Каолин өндірісі қайта жанданды

Жағымды жаңалық

Бірлестік ауылында «Qazaq Kaolin» ЖШС-інің каолин байыту фабрикасының ашылу салтанатына Ақмола облысы əкімінің орынбасары Ернар Жаркешов, жаңа кəсіпорынның бас директоры Марат Хасенов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Араға көп жылдар салып, бұрынғы каолин өндірісінің қайта жандану қуанышына мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастығының өкілдері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. «Qazaq Kaolin» кәсіпорны –  облысымызға инвестиция тарту бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың кезекті нәтижесі. Кеңес Одағы кезіндегі бұрынғы фабрика экономикалық байланыстардың үзілуінен ұзақ уақыт бойы жұмыс істемей тұрды. Инвестордың келуі нәтижесінде бүгінде бұл мәселе өз шешімін тапты, сөйтіп, өндіріс қайта жанданып, жаңа серпін алды.

Ернар Жаркешов осындай бірлескен жобалардың арқасында өңірде жаңа өндіріс және жұмыс орындары ашылып, экономика жанданып келе жатқандығын атап өтті.

Шара барысында жобаның еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңызы ерекше ауызға алынды. Алғашқы кезеңде кәсіпорында шамамен 90 жұмыс орны ашылып, орташа жалақы көлемі 650 мың теңгені құрайтын болады. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып,  жоғары қосылған құны бар өнімдерді, оның ішінде керамикалық плитка мен өзге де құрылыс материалдарын өндіруге арналған шикізатты шығару жоспарланып отыр.

Салтанатты шараға қатысушылар әлемдік және отандық жетекші өндірушілердің жоғары технологиялық жабдықтарымен жарақтандырылған жаңа өндірістік кешеннің жұмысымен танысты. Экскурсия барысында байытылған каолиннің алғашқы өнеркәсіптік партиясын өндіру үдерісі көрсетілді.

–Бүгін біз жай ғана фабриканы іске қосып отырған жоқпыз. Біз жаңа өндірісті, жаңа жұмыс орындарын ашып, Ақмола өңірі мен Қазақстанның отандық өнеркәсібін дамытуға жаңа мүмкіндіктер қарастырып отырмыз, – деді өз сөзінде «Qazaq Kaolin» ЖШС-інің бас директоры Марат Хасенов.

Айта кетейік, жаңа кәсіпорын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өзі орналасқан  Бірлестік ауылы мен көршілес Қонысбай ауылына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда, бұл елді мекендерде қосалқы электр станциясы мен электр желілері жаңғыртылып, көше жарығы жөнделді, мектептер, балабақшалар және ойын алаңдары жөндеуден өтті. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар басқа іс-шараларға да тұрақты қолдау көрсетілуде.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар