Көркі иен даланың құмай тазы

Табиғаты тамылжыған Зеренді ауданында тұңғыш рет желмен жарысқан құмай тазылардың «Шырға тарту» жарысы өткізілді. Бағзы заманның бедерлі бейнесі қайта оралған тәрізді болып көрінген жарыс жалпақ жұрттың назарын аударып, жеті қазынаның біріне деген сүйіспеншіліктерін молайта түсті.

Бұл жолғы бәсекеге Астана, Қарағанды, Балқаш қалаларынан елуден астам саятшы қатысты. Бір кезде тұқымы тұздай құрып кете жаздаған қазақы тазылардың бағы қайта жанып, даланың көркіне айналуда. Бірінен-бірі өткен ұшқыр, төрт аяқтының ішінде алдына қара салмас жүйрік. Көзіне көрінген аңды босатпайтындай жұтынып тұр. Әйтсе де, тұла бойларында маңғаздық басым, сабырлы, салмақты. Бір-біріне азу тісін ақситып ырылдау, талап тастайтындай тепсіну жоқ.

Жарысқа қатысуға жаратып тазы әкелген Балқаш қаласының тұрғыны Ерлан Шыныбеков ел соңғы кезде ғана тұқымын асылдандыруды қолға алып жатқан құмай тазыларды бала кезінен баптаған азамат екен. Қазір үш тазысы бар. Көкшенің баурайындағы шырға тартуға Көкдауыл атты тазысын әкеліпті. Кіл мықтының ішінде үшінші орынды иеленді.

–Біздің Балқаш маңында тазы ұстап, тұқымын асылдандыруға талпынып жүрген азаматтар аз емес, –дейді Ерлан Шыныбеков, – арыдағы саяткер бабаларымыз тазыны текке қадірлемеген ғой. Менің ойымша ит атауының ішіндегі тектісі, дегдары осы тазы. Тек күшік кезінен бастап дұрыс тәрбиелеу керек.

Бір айта кетерлігі, соңғы уақытта ит жүгіртіп, саятшылық құруға ниетті жастардың қатары көбейіп келеді. Олар көшпелі өмір салтының көне мұрасын жаңғыртып, жетілдіруге өз үлестерін қосуда.

–Мен қазақы тазы ғана ұстаймын. 2004 жылы тұңғыш рет Тұйғын атты тазыға ие болдым. Ұшқырлығын, жүйріктігін төңіректегі ауыл адамдарына көрсетіп, өзім білетін қасиеттерін айтып жүрдім. Таза қанды тазы ешқашан малға шаппайды. Қанша аш болса да, тамақ ұрламайды. Аты ит болғанымен, бекзат. Мен осы қасиеттеріне сүйсінемін. Әкем де ит жүгірткен аңшы болған адам. Біз сол ұлы дәстүрді жалғастырушылармыз.

Шырға тарту барысында құмай тазылар жас ерекшеліктеріне байланысты екі топқа бөлінді. Бір рет қар басқандар 800 метрді еңсерсе, ересек тазылар мың метр қашықтықта жарысты. Жарыс бес айналымнан тұрды. Әр айналым сайын бес тазының ішіндегі жүйрігі ақтық сынға жолдама алды.

–Біз осы тазылардың жарысын ұйымдастыру арқылы ата дәстүрді дәріптеп, халқымыздың болмысын насихаттауды мақсат еттік, – дейді Зеренді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмат Балтағарин.

Тартысты өткен жарыста астаналық Сансызбай Қожахметовтың баптаған тазысы өзге тұқымдастарын қапталына келтірмеді. Жарыс соңында ит баптап, игі іс атқарып жүрген итбегілер лайықты сыйлықтарға ие болды.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар