Бағалы тарихи жәдігерлер табылуда

Троицк ауылдық округіне қарасты Кеңөткел ауылының маңында Табиғи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының ұйымдастыруымен жүргізілген экспедициялар барысында бүгінге дейін зерттелген 6  қорғаннан 38 тарихи  жәдігер табылған.

Олардың ішінен ең ерекшесі қатарына бесінші қорғаннан алынған құмыраны атап өтуге  болады. Тарихи орындарды зерттеумен қатар, қалпына келтіру   жұмыстары да жүргізілуде. Қорғандарда өмір сүру кезеңі Андронов мәдениетімен байланыстырылған арий тайпасының белгілері бейнеленген. Олар көшіп-қону барысында осы өңірді мекендеген. Сала мамандарының мәлімдеуінше, арий тайпасының қорғандары біздің елде сирек кездеседі. Олар көбінесе Еуропа елдерінен табылатын көрінеді.

–Жұмыстар барысында біз 8 қыш ыдыс пен 30 қола бұйым таптық. Қошқарбай қорымында 150-ден  астам, солардың ішінде қола дәуірден орта ғасыр дәуіріне дейінгі, әртүрлі кезеңдерден мағлұмат беретін археологиялық  ескерткіштер бар. Сондай-ақ, қорғаннан адам сүйектері табылды. Біздің дәуірімізге дейінгі  3 мың жыл бұрын өмір сүрген бұл адамдардың денелері  ірі, әрі бойлары ұзын болған. Қорғандарды зерттеу жұмыстары жалғасуда, –дейді археологтар.

2007 жылы Көкшетау археология экспедициясымен бірлесіп, «Тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы» мемлекеттік мекемесі Кеңөткелдегі XVIII ғасырдағы  қорымына қорғау қазба жұмысын жүргізді. Қорым Кеңөткел ауылынан 500 метр шығысқа қарай, Қошқарбай өзенінің арнасынан 200 метр жерде орналасқан. Ескерткіштің аумағы жазық, өзенге қарай ығысқан. Сақина тәріздес үш қоршау анықталды. Олардың біреуі бүтін, қалған екеуі бүлінген. Қоршаудың аумағын шөп басып кеткені әр жағында анық көрінеді, әрбір жерде топырақты қабірлер, кейбіреулерінің үстінде жазық тастар жатыр. Қорым 2007 жылы жазғы кезеңде төртбұрышқа бөлініп қазылды. Қазба жұмыстары барлық аумақ бойынша жүргізілді. Негізінен, қазылған тік бұрышты қоршаулардың қабырғалары 2х2 метр және 2х4 метр.

Ақмолалық археологтар Кеңөткел қонысынан неолит дәуіріне тән қола және қыш бұйымдарын тапқан. Андронов мәдениетіне жататын бірнеше қорғандар да анықталған. Мамандардың айтуынша, жерлеу орындарынан табылған артефактілер 4 мың жыл бұрын осы аймақтағы өмір мен мәдениетті куәландыратын үлкен ғылыми құндылыққа ие.

Жалпылай алғанда, Кеңөткел қонысында 200-ге тарта археологиялық  ескерткіштер бар. Олардың барлығы өткен ғасырдың 80-ші жылдарында зерттеле бастады. Осы уақыт аралығында ғалымдар әрқайсының басты ерекшеліктерін, қай кезеңге  жататынын айқындай алды. Мұнда тас, қола, темір ғасырлары мен орта ғасырдағы ескерткіштер де анықталды.

Қоныстарда қазба жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Әр зерттеу сайын табылған заттар археологтарды таң қалдыруда. Соңғыларының бірінде  қыш ыдыстар, қола бұйымдар мен әшекейлердің фрагменттері табылған.

Қазіргі таңда археологтар зерттеу жұмыстарын мұражай қабырғасында   жалғастыруда. Табылған олжалар қалпына келтіріліп, зерттеліп, басқа тарихи материалдармен салыстырылатын болады. Осылайша ежелгі адамдардың өмірі мен мәдениеті туралы жаңа дәлелдер анықталады. Барлық артефактілер мұражай экспозицияларын толықтырмақшы.

Аудандық кітапхананың арқасында Кеңөткелге саяхат ұйымдастырылды. Ол  өте қызықты және ұмытылмас әсер  қалдырды.  Біз көптеген қызықты фактілерді білдік, киелі жерлерді өз көзімізбен көрдік. Өткен дәуірлердің таңғажайып әлемі осылай ашылады, ондағы киелі, мифологиялық орындар табиғат пен адамның өзара әрекеттесу әлемін, табиғатты түсінуге оң әсерін  тигізері   ақиқат.

                                                                 Марал  КУТУРОВА,
                                                      Шағалалы үлгілі ауылдық
                                                      кітапханасының кітапханашысы.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар