Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өзге ұлттың балаларына бақыт сыйлаған - АРҚА АЖАРЫ

Өзге ұлттың балаларына бақыт сыйлаған

Бүгінде біздің елімізде, соның ішінде біздің өңірде де бір шаңырақ астында тұрып жатқан әртүрлі ұлт өкілдері, яғни, интерноционалды отбасылар аз емес. Біз Қазақстан халқының Бірлігі күні қарсаңында орыс балаларын бауырларына басып, ата-ана махаббатына бөлеп отырған Зеренді ауданы Баратай ауылындағы ерлі-зайыпты Сайран Қазыбайұлы мен Гүлнәр Әміржанқызына хабарласып, бірлігі жарасқан отбасының өнегелі өмірі жайында әңгімелескен едік.

Ыбыраевтар отбасының Бақтияр, Алдияр және Еламан есімді үш ұлы бар екен. Ата-анасы осы арыстай ұлдарының артынан кішкентай қарындастары ерсе екен деп армандапты. Содан отанасы өзінің жасы келгеннен кейін отағасымен ақылдасып, балалар үйінен бір қыз баланы асырап алуға шешім қабылдайды. Сөйтіп, екеуі Ақкөлдегі балалар үйіне барады. Онда қазақ қыздары да бар болғанымен, олар балалар үйінде уақытша қалдырылуы секілді нақтылы себептерге байланысты өзге отбасыларына патронаттық тәрбиеге берілмепті. Осылайша әлеуметтік педагогерлі-зайыпты Ыбыраевтарға «Ұлтқа қарамаңыздар. Әке-шешесіз қалғандарына балалар кінәлі емес» деген орамды сөздерін айтып, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан Виктория, Иван және Евгений есімді бірге туған балаларды көрсетеді.
–Қыз баланы ғана асырап алу үшін барғанымызбен, Викторияны інілерінен айыруға арымыз жібермеді. Сөйтіп, үшеуін бірдей үйімізге алып келдік. Талап бойынша олар алғашқы бір жұма біздің үйде қонақта болды. Келісілген бір апта өтіп, оларды балалар үйіне апара жатқанымызда балалар бізді қимай, жол бойы ботадай боздап жылады. Біз де оларға аз уақыттың ішінде бауыр басып қалғандықтан, балалар үйінде қалдырғымыз келмеді. «Орыс балаларын асырап алып, қазақи, әрі мұсылманша тәрбие берсек қалай болар екен?» деп ауыл имамынан сұрағанымызда ол біздің бұл әрекетіміз екі есе сауап екенін айтты, – деген Ыбыраевтар отбасының бала асырап алу туралы ойларына өз ұлдары мен келіндері бір кісідей қолдау білдірген.
Осылайша олар 2015 жылы Ақкөл балалар үйінен Виктория, Евгений және Иван есімді ағайынды үш орыс баласын асырап алады. Ол кезде Иванның жасы небары бесте, Евгений жетіде, ал Виктория тоғызда еді. Әлбетте, әке-шешенің тәрбиесін көрмей жетіліп келе жатқан балаларға ақыл айту, жаңа отбасына бейімдеу оңайға соқпағаны анық. Десек те, ерлі-зайыпты Ыбыраевтар балалардың өмірі үшін асқан жауапкершілікті сезініп, олардың ата-ана махаббатын көріп өсуі, еліміздің бетке ұстар азаматтары мен азаматшалары болып жетілуі үшін «неге де болса төземіз, бәрін жеңеміз» деп алдарына нақты мақсат қойған.
Қазір сол балалардың қазақ отбасына бауыр басқандары соншалық, өздерінің сұрауымен ата-анасы оларға мешітте азан шақыртып, қазақша ат қойған. Үйдің кенжесі Иванға Олжас Сүлейменов атасындай елжанды азамат болсын деген тілекпен Олжас деп ат қойса, Евгенийді үнемі қатарының алды болсын, батыр болсын деген ізгі ниетпен Ерхан деп атапты. Ал, Виктория қазақтың көне, әрі көркем есімі Әйгерім деген атты таңдап алыпты. Жаңа есіммен жаңа отбасында жайлы өмір сүріп жатқан Олжас пен Ерхан бірде ата-анасына мұсылмандықпен жолмен сүндеттелгісі келетіндерін айтады. Бұған ерлі-зайыпты Ыбыраевтар бір жағынан қуанса, екінші жағынан балалардың ұлттары басқа болғандықтан, не істерлерін білмей, біраз уақыт екі ойлы болып жүріпті. Дегенмен, сүндет –тазалықтың, мұсылмандықтың белгісі болғандықтан, осы мәселені республикалық форумда талқыға салып, балаларды сүндеттеуге рұқсат алған.
