«Ashyq» жобасы алғашқы нәтижесін бере бастады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина эпидемиологиялық жағдай мен вакцинациялаудың барысы, ал, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жаслан Айдырахманов «Ashyq» жобасын іске қосудың алғашқы нәтижелері туралы баяндады.

Жаслан Айдырахманов өз сөзінде өңірлік кәсіпкерлер палатасымен және облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп, облыс аумағында «Ashyq» жобасын енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
–Аталмыш жобаны енгізудің негізгі мақсаты – ауру жұқтырғандардың қоғамдық орындарға бару мүмкіндігін шектеу, карантиндік шектеу кезінде кезінде азаматтардың ауру жұқтыру тәуекелсіздігінсіз шағын және орта бизнестің жұмысын қалпына келтіру. Бүгінгі күні бұл жоба фитнес-клуб, спа-орталық, сауна, бассейн, компьютерлік клуб, боулинг-клуб, кинотеатр, театр және филармония, банкеттік залдан өзге қоғамдық тамақтандыру нысаны, асхана, фаст-фуд, стрит-фуд тәрізді нысандарда жүзеге асырылуда. Оның ішіне облыс және қалааралық туристер тасымалдау, бильярд клубтары және концерт залдары кіреді.
5 мамырдан бастап караоке мен банкет залдарын «жасыл» аймаққа енгізу жоспарланды. Бұл жобаға Ақмола облысында Көкшетау мен Степногорск қалалары енгізілді. Осы екі қала бойынша 48 QR-код берілді,–деген Жаслан Айдырахманов жобаға енгізілген нысандардың саны және олардың жұмыс істейтін уақыты жөнінде айтып берді. «Ashyq» жобасына қатысушылардың тізімі облыс әкімдігінің ресми интернет-ресурсында жарияланған екен. Айнагүл Мусина:
–Ақмола облысы ауру жұқтырғандар саны бойынша үш апта «қызыл аймақта» тұр. Мәселен, Бурабай ауданында 492 адам, Көкшетау қаласында 475 адам, Аршалы ауданында 316 адам ауру жұқтырған. Бұл ауру санының көбеюіне күннің жылуы, көпшілік шаралар өткізу, маскалық режим және әлеуметтік ара қашықтықты сақтамау себепкер болып отыр, –деді. Ал, екпе мәселесіне келсек, 27 сәуірге дейін «Спутник-V» вакцинасының 30900 дозасы және «QazVac» отандық вакцинасының 2000 дозасы келіп түсіпті. Екі вакцинаның иммунизациялау үрдісі бірдей екен. Тек айырмашылығы ампулдағы доза санында және тасымалдауында болып отыр. Қазақстандық вакцинаның 500 дозасы екі күн ішінде егіліпті.
–Вакцинация жүргізу үшін 86 егу бекеті, 26 сыртқа шығатын жедел егу бригадасы тартылған. Шалғайдағы елді мекендер үшін әкелінетін вакцина көлемі өсетін болса, 11 жылжымалы медициналық кешен іске қосылады. «РИО», «ЦУМ», «Кристал» сауда орталықтарында және Науан хазірет атындағы орталық мешітте егу пункттері жұмыс істейді,–деді Айнагүл Мусина. Брифинг соңында аталмыш басшылар журналистердің қойған сауалдарына нақты жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар