Қазақстан зар заманның қиындығын көрген ұлттар мен ұлыстар өкілдері үшін ыстық өлке. Біз 1944 жылы Сталиннің әпербақан саясатының кесірінен осы жерден мекен таптық. Сенімсіздікке алдымен іліккен халықтардың ішінде шешен, ингуш, қарашай, балкар, түрік пен қалмақтар болды. Менің қарт ата-анам қазақ халқының жасаған қамқорлығын өле-өлгенше ауыздарынан тастамай кетті. Достықтың ізгілігі өмірі ұмытылмайды.
Осы мақсатта Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылындағы Мәдениет үйінде де Достық орталығы ашылған-ды. Өз шаңырағының астына көптеген ұлт өкілдерін жинаған жаңа орталық барлық ұлт өкілдерін ұйыстырып қана қоймай, оларға бір-бірінің тілін, ділін, мәдениетін үйренуге мол мүмкіндік беруде. Мен үшін осы ұйымның төрағасы болу да жауапты істің бірі. Аудандағы ұлтаралық келісімді нығайту, халықтардың тілдерін, дәстүрлерін, мәдениетін жаңғырту, отансүйгіштікке баулу мақсатында құрылған біздің орталығымыз береке мен бірліктің ұйытқысы болып отыр.
Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы өңірде тұратын барлық халықтардың салт-дәстүрі мен тілдерін жаңғыртудың, көпұлтты қоғамды нығайтуға бағытталған көптеген игі бастамалардың жаршысына айналды. Бүгінгі таңда елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс татулықта, ынтымағы жарасып, бейбіт өмір сүруде. Ауданымыздағы әр ұлттың өкілдері діндеріне, ұлттарына қарамастан, барлық мерекелерді бірге тойлайды, барлық шараларды бірге өткізеді. Осы жылдар ішінде Достық орталығының ұйымдастыруымен ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында дөңгелек үстел, мәдени-бұқаралық іс-шаралар атқарылды. Жыл сайын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында дәстүрлі фестиваль ұйымдастырылады. Ұлт өкілдерінің салт-дәстүрін, мәдениетін айшықтайтын қолөнер көрмесі өткізіледі. Бірлігіміздің арқасында барлық мерекелерде бас қосып, Наурыз, Сабантой, ұлттардың әдет-ғұрпы, дәстүрінен сыр шертетін келелі кездесулермен аудандағы мәдени шараларды бірге атқарамыз. Әр ұлттың өкілдері бір отбасындай болып, бауырласып кеткен деп айтуға болады.
«Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімнен артық ешқандай баға жоқ», деген Елбасымыздың сөзі әрбір қазақстандық азаматтың болашаққа деген сенімін нығайтып, көркейіп келе жатқан мемлекеті үшін мақтаныш сезімін тудырады. Әрбір қоғамның, мемлекеттің дамуы, болашағы халықтардың ынтымағы мен бірлігіне, достығы мен сеніміне байланысты.
Мен қазақ халқының мейiрбандығын, қонақжайлылығын, кеңпейiлдiлiгiн үнемi мақтан етiп келемiн. Жұбайым қазақ болғасын мен бұл жағын өте жақсы білемін. Асыл жарым Ғалия Елешқызы екеуіміз немере-шөберенің қызығына бөленіп отырмыз. Бақыт деген осы ғой.
Қазақстан баршамыз үшін қимас мекенге айналды. Осыншама ұлт пен ұлыстың өкiлi бiрге тұрып, бiрге жасап, бiр мақсатқа жұмылып өмiр сүрiп келе жатқандығы ұлтаралық келісім мен бірліктің нәтижесi.
Магомет СУКАЛОВ,
еңбек ардагері.
Суреттерде: Сукаловтар жанұясы.
Целиноград ауданы.