­­–Балаларымды орыс деп ешкім айтпайды. Кәдімгі қазақтың қара домалақ балалары секілді. Халқымыздың мақал-мәтелдерін, өлеңдерді жатқа айтқанда кез-келген қазақ баласынан асып түседі. Әрине, оның бәрі үлкен еңбектің арқасында. Биыл балалардың келгеніне алты жыл. Осы алты жылда ыстық-суықтың бәрі болды. Небір қиыншылықты да, қуанышты да бастан кештік,­– дейді Гүлнәр Ыбыраева.
Дана халқымыз «Жетім көрсең жебей жүр» деп текке айтпаған. Бүгінде ерлі-зайыпты Ыбыраевтар кезінде осындай батыл қадамға барғандарына еш өкінбейді. Себебі, бауырларына басқан орыс балалары оларды туған ата-анасындай көріп, жетістіктерімен қуантуда. Балалар түрлі байқауларға қатысып, оқуда үздік нәтижелерге қол жеткізуде. Мәселен, Иван Клепцов мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері арасында өткен аудандық шығармашылық байқауында бірінші орынды иеленген, ал, байқаудың облыстық кезеңінде жүлделі екінші орыннан көрінген. Бауыры Евгений де мемлекеттік тілде жетік сөйлейді. Оның тілдер байқауында бірнеше мәрте жүлделі орындарды еншілеуі осы сөзімізге анық дәлел. Евгенийдің орындауындағы «Мен қазақпын» әнін ғаламтордағы you.tube арнасы арқылы 2 миллионнан астам адам сүйсініп тамашалапты. Аудан сахнасында өткен іс-шарада Евгений шырқаған осы әнді зал тік тұрып тыңдаған екен.
Осы күні Баратай негізгі мектебінде білім алып жатқан екеуінің де сабақ үлгерімдері жақсы. Өткен жылы сәуірдің 17-сінде Евгенийдің алғашқы мүшелден шыққаны карантинге байланысты атап өтілмей қалғандықтан, жуырда ата-анасы ұлдарының құрметіне кішігірім той жасап, Ерханға астанадан су жаңа мотоцикл сатып әперіпті. Ал, қазақ отбасына бала болғалы Абайдың өлеңдерін жаттап, қазақ тілінің тұнығынан сусындап өскен әпкелері Виктория бүгінде Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бірінші курста білім алып жатыр. Ата-анасы қыздарының келешекте жақсы тіл маманы болатынына сенімді. Биыл Виктория Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазмедиа» орталығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға шақырту алып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың алдында сөз сөйлеген екен.
–Балалар біздей ата-анаға кезіктіргені үшін тағдырларына риза болса, біз де оларға бақыт сыйлағанымызға, дұрыс тәрбие беріп келе жатқанымызға қуанамыз. «Кейде олардан туған әке-шешелеріңді сағынасыңдар ма, көргілерің келе ме?» деп сұрасам, олар «жоқ» деп жауап қатады. Кезінде әке-шешелері ішкілікке салынып, бауыр еті балаларын тағдыр тәлкегіне тастаса да, мен оларды сөкпеймін, жамандамаймын. Керісінше, балаларымен табыстыруға тырысып көрдім. Алайда, туған әке-шешелері ізім-қайым жоқ, –дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде.
Ыбыраевтар отбасы 2017 жылы «Мерейлі отбасы» байқауына да қатысып, екінші орынды жеңіп алған. Гүлнәр Ыбыраева бала тәрбиесіне қосқан өлшеусіз үлесі үшін Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталыпты.
Осы күні отағасы Сайран Зеренді аудандық ветеринария бөлімінде бас маман қызметін атқарады, ал, отанасы Гүлнәр Баратай ауылдық мектебінде аспаз болып жұмыс істейді. Бұған қоса, отбасы мал ұстайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Отан алдындағы әскери борыштарын абыроймен атқарып келген өздерінің екі ұлы да әскери бөлім басшылығынан ата-анасына жақсы тәрбие бергендері үшін алғыс хат әкеліпті. Бүгінде Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің соңғы курсында білім алып жатқан кіші ұлдары да ата-анасының мерейін өсіріп, екі мәрте Елбасының Алғыс хатымен марапатталған көрінеді.
Міне, осындай өнегелі, ырыс-ынтымағы жарасқан отбасында тәрбиеленіп жатқан Виктория, Иван және Евгений Клепцовтардың болашақтары жарқын болатынына сенімдіміз.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Баратай ауылы,
Зеренді ауданы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар