Қайырымдылық жарысы көңілден шықты

Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы облыстық еріктілер және жастар ұйымдары арасында футболдан «FootJas-2023» қайырымдылық жарысын өткізді. Бұл игі іске «Еріктілерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесі де тікелей ат салысты.

– Жарысты өткізудегі мақсат – футбол ойынын жастар арасында кеңінен насихаттап, барлық жастағы еріктілер мен белсенділер арасында салауатты өмір салтының маңызын арттыру болып табылады. Жарысқа өңірдегі волонтерлік және жастар ұйымдарынан 10 команда қатысып, әр команда 5 ойыншыдан тұрды. Атап айтсақ, облысымыздың Астрахан, Атбасар, Зеренді аудандары және Көкшетау, Қосшы қалаларының спортшыларын жинаған турнир өте қызықты әрі тартысты өтті. Турнирге қатысқан әрбір команда жеңіске деген ынта мен жігер танытып, жақсы ойын өрнегін көрсетті. Аталмыш қайырымдылық турнирі екінші жыл қатарынан өткізіліп, әр командадан жиналған жарна қайырымдылыққа жұмсалатын болды. Қатысқан жастарға алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта да турнир өз жалғасын табады деген үміттеміз, – дейді Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков.

Ойын қорытындысы бойынша үшінші орын Көкшетау қаласының «Казмеджастары» командасына бұйырса, Атбасар ауданынан келген «Құлагер» командасы екінші орыннан көрінді. Ал, Астрахан ауданының құрама командасы турнир жеңімпазы атанды. Жеңімпаз және жүлдегер командалар грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар