Боздақтар есімдері ескерткіш тақтадан ерлік болып тіл қатады

Қанай би ауылында Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестер құрметіне ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі  өтті. Салтанатты іс-шараға ауыл тұрғындары көптеп жиналып, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Адамзаттың тарихындағы ең сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл 78 жыл толды.  Қанай би ауылынан майданға 113 адам аттанып, аман оралған ардагерлер саны 47 адам, қаза тапқандар 66 адам болды.

Әрбір қазақтың санасында жаңғырып тұратын Ұлы Жеңіс күнімен бірге,  соғыстың қасіреті де ешқашан ұмытылмас. БүгіндеҚанай би ауылында ардагерлерге арналған ескерткіштің қойылуынаауыл тұрғындары мен тумалары бірден-бір себепкер болған екен. Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Закирьянов өзінің құттықтау сөзінде шараның маңыздылығына тоқталып, жиналғандарға алғысын білдірді.

−Ахмет Байтұрсынұлы айтқанындай, адамның ең қымбат нәрсесі жұрт қамы, жұрт ісі. Бүгінгі іс-шара Қанай би ауылының тұрғындарының  бірлесіп атқарған жұмысының жемісі. Осы ауылдан майданға аттанған соғыс ардагерлеріне арнап ескерткіш мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты  есімізде ешқашан ұмытылмайтын сәт. Барлық аталған есімдерге бүгін Құран бағыштап, оларды  еске аламыз. Атам қазақ айтқанындай, бірлік болмай, тірлік болмас. Қанай би ауылының дамуына өз үлесін қосып жатқан барша азаматтарға алғысымды білдіргім келеді,−деді әкімнің орынбасары.

Тағылымды іс-шараның құрметті қонақтары –Ақмола облысы бойынша Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық одағының төрағасы Ыбырай Дуанбай мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі,тарих ғылымдарының кандидаты Аманай Сейітқасымов  сөз сөйледі.

−Бүгінгі күні ауылда Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш ашылып жатыр. Облыс бойынша көзі тірі ардагерлерден бір адам ғана қалды. Сол кісілердің өкшесін басып келе жатқан облыстағы ауған соғысының ардагерлері бар. Бүгін бұл есте қаларлық тарих. Ауыл тұрғындарына айтатыным, мұндай ескерткішті ашып жатқандарыңызға көптен-көп рахмет,−деді өз сөзінде Дуанбай Ыбырай. Сөз сөйлегеннен кейінол  ауған соғысы ардагерлерінің атынан Қанай би ауылының имамы Асылбек Әбдірахмановқа «Қазақстан патриоты» медалін табыстады.

−Бүгінгі іс-шара міндетті түрде Қанай елінің тарихына кіреді. Бұл ауылдың тарихын жазып, кітап сыйласам деген ой бар. Әрине, Қанай би туралы бұған дейін Сәбит Мырзакелдіұлы, журналист Жанатай Бекенов, басқа да зиялылар  жазып өтті, дегенмен, олар тарихын жазған жоқ. Сондықтан, осыған байланысты кітап шығару ойымда бар. Әлі де болса зерттеуді қажет ететін, Қанай елінің  ашылмаған беттері көп.  Бірақ бүгінгі игі, ғанибетті іс құтты болсын. Мемориалдық кешеннің ашылғаны осы ауылдың жігіттерінің ынтымағын, бірлігін, елге деген сүйіспеншілігін, тарихқа деген құрметін, ардагерлерге деген тағзымын көрсетеді,−деді өз сөзінде Аманай Асылбайұлы.

Бұдан кейін ауған соғысының ардагері Қайрат Әлімжанов пен Қанай би ауылының тумалары Сағынай Есімов, имамАсылбек Әбдірахманов және жеке кәсіпкер, Ақмола облыстық «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Жарылғасов сөз сөйлеп, шараның қазақ елінің тарихына деген құрметін көрсететіндігін атап өтіп, оның мәні мен мазмұнына, елдік сипатына тереңнен тоқталды.

Іс-шара соңында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестерді бір минуттық үнсіздікпен еске алу мен гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, маңызды шара концерттік бағдарламамен аяқталды.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар