Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел ішіндегі игі шаруа - АРҚА АЖАРЫ

Ел ішіндегі игі шаруа

Көрген жанның көңілін тоғайтатын көп-көрім шаруа атқарылып жатыр. Баспасөз туры барысында көктемгі егістің қарбаласы, мал төлдету, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту бағытындағы талай шаруаның куәгері болып қайттық. Бурабай, Бұланды, Біржан сал аудандарында ауыз толтырып айтуға әбден лайықты тіршілік тынысы бар екен.

Диқан қауым дала төсіндегі ырыздық жорығына қапысыз қамдану үстінде. «Көктемнің бір күні – жылға азық» деген мағыналы сөз әншейінде көп айтылғанымен, маңызын жоймайтындығы белгілі. Бурабай ауданындағы «Журавлевка-1» серіктестігі 53074 гектар жерге ие болып отыр. Оның 40 мыңнан астамы егістік алқап, 12923 гектары жайылымдық жер.
Серіктестік 2012 жылдан бері ақық дән өсіруден тәп-тәуір тәжірибе жинаған ұжым. Материалдық-техникалық базасы да мығым, яки, көктемгі егісті уақытында өткізуге, технологиялық талаптарды бұлжытпай орындауға қауқары әбден жететін сыңайлы. Әртүрлі маркадағы 90 тракторы бар, жұмысы өнімді 11 егіс кешені сақадай сай тұр. Жер дегдіп, күн жылынған соң топырақ өңдейтін 17 арнайы техника егіс алқаптарына шықпақ. Өткен жылы серіктестіктің егіс алқаптарының әр гектарынан 20,8 центнерден өнім жиналыпты. Еңбек тәжірибесі мықтап қалыптасқан диқандар егістік алқаптан 44,6 мың тонна дән жинаған. Бидайдан басқа арпа, бұршақ, рапс тәрізді дақылдар егіледі. Майлы дақылдар дәні 10 мың гектарға жуық алқапқа отырғызылмақ. Серіктестік 153 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың айлық еңбекақысы орта есеппен 110 мың теңгеден айналады. Шаруашылық басшылары елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына да қамқор.
–Халықтың жұмыс істеуге деген ынтасы өте зор, – дейді серіктестік басшысы Николай Радченко, – біз өз тарапымыздан озаттарды қолдап, ортақ іске жұмылдырып отырмыз. Ол үшін әрине, дала ерлерін ынталандыру керек.
Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, мол өнімнің негізі – сапалы тұқымға байланысты. Әрине, жер құнары да әсер ететіндігі даусыз. Ал, сол құнарлы жерге сапалы тұқым сіңірген диқанның ырыздықсыз қалмайтындығы даусыз. Шаруашылық өздеріне толығымен жететін тұқымды қоңыр күзден қамдап алған. Артылғанын көрші шаруашылықтарға сатып, демемек.
Егістік шаруашылығымен бірге аудандағы мал шаруашылығы да соны серпін алуда. Осы бір пікірімізге дәлел ретінде тиянақты жұмысымен ел назарына ілігіп тұрған «Абдрахманов» жеке кәсіпкерлігінің жұмысын ықшамдап айта кету орынды болмақ. 2011 жылы мал шаруашылығымен айналысуға ден қойған қожалық қанатын кеңге жайып, жыл сайын материалдық-техникалық базасын жетілдіру үстінде. Асылында облыстағы сүт өнімдерін молайтуға игі әсерін тигізетін де осындай тауарлы-сүт фермалары. Мұнда сүтті салқындататын және сақтайтын орын дайындалыпты. 7 миллион теңгеге Ресейден шығарылған салқындатқыш сатылып алынған. Сауын аппараты түріктердікі. Оған 25,3 миллион теңге қаражат жұмсалған. 500 сиырға дейін саууға мүмкіндік бар. Қазір сауын сиырдың әрқайсысы тәулігіне 20 литрден астам сүт беруде. Орташа есеппен әр сиырдан бір жылда 6500 литр сүт сауылады. 88 миллион теңгеге Чехиядан 96 бас асыл тұқымды мал алған. 60-ы монбельярд тұқымдас болса, 36-ы сүтті әрі етті симменталь. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы тағы да 109 бас асыл тұқымды мал алынған. «Ырыс» бағдарламасы арқылы 82 миллион теңгеге Словакиядан 53 бас қара мал жеткізілген. Міне, осылайша асыл тұқымды малдың артықшылығын қапысыз пайдаланып отыр. Өндірген сүтін Зеренді ауданына қарасты Садовый ауылындағы сүт зауытына жеткізеді. Мемлекет тарапынан малсақ қауымға көрсетілетін қамқорлық ұшан-теңіз. Мәселен, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында 2 999 350 мың теңге субсидия төленіпті. Өз төлі есебінен мал басын көбейтуде мүмкіндік бар. Жеке кәсіпкердің 699 гектар жері болса, оның 645 гектары шабындық, қалғаны
жайылым.
Тағы бір айта кетерлік жаңалық, жеке кәсіпкер мал азығын байытып дайындайтын зауыт салып алыпты. Өздерін толық қамтамасыз етуге қауқары әбден жетеді. Төңіректегі шаруашылықтарға да артылғанын сатып, пайда табуға әбден болады.
–Дақылдарды өзіміз өсіріп дайындаймыз, – дейді жеке кәсіпкер Болат Әбдірахманов, – пәлендей артық ештеңе жоқ, ғылыми негізделген мал азығы. Мал тұқымы асыл болғанымен, оның өнімділігі азығына байланысты.
