Ұлы Жеңіс күні Зеренді ауданындағы Қызылқайнар ауылында 1941-1945 жылдары Отан үшін от кешіп, майдан даласында опат болған боздақтар мен елге Жеңіспен оралған майдангерлерге және осы күнді жақындатуға үлес қосқан тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткіш-стелланың ашылу салтанаты болып өтті.
«Nur Otan» ғпартиясы Зеренді аумақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Руслан Әбдулахитов, облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Сұлтанов, Викторовка ауылдық округінің әкімі Виктор Рукавишников, Зеренді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының орынбасары Бақыт Шоқпаров, Зеренді ауданының бас имамы Хабзат Бауыржанов, ауыл ақсақалдары мен тумалары көптеп қатысқан осынау игілікті шара Қазақстан Республикасы Әнұранының орындалуымен басталды. Шашу шашылып, ескерткіш-стелланың көк лентасы қиылғаннан кейін аруақтарға бағышталып құран оқылды.
Руслан Әбдулахитов құттықтау сөз сөйлеп, соғыс жылдары қызылқайнарлықтардың басына түскен алапат қиындықтар мен қайғы қасірет елдің елдігін, ердің ерлігін танытқанын айтты.
– Фашизмді талқандап Ұлы Жеңіске үлес қосқан жерлестеріміздің есімдері ешқашанда ұмытылмайды. Біздің басты міндетіміз – олардың ерлігін мәңгі есте қалдыру. Соғыс салған жара оңайлықпен жазылмайды, – деді ол.
Бұдан кейін Қайрат Сұлтанов, Виктор Рукавишников, «Викторовка» серіктестінің директоры Виталий Гончаров, «Арғын Қарауыл» қорының төрағасы Жомарт Досмұқанов құттықтау сөз сөйлеп, ескерткіш стелланы жаңартуға атсалысқан ауыл тумаларына алғысын білдірді. Тыл еңбеккері Сабырбек қажы Хамзин өз сөзінде соғыс жылдарының ауыртпалығы ауыл тумаларына да оңайға түспегенін, қаршадай баладан еңкейген қарияға дейін Отанын қорғауға ұмтылғанын айтты.
– Сұм соғыс басталғанда екінші сыныпта оқитынмын. Әкем халық жауы атанып, үлкен ағамның қолында өстім. Ол да ауылдың 105 азаматының ішінде қолына қару алып майданға аттанды. Тылда да адамдар майдан даласындағыдай Жеңіс үшін жанқиярлықпен еңбек етті. Соғыс жылдарында Қызылқайнар ауылына қоныс аударған неміс пен ингуш ұлттарының өкілдеріне де жағдай жасалды,–деген ауыл ақсақалы сонау соғыс жылдарында Қорған мен Петропавлға жаяу мал айдағанын есіне алды. Облыстық салық органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Теңбай Ыбыраев ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесін тыңдап, осынау игі істі жүзеге асырған ауыл жастарына алғысын білдірді. Ауыл ақсақалы Пішенбай Мұқанов алапат соғыс ауыл тұрғындарына орны толмас, өшпес қайғы мен қасірет әкелгенін айтты.
– Соғыс басталғанда 12 жаста едім. Сол кезде ауылда 80 үй болатын. Бірде аудан прокуроры келіп, 18-35 жас аралығындағы азаматтарды жинап әкетті. Қанды майданнан ауылдың 57 азаматы оралмады. 48 жауынгер, оның ішінде кейбіреуі мүгедек болып елге оралды. Соғыс зардабы ауылдың әр отбасына соқпай кеткен жоқ,–деген ақсақал ауыл тарихынан сыр шертетін өзінің кітабын осынау игілікті іске белсене араласқан азаматтарға сыйлады. Ауыл тумалары Балқожа Жанәділов пен Қоныспай Сартаев та сөз сөйлеп, игілікті іске араласқан ауыл азаматтарына алғысын білдірді.
Салтанатты шара мерекелік концерт бағдарламасымен жалғасын тапты.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.