға қолдау көрсетуге болмас па деген ой келеді. Жылына бір болсын өңіріміздегі тұғырлы тұлғалардың құрметіне республикалық айтыс өткізуді үрдіске айналдырып, дәстүрлі өткізіп отырсақ құба-құп болар еді.
Өткен жылы айтыскер ақын Арман Бердалин ағамызбен ақылдасып, сіз жоғарыда айтып өткен мәселе төңірегінде әңгімелескен едік. Өзіңіз білесіз, еліміздегі пандемия көптеген мәдени іс-шараларды тежеп отыр. Алла қаласа, ел кеселден құтылған соң ауыл-ауылды аралап, концерт қойсақ деген жоспар бар.
–Мағыналы әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Ұлмекен ШАМЕНОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.