«Жасыл желек – жердің көркі» деп текке айтылмаған. Көгалдандыру жұмыстарына елімізде әрдайым үлкен көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өткен жылғы халыққа арнаған Жолдауында да экология, оның ішінде көгалдандыру жайына арнайы тоқталып, атқарушы органдарға нақты міндеттер жүктелген.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің қызметкерлері осы игі іске өз үлестерін қосу мақсатында Ақмола облысының «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің бас-тамасымен ұйымдастырылған «Көкшетау – көк қарағай мекені» экологиялық акциясын бастады.
Департамент басшысы Берген Беспалинов бас болып, барлық ұжым мүшелері қатысқан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырып өткізілген бұл акция Көкшетау қаласындағы Абылай хан даңғылы мен Төлеу Сүлейменов көшесінің қиылысындағы «Арқар» мүсіндік композициясының жанындағы шағын саябаққа 30 жас қарағай көшеттерін отырғызудан басталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қарағайды таңдау себебі, бұл ағаштар кез-келген жерде тамыр жайып, тез өседі. Сонымен қатар, ауаға пайдалы заттарды шығарып, оны көптеген қоздырғыштардан тазартады.
Бұл акция биыл осымен екінші жыл жалғасып отыр. Оған қала тұрғындары, шағын және ірі кәсіпорындардың өкілдері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері де қатысуда.
Қ.КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.