Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың өршуіне байланысты «қызыл» аймақта қалып отыр. Пандемия басталғаннан бері облыста COVID-19 індетінен зертханалық жолмен расталған 18 863 жағдай тіркелген. Ал, өткен бір тәулік ішінде коронавирус пандемиясын жұқтырған 130-дан астам жағдай зертханалық жолмен расталып отыр.
Оның 91-і симптомды болса, 45-і симптомсыз. Алайда, бәрі қауіпті індетті тасымалдаушылар. Аурудың жиілігі тәулігіне 0,7 пайызға өскені алаңдатады. Мәселен, сәуірде наурызбен салыстырғанда өсім 30 пайыз болған. Наурызда қауіпті індеттен 1715 адам ауырса, сәуірде бұл көрсеткіш 3074 адамға жеткен. Бурабай ауданы 533 жағдаймен көш бастап тұрса, одан кейінгі орындарда 497 жағдаймен Көкшетау қаласы, 372 жағдаймен Аршалы ауданы, 231 жағдаймен Целиноград ауданы, 199 жағдаймен Атбасар аудандары.
Облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Қоралжын, Целиноград және Біржан сал аудандарынан басқа барлық аудандар «қызыл» аймақта қалып отыр.
Оқу жылының басынан бастап оқушылар арасында COVID-19-дан зертханалық жолмен расталған 1 368 жағдай тіркелсе, оның 558-і тұрақты режимде, 810-ы қашықтықтан оқытуда тіркелген. Соңғы аптада мектеп оқушылары арасында коронавирустық инфекцияның 258 жағдайы, ал, соңғы бір тәулікте 27 жағдайы тіркелген. Оның басым дені онлайн режимінде анықталып отыр. Оқу жылының басынан бастап жалпы білім беретін мектептердегі қызметкерлер арасында да 522 жағдай тіркелгені алаңдатады.
Қазіргі уақытта коронавирустық инфекцияның тіркелуіне байланысты 7 мектеп қашықтықтан оқытуға көшірілген. Олардың екеуі Зеренді ауданынан болса, Ақкөл мен Қорғалжын аудандарында бір-бір мектептен, ал, үшеуі Бурабай ауданынан.
Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, облыста балалар арасында COVID-19-дың тіркеу фактілерінің жиілеуі бойынша эпидемияға қарсы шаралар кешені жүргізілуде.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.