Ауданда тасы өрге домалап тұрған шаруашылықтар баршылық. Соның бірі – «Шиелі Агро» серіктестігі. 2009 жылы өз жұмысын бастаған серіктестіктің қуаты 200 бас қара малға шақталған. Оған қоса астық дақылдарын өсірумен де айналысады. Биылғы жылы тауарлы-сүт фермасы ұйымдастырылыпты. Инвестициялық жобаның жалпы құны 350 миллион теңгені құрайды. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы симменталь асыл тұқымды 80 сиырды Чехиядан жеткізген. Ағымдағы жылы тағы да осы елден 70,5 миллион теңгеге ірі қара мал сатып алған. Қазір бағымда 169 бас мал бар, оның 80-і сауын сиыр. Малсақ қауым мал төлдету үстінде. 25 төл алыпты. Серіктестік қара малмен қоса 160 жылқы бағып отыр.
9 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен. Өткен жылы гектар берекесі 13 центнерден айналыпты.
–Егіншілік шаруашылығын ұдайы жетілдіріп отыру қажет, – дейді серіктестік директоры Әскер Баитов, – онсыз өнім көлемін молайту мүмкін емес. Егер жыл сайын жақсы өнім алып жатсақ, халыққа да қарайласып, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігіміз тиер еді.
Әлеуметтік жағдай демекші, ауданда бұл орайда да қадау-қадау жұмыстың жүзеге асырылып жатқандығын байқауға болады. Айталық, «КZ-Аян Батыр» серіктестігі. Серіктестіктің «Болашақ» балабақшасы қазақ және орыс тілдерінде жеткіншектерге тәлім-тәрбие беруде. 40 балаға шақталған бақшаның көлемі 320 шаршы метр. Іші кірсе шыққысыз болып жайнап тұр.
–Карантин кезінде сақтық талаптарын бұлжытпай орындаймыз, – дейді балабақша директоры Гаухар Байғожина, – бес жасқа дейінгі балалар тәрбиеленуде. Олардың денсаулығы көздің қарашығындай қадағаланады. Бағдарламаға сәйкес қалыптасуына барлық жағдайды жасап жатырмыз.
Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласында соңғы жылдары көпқабатты үйлер салына бастады. Дәл қазір бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Шағын қала үшін айта қаларлықтай жағымды жаңалық. Бұл үйде көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылары қоныстанатын болады. Халыққа жасалар қамқорлықтың негізгісі де осы емес пе?
Өсімдік майын өндіретін «Бота» серіктестігінің алып зауыты күзді күні пайдалануға берілмек. Бұл жобаның бір тиімдісі, жергілікті шаруашылықтардың өнімі өңделетін болады. Макинскінің өндіріс орындары шоғырланған қалаға айналатын түрі бар.
Әу бастағы «Politerm» атауы «Макинск жылу жамылғысы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып өзгергенімен, бағыт бұрынғы. Яки, құрылысқа қажетті, жергілікті жерде қасқалдақтың қанындай таптырмайтын жылу жамылғыларын дайындайды. Кәсіпорынның жылдық қуаты 34 мың тонна өнім шығаруға жетеді.
Серіктестік бүгінгі күні қаланың өсіп-өркендеуіне тәп-тәуір септігін тигізіп отырған кәсіпорын. Ең алдымен елге керегі жұмыс орны екендігі белгілі. Кәсіпорында қазір 150 адам тұрақты жұмыс істейді. Жұмысшылардың айлық еңбекақысы 210 мың теңге төңірегінде.
Біржан сал ауданында да алға ұмтылған тіршіліктің тынысын аңғаруға болады. Степняк қаласында қазір 21 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Шағын және орта кәсіпкерлікке де көңіл аударылған. Аудан орталығындағы «Эко-Фуд» дүкеніне мемлекеттік қолдау көрсетіліпті. Кәсіпкерлердің қолын байлап отырған жай, жаман тұмаудың қайта өршуі. Осы тақырыпты қаузап Үлгі ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке бас сұқтық. ФАП-та 6 медицина қызметкері селолық округтегі 5 елді мекеннің мың жарымға жуық тұрғындарына қызмет көрсетеді.
–Бүгінгі таңда вакцинация мәселесі өте өзекті болып тұр, – дейді ауданның бас дәрігері Сайлаубек Айтмағамбетов, – ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Әйтсе де, селолық округте 35 адам ғана вакцина алған екен. Демек, бұл орайдағы жұмысты мейлінше ширата түсу қажет.
Атам қазақ «бірінші байлық – денсаулық» деп тегін айтпаған. Үлгі ауылынан шығып Жөкей көлін жағалай көктеп өтсеңіз, аттанар жақ қанаттан ақшаңқан үйлер көрінеді. Бұл «Жұлдызды орман» деп аталатын биыл ғана қолға алынып жатқан жоба.
–Қарағайлы орманның бауырында саф ауамен тыныстап, жасыл шалғынды даланы кезіп, Жөкей көлінің жағасында суға түсіп, балық аулауға толық мүмкіндік бар, – дейді жоба жетекшісі Есенжол Алпысов, – біздің мақсат ішкі туризмді дамыту. Соған үлес қосу. Айналып келгенде адамдардың денсаулығын нығайтуға септігімізді тигізгіміз келеді.
Ел ішіндегі тіршілікті екшей баяндағанда, көңіл демдейтін көрініс осы. Қай тарапқа қарасаңыз да тырбанып тіршілік етіп жатқан халықты көресіз. Көресіз де, шүкір дейсіз. Оңынан оңғарылып жатқан шаруаны көріп, қуанудың өзі бір ғанибет!